Ұлт тағдырында өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда селт етпейтін жүрек жоқ. Желтоқсан – күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы. Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянған ұлттық рухы. Сонымен бірге бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған алауы. Бір тәубе етеріміз, солардың жастық тегеуріні нәтижесінде тоталитарлық құрсаудың тоңы жібіп, Тәуелсіздік таңы атты.
...Қазақ тарихының қасіретті беттерінің біріне айналған Желтоқсан көтерілісін күшпен басып-жаншығанын тоталитарлық жүйе тап сол мезетте үлкен жеңіске балады. Сөйтіп, жазалау әрекеттеріне белсене қатысқан көптеген құқық қорғау органы мен мекемелерінің қызметкерлерін ордендермен, наградалармен, ақшалай сый-сияпаттармен марапаттады. Қандықол жендеттердің ең көрнектісі – Геннадий Колбин қазақ жастарының бейбіт шеруін тас-талқан етіп жаншығандығы әрі олардың көбін жазықсыз соттатып, ату жазасына кестіргені үшін КСРО-ның ең жоғары наградасы – Ленин орденімен марапатталды. Одан басқа да жүздеген адам жоғары наградаларға ие болды. Марапатталғандардың барлығы да сый-сияпатты қуана қабылдады. Одан бас тартуға қырғыз жігіті Талайбек Ылаевтың ғана батылы барды. Желтоқсан көтерілісі тұсында Қазақстанда әскер қатарында болған Талайбек: «Менің фашист болғым келмейді. Мен – Колбинге, оны қолдаған барлық жендетке лағнет айтамын!» – деп, өзіне берілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасынан бас тартып, оны кері қайтарып жібере алды. Ал өз «патриоттарымыз» араға талай жыл салып барып, яғни желтоқсандықтар ақтала бастаған тұста ғана қырғыз жігітінің үлгісіне жүгінді. Сөйтіп, Желтоқсан оқиғасы кімнің кім екенін сөзсіз айқындап берді.
Желтоқсанның аса зор тарихи маңызы сонда, ол қырық рулы қазақты ғана емес, кеңестік кеңістік аумағындағы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды 70 жыл бойы тас шеңгелінен шығармай келген КСРО атты алып империяның іргесін шайқалтқан ең алғашқы дүмпу болды. Қазақ жерінен бастау алған көзсіз батылдық одан әрі Грузия, Әзірбайжан, өзбек-қырғыз шекарасы, Балтық жағалауы елдеріндегі бас көтерулерге жалғасып, нәтижесінде мызғымастай көрінген тоталитарлық жүйенің тас-талқанын шығарды. Сөйтіп, кешегі одақтас республикалар бірінен соң бірі егемендігін жариялап, іргесін нықтап жатты. Бір қызығы, соның бәріне алғышарт жасап берген қазақ елі өз Тәуелсіздігін елдің ең соңынан ғана жариялай алды. Ең бір қынжыларлығы, тап сол мезетте Орталық тарапынан таңылған «Желтоқсан – көтеріліс те, оқиға да емес, арандатушылардың ығында кеткендердің бейбастақ әрекеті, жай ғана басбұзарлық» деген қара таңба мен әділетсіз айыптауға қарсы дәлелді дау айтып, жастарын ақтап аларлық, «Желтоқсанның тарихи бағасы берілуі тиіс» деп талап етерлік ешкім болған жоқ. Сол оқиғадан кейін үш жыл өткен соң барып қана бұл жайт Кремльдің Съездер сарайында депутат Мұхтар Шахановтың аузымен айтылды.
Содан кейінгі уақытта Желтоқсан оқиғасының шындығын айқындау мақсатында бес рет комиссия құрылды. Бірақ әртүрлі желеумен әрқайсысының жұмысы орта жолдан тоқтап қалып жатты. Шындықтың айтылуы тарих үшін, өскелең ұрпақ үшін қаншалықты қажет әрі маңызды болса, оның жұртқа жетуіне ықылассыз топтың тегеуріні соншалықты мықты екендігі мәлім болды. Дей тұрғанмен де, айналып өтуге болмайтын бір шындық: зиялылардың жанқиярлық еңбегі арқасында Желтоқсан көтерілісі әлдекімдердің қолжаулығына айналып кетуден аман қалды, талай боздақ ақталды. Әрине, мұның бәрі олардың көпшілігінің жылдар бойы түрме қапасы мен айдауда өткен жалынды жастығының, адам қолымен аяусыз жасалған қиянаттан нұқсан келген денсаулығының, сондай-ақ оқудан, қызметтен шығып қалып, қорлықты күй кешкен тәлейсіз тағдырының өтеуі бола алмас та. Яғни желтоқсандықтардың жүрегіне түскен жара тым ауыр. Осы орайда «Желтоқсан оқиғасы кезінде кім қай жақта болып, кімнің мүддесін қорғады?» деген мәселе әлі күнге дейін көп адамды төбесінен мұздай су құйылғандай күйге түсіреді. Бір есептен, бұл сұрақ ешқашан өзінің өзектілігін жоғалтуға тиіс те емес. Өйткені шындық әр уақытта бағалы. Мұның барлығы бүгінгі қоғамның өткен тарихтан сабақ алуы үшін қажет.
Шын мәнісінде, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ұлт тарихында өшпес ізі қалған аса айтулы құбылыс еді. Нақақтан қан төгілгеніне, жазықсыз жаза кесілгеніне қарамастан, сол арқылы қазақтың қалғи бастаған ұлттық рухы қайта бір көтерілген. Ел солайша елдігін танытқан. Қабырғасынан қақырата соққы алған қызыл құрсау қазақтың бұғауға көнбейтін, әділетсіздікке төзбейтін қайсар қалпын көрген, ғаламат зор қайратын сезінген. Желтоқсан ызғарына тоңған, мезгілсіз солған бекзат болмысты ұл-қыздың қажыр-қайраты нәтижесінде қазақтың өз пейіліне біткен кең байтақ даласы азаттық нұрына шомылған. Желтоқсан көтерілісінің осыншама маңызын өз дәрежесінде бағалай алмай жүргеніміз – елдігімізге сын.
Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан
Последние статьи автора