Театр фестивалінің жүлдегерлері анықталды
М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевқа арналған «Театр көктемі – 2011» атты фестивальдің нәтижелерін жариялады. Естеріңізге сала кетсек, фестивальға арнайы дайындалған бес репертуар қатысқан еді.
1995 жылдан дәстүрлі түрде үзілмей өтіп келе жатқан театр фестивалі биыл өзін халыққа тағы да жаңа қырынан көрсетуге тырысты. Дегенмен де бәйгеге төрағалық еткен белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай қойылымдарда кездескен актерлік қателіктерді де жасырмай, ағалық ақылын айтты. – Жас актерлар классикалық туындының кейіпкерін сомдағанда, үлкен дайындықпен келуі керек. Классика көнермейтін дүние болған соң, оған талап өте күшті. Сондықтан да биылғы театр фестивалінде бір кісінің көңіліне тиетіндей кемшіліктер болды, – деп жас әртістерді қамшылағандай болды. Сонымен, қазақ драматургиясының тарихына жаңа есімдер жазылып, төмендегі әртістер 30-60 мың теңге аралығындағы ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Олар:
Салтанат Бақаеваға «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» қойылымындағы Эля рөлі үшін – «Тұсаукесер» жүлдесі.
Саяжан Құлымбетоваға «Үйлену» қойылымындағы Дуняша рөлі үшін – «Тұсаукесер» жүлдесі.
Гүлнұр Шыңғысоваға «Абай» қойылымындағы Мағыш рөлі үшін – «Үміт» жүлдесі.
Шалқар Үркімбаевқа «Қылмыскерге – куәлік» қойылымындағы Табан рөлін сомдағаны үшін – «Көкейдегі кейіпкер» жүлдесі.
Күнсұлу Шаяхметоваға «Үйлену» қойылымындағы Агафья Тихоновна рөлін сомдағаны үшін – «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі.
Мұрат Нұрәсіловке «Қылмыскерге – куәлік» қойылымындағы Әкім рөлін сомдағаны үшін – «Есте қалар кейіпкер» жүлдесі.
Берік Айтжановқа «Абай» қойылымындағы Әбіш рөлі үшін – «Кейіпкерге сүйіспеншілік» жүлдесі.
Айдос Бектемірге «Еңлік – Кебек» қойылымындағы Кеңгірбай рөлі үшін – «Сахналық дәстүр сабақтастығы» жүлдесі.
Данагүл Темірсұлтановаға «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» қойылымындағы Апа рөлі үшін – «Сахналық үйлесім, актерлік дуэт» жүлдесі.
Бақтияр Қожаға «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» қойылымындағы Ата рөлі үшін – «Сахналық үйлесім, актерлік дуэт» жүлдесі.
Еркебұлан Дайыровқа «Абай» қойылымындағы Айдар рөлі үшін – «Екінші кезектегі ер адам» жүлдесі.
Дулыға Ақмолдаға «Абай» қойылымындағы Керім рөлі үшін – «Екінші кезектегі ер адам» жүлдесі.
Баян Қажнәбиеваға «Абай» қойылымындағы Ажар рөлі үшін «Екінші кезектегі әйел адам» жүлдесі.
Қымбат Тілеуоваға «Абай» қойылымындағы Қанікей рөлі үшін – «Екінші кезектегі әйел адам» жүлдесі.
Ерлан Біләл «Абай» қойылымындағы Абай рөлі үшін – «Абай әлемі – сахна сәні» атты бас жүлдеге лайықты деп танылып Түркия еліне екі кісілік жолдаманы жеңіп алды. Сонымен қатар театр өмірін кеңінен насихаттағаны үшін бір топ БАҚ қызметкерлері де марапатталды.