Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы еліміздің әрбір азаматы үшін қашанда қарымынан қуат, қоғамынан сауат ескен мемлекеттіліктің айшықты белгісі болған Қазақстан Тәуелсіздігінің айтулы 20 жылдығы қарсаңында елордада сәулет туындысын тұрғызу идеясының нәтижесінде Астанада асқақ рухымыздың тағы бір символы – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы бой көтермек. Осы орайда, біз қалың оқырманға осы бір ерекше құрылыстың жан-жақты сипаттамасын ұсынып отырмыз.
Салтанат қақпасы – әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік-монументалды туынды. Әдетте мұндай қақпа жеңіс рухын асқақтату немесе жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіреберісіне, үлкен жолдың бойына орнатылады.
Ал тарихи тұрғыдан қарап, «Мәңгілік ел» сөздерінің мағынасына үңілсек, сонау XII–XIII ғасырларға шолу жасап, тарихтағы Шыңғысханның 25 жыл көлемінде-ақ Рим империясынан екі есе үлкен мемлекет құрып, мәңгі ел құру арманы мен идеологиясын іске асыруды мақсат тұтқандығын көре аламыз.
«Моңғол» сөзін талқылай отырып, қытай шежірелерінде кездесетін тұңғыш дерек саналып жүрген VIII ғасырдағы «Тан шу» кітабындағы «менъу» (мен гу) сөзіне тоқталмауға болмайды. Осы дерекке сүйенген әлем тарихшылары моңғолдың бұрыннан бар этнос екенін айтуда. Бұл сөзді (мен гу) қытайлар «ежелгілер, ежелгіні сақтаушылар» деген мағынадағы иероглифтермен белгілепті. Ал, сайып келгенде, «сақталынған, ежелгі» дегеннің мағынасы бәрібір «мәңгі, мәңгілік» екені сөзсіз.
Шыңғысхан мемлекетінің тарихын зерттеген орыс аудармашылары бойынша «Мёнкэ-Кёкё-Тенгрин» сөзі «Вечное Синее Небо», яғни «Мәңгі Көк Тәңірі» деген мағынаны білдіріп, Тәңірі, Құдай, Алла сөздерінің синонимі екендігін ұғындырады.
Рашид ад-диннің де «Жамиғ-ат-Тауарихында»: «Большую часть тюрков теперь называют монголами» деуі түріктердің үлкен бөлігінің әп-сәтте ассимиляцияға ұшырап, «моңғол этносы болып кетуінен» емес, «Мәңгі ел» деген бірлестіктің, одақтың халқы болды деген ұғымды білдірген екен.
Салтанат қақпалары мемлекеттің жеңіс жолында қол жеткізген тәуелсіздік символы болып саналатыны сөзсіз.
Ресейде 1714 жылдың 9 қыркүйегінде Ұлы Петр жаңа астана – Санкт-Петербургтің салына басталуының және теңіз жеңістерінің құрметіне салтанатты түрде Триумфалды арканы ашқан.
Үндістанға кіретін Триумфалды қақпалар (Gateway of India ағылш.) – араб-үнді стилінде Бомбейдің теңіз жағалауында тұрғызылған 26 метрлік базальтты арка Үндістанның тәуелсіздік алуының символы болып саналады.
Көне Қазақстан тарихында Күлтегін құрметіне арналған жазбаларда Түрік Қағанатының Естеми, Бумын қаған қатарлы баһадүр билеушілер Темір қақпадан Шань-дунь жазығына дейін, Тибеттен Байкал көліне дейінгі аса байтақ өңірде мекен етіп, билік құрып, қол жеткізген жеңістері ата-бабаларымыздың теңдессіз жорық жолын көрсетеді.
1771 жылы Абылай хан әйгілі «Шаңды жорықтан» кейін Түркістан қаласында ақ киізге отырғызылып, үш жүздің ханы деп жарияланды. Есіл және Нұра өзендерінің жағалауында ту тіккен Хан Ордасына оралғаннан кейін Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған дана билер Абылай ханды өзі шығарған атақты жеңіс маршы – «Терісқақпай» күйін орындауымен қарсы алған. Белгілі қазақ музыкасы тарихын зерттеуші А.Затаевич осы музыка туындысы туралы: «...Қазақтардың түсіндіруі бойынша, Абылай ханның салтанатты шерулері кезінде бұл күйді атты домбырашылар ойнайды», – деп жазған екен.
Ескі аңыз бойынша, жоңғар басқыншыларымен күрестегі орасан жеңіске орай, Салқам Жәңгір ханның бұйрығымен әйгілі қолбасшы, Самарқанның билеушісі Жалаңтөс Баһадүр Есіл бойында Қараөткел тас көпірін салған екен. Сол Қараөткел көпірі қазақтың қайсар жігері мен теңдессіз жауынгерлік қуатының үлгісі ретінде небір замандар бойы өз даңқын паш етумен келген еді.
Туысқан Түркия Республикасының бұрынғы астанасы Стамбул қаласының Мәрмәр теңізі жақ жиегінде орын тепкен, ежелгі басқыншылардың өктемдік ізіндей көрінетін Ая София шіркеуін тек мұнараларын ғана мешітке өзгертіп, ішкі бедерін сол қалпында қалдырып, музейге айналдырып қоюы – бүгінгі Түрік елінің Осман империясынан жеткен арқалы рухының бір парасы екенін әлемнің әр түкпірінен саяхаттай келген әрбір адам терең сезіне алады.
Бүгінгі таңда бой көтерер «Мәңгілік ел» қақпасын қазақ халқының түркітілдес ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманының іске асырылуы деп білуге болады.
Қақпа – алып аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы мемлекеттің бүгінгі биік мәртебесі мен ертеңгі ерен еншісін ел-жұртының жадына мәңгі сақтайтын тағлымды дүние. Жай ғана ескерткіш емес, ұлттың ғасырлар бойғы арман-ойы мен өмірлік өнегесін үнемі еске салатын көрнекі тұғыр.
Бұл сәулет нысаны Астананың сол жағалауындағы көкке бой созған зәулім ғимараттардың ортасынан ойып орын алып, ерке Есілдің сол жағалауындағы Астананың жаңа әкімшілік орталығы, қайталанбас дара бейнесі бар толымды сәулет ансамблін түзбек: темірқазығы – Елбасының ақ сарайы Ақорда, одан тарайтын «шуақ бағыты» бір жағынан Бейбітшілік және келісім сарайына, «Қазақ елі» монументіне, Тәуелсіздік сарайына, Шабыт сарайына тараса, тағы бір «сәулесі» сулы-жасыл желек жолды көктей өтіп, аспанмен тірескен алып ғимараттарға бағыт алмақ.
Елбасымыздың айтуынша: «Тәуелсіздікке арналған нышан – Салтанат қақпасы ұрпаққа ой беруге тиіс, ол – еліміздің еңсесі тіктеліп, рухы көтерілгендігінің нышаны! Ол азаттығымызды әлемге айғақтап тұратын болады және Тәуелсіздікке қол жеткен 20 жыл ішіндегі жас мемлекетіміздің табысын паш етеді».
Астанаға Салтанат қақпасының классикалық негізі алынды. Классикалық ережелерге сәйкес, елордадағы «Мәңгілік ел» қақпасы да нақты үйлесімділікпен ерекшеленетін болады. Салтанат қақпасының өлшемдері тепе-теңдік ережесіне бағынышты. Яғни нысанның биіктігі, ені мен тереңдігінің өзара сәйкестігі қараған адамның ішкі сүйінішін тудырып, көңіл толып, көз тоятын мақтаныш сезімін оятады. Сондықтан да бұл нысанға заманауи жаңа өлшем әдістері қолданылды.
Сәулет нысанының биіктігі – 20 метр. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығының белгісі. Мұндай биіктік қала шегінде айқын көрінеді. «Мәңгілік ел» қақпасы – сәулеттік біртұтастығы тұрғысынан да, сыртқы қасбетінің безендірілуі жағынан да ұлттық ерекшеліктерге толы, негізі берік, мазмұны толайым нысан.
Қақпаның әрбір қабырғасының симметриялық өлшемдерінің теңдігі бірдей. Сондықтан да ол халықаралық әуежай жағынан да (қалаға кіреберіс), қала жағынан да (қаладан шығаберіс) бірдей көрінеді.
Әрбір қабырғаның төменгі табанында биіктігі 4,4 метр болатын көлемді мүсіндер бар. Композициялық тұрғыда бұл барельефтер нысанның төменгі жағында орналасқан. Мұның өзі – орта бойлы адамның көрер көзіне ыңғайлы әрі көрермен назарына нысанның толағай тұлғасын паш етуге мүмкіндік береді. Түптеп келгенде осының бәрі қақпаға өзіндік әсер береді.
Өз кезегінде тұғыр үстінде арнайы бос орындар бар. Бұл жерге қазақ ұлтының терең де тамырлы ішкі дүниесі мен сыртқы келбетін ашатын рельефтік мүсіндер орнатылған.
Қақпаның сол жақ қапталында «Ақсақал» мүсіні орнатылған. Бұл – халықтың ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, даналықтың символы. Санаға сіңген осынау дәстүрлі бейне «даналық», «данышпан», «ғұлама» сынды қазақ халқына тән ұлы ұғымдармен астасады. Оның қазақы ерекшелігін ұлттық киімінен аңғаруға болады.
Қақпаның сол жақ қапталында от иесі – «Әйел-Ананың» рельефті мүсіні орнатылған. Ана бейнесі қазақ ұлты үшін «Отан-Ана», «Жер-Ана», «ана тілі» сынды киелі ұлттық ұғымдарына ұласады. Олай болса, ана бейнесі арқылы адамның дүниеге келуі, туған жер мен Отан туралы идеологемма айқын көрініс табады.
Мүсіндердің әрқайсысының астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын тепкен. Ол мемлекеттің мәңгілігін, яки елдіктің негізгі рәміздерінің «шексіздік» ұғымымен астасып жатқанын білдіреді. Түркі халықтары үшін бұл таңбалар – бәле-жаладан сақтаушы және Айдың жарығы мен Күннің жылуы, махаббат пен мейірім бұлағындай киелі бейнелер.
Әр мүсіннің жоғарғы жағында Елтаңба орналасқан. Елтаңба құрылымға ерекше салтанаттылық бере отырып, оның мемлекеттік мән-маңызын көрсетеді әрі мемлекеттік рәміздеріміздің толайым бейнесін аша түседі. Қақпа ойығының сызығы таза шығыстық та, таза батыстық та үлгіде емес, ерекше ұлттық нақышта жасалған. Сыртқы бөліктің жоғарғы жағында «Мәңгілік ел» жазуы бар. Ол – мемлекет пен ұлттың уақытқа тәуелсіз киелі қорғаны.
Композицияның жоғарғы бөлігін тұтас күрделі ою-өрнектер шоғыры алып жатыр. Дәл осы өрнектер мемлекетіміздің Көк байрағында да көрініс тапқан. Мемлекеттік Туға тән күн мен қалықтаған қыран бейнесіндегі символика бүкіл композицияның өзегіне айналған. Күн – өмірдің, күш-қуаттың көзі. Қыран – рәміздер тілінде билікті, кеңдік пен қырағылықты білдіреді. Ұлтымыздың дүниетанымында ол – бостандықтың, тәуелсіздіктің, шырқау көкке, биік мақсаттарға ұмтылудың, болашаққа қанат қағудың символы.
Қақпаның төрт бұрышы бағаналармен бекітілген. Бұл оның классикалық стилін айшықтай түседі. Қақпаның сол жағындағы орында көшпенді сарбаздың, ал оң жағында қазіргі Қазақстан жауынгерінің мүсіні орналасқан. Ежелгі көшпенділер сарбазының мүсіні қазақ батырларының жанқияр ерліктері мен қаһармандығын бейнелейді, ал оның сыртқы стилі Аңырақай шайқасы кезеңіне негізделген.
Жалпы алғанда, бұл мүсіндер жиынтығы қазақ халқы үшін қастерлі ұғым – ел қорғау ісінен бастау алады. Жаугершілік тақырыбы сонау көшпенділер сарбаздарынан қазіргі заман әскерлеріне дейінгі соғыс салттарын дәріптеп, қаһармандық тарихын паш етеді.
Ұлы Әмір Темір бабамыз салған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазан көшірмелері де қақпаның екі жағынан орын алмақ. «Тайқазан» мүсіні орналасқан өзіндік орындармен ерекшеленеді. Түркі халықтары үшін «Тайқазан» тыныштық пен тоқшылықтың, бірегей көңіл мен қонақжай пейілдің терең ұғымын білдіреді. Осынау бай мазмұнды көрініс тарихтың уақыт көшіндегі ел жетістігінің бейнесін білдіретін Салтанат қақпасының біртұтас идеологиялық тұжырымдамасына енгізілген.
Сондай-ақ қабырғалары қазақтың күрделі ұлттық өрнектерімен безендіріліп, ортасына қазақ жауынгерінің бес қаруының бірі – қалқан орналасқан. Қалқан – қашанда қауіп-қатердің қорғаны, сенімділік, тұрақтылық, жеңістің белгісі. «Қалқан» дегенде, ойға бірден батырлық пен ерлік оралады. Бағзы замандардан бері қолына қалқан ұстаған батыр бейнесі жеңістен хабар берген. Пішіні мен безендірілуіне қарап, бұл қалқанның көшпенділер сарбазына тиесілі екенін білуге болады. Атап айтқанда, қалқанның қақ ортасындағы аттың қылы оның көшпенділерге ғана тән айрықша белгісін танытады.
«Мәңгілік ел» қақпасы маңында орналасқан Астанаға кіреберістегі даңғыл жол мен саябақ бар. Жалпы, дәстүрлі түрде Салтанат қақпалары үлкен жолдардың бойына, қаланың кіреберісіне қойылады. Өзінің негізгі мазмұны мен идеологиялық маңызын бұзбай, Астанадағы «Мәңгілік ел» қақпасы да Орынбор көшесінің орта тұсынан бой көтерді. Бұл нысанның сәулеттік құндылығының ерекшелігіне байланысты оған жету және өту жолдары ерекше тәртіппен жобаланған. Өту жолдары «Мәңгілік ел» қақпасының екі жағынан айналады. Саябақ жағында жерасты жолы бар. Одан шығатын тұс тамашалаушы-көрермен мен саябаққа өтушілерге қолайлы болу үшін көлік жүретін жолдан бөлек орнатылған. Өту жолы екі жағынан да симметриялы түсіп, «Мәңгілік ел» қақпасының дәл астынан жүргізілген.
Қақпаның орталық бөлігінде тағы бір шығу жолы бар. Бұл келушілерге «Мәңгілік ел» қақпасының серуен алаңына тура шығуға мүмкіндік береді. Қақпаның ішкі жағының екі қабырғасы да рельефті суреттермен әшекейленген. Қақпаның ішкі жағындағы екі қабырғаның әрбірі 7 х 3,5 метр болатын бедерлі суреттермен әшекейленген. Олардың бірінде «Сақтар» – «Түркілер» – «Қыпшақтар» – «Қазақтар» тізбесіндегі қазақтың шығу тарихының кезеңі көрсетілген. Бас тақырып – қазақ ұлты үшін тарихи мәні мен маңызы зор «Ұлы көш» сөзі. «Ұлы көш» ұғымы – көшпенділер өркениетінің философиялық негізі, яғни алға жылжу мен дамудың бейнесі.
Келесі қабырғаның бас тақырыбы ең қастерлі ұлттық құндылық – Тәуелсіздікке арналады. Мұнда Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауын айқындайтын тұңғыш заңнамалық құжат – Ел егемендігі туралы декларация көрсетілген. Өрнекті қабырға бүгінгі Тәуелсіздіктің мазмұнын ашып, мағынасын тарқататын Ақорда, Бәйтерек және басқа да нысан суреттерімен бедерленген. Болашаққа деген батыл қадамды жас буынға арналған бедерлі суреттер бейнелейді.
Жоғарғы жағында көлемді көру мұнарасы бар. Құрылыстық тұрғыдан «Мәңгілік ел» қақпасын тұрғызу барысында жарқын түсті жоғары сапаға жауап беретін материалдар қолданылуда.
Алаштың айбыны, бар қазақтың ортақ Отаны – Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасасын!