Тәржімаға тәжірибе керек
Әлем және орыс әдебиетінің таңдаулы шығармаларын қазақша майын тамыза сөйлетумен көркем аударманың дәуірлеуіне үлес қосқан қазақ қаламгерлерінің қалыптасқан өзіндік биік мектебі бар. Абай мен Шәкәрімнен басталып, ХХ ғасырдың бас кезеңі мен кеңестік жүйе тұсындағы түрлі жанрды қамтитын сапалы аудармалар – соның айғағы...
Ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтіп, құнарын байытқан бұл үрдіс бүгінде де сәтті жалғасын табуда. Басқа тілде жазылған шығарманы бар айшық-бояуымен қайта иінін қандырып, өмірге екінші рет әкелген сондай бір сүбелі аударма өткен жылы ғана жарық көрген болатын. Орыстың ұлы мысалшысы Иван Андреевич Крыловтың он кітаптан тұратын «Мысал өлеңдерін» белгілі ақын Әбдірахман Асылбеков толық аударып, Астанадағы «Аударма» баспасынан жеке кітап етіп жариялады. Дүниежүзілік мысалдық поэзияның шыңы болып есептелетін Крылов туындылары осы күнге дейін қазақ тілінде толық, әрі дәлме-дәл аударылып басылған емес.
Халықаралық аудармашылар күні қарсаңында, Крылов мысалдарының толық нұсқасын қазақ оқырмандарына тұңғыш ұсынған белгілі ақын Әбдірахман Асылбековті жалпы тәржіма төңірегінде екіауыз сұхбат-әңгімеге тартқан едік.
– Әбдірахман аға, өзгеше сипатты шығармашылығымен әлемдік мойындауға ие болған Крыловтың мысалдарын аудару барысында осы автордың өзіңізге дейінгі тәржімалану тәжірибелеріне қаншалықты көңіл бөлдіңіз? Жеке ұстанымыңыз қандай болды?..
– Расында, Крылов мысалдарын аудару оңайға түскен жоқ. Аса күрделі классикалық туынды ғой. Дегенмен Крылов мысалдарының классикалық формасы мен идеялық мазмұнын сақтай отырып аударуға айрықша мән бердім.
Крыловтың мысалдары жеке кітап болып ең алғаш 40 жасында, 1809 жылы жарық көрді. Содан бастап оның атағы асқан мысалшы ретінде көкке көтерілді. Ал 1825 жылы 59 ақын біріге отырып, оның мысалдарын француз және итальян тілдеріне аударды. 1898-1900 жылдары қазақ тіліне Абай Крыловтың 12 өлеңін аударса, 1910 жылы Спандияр Көбеев 37 мысалын «Үлгілі тәржіма» деген атпен жеке кітапша етіп бастырып шығарды. Бұдан кейін жекелеген қазақ ақындарының 50 шақтысы тиіп-қашып аударған. Солардың кейбірінде түпнұсқа мазмұнының өзіне аудармашы өз ой-пікірін, қиялын қосып, бір сөзбен айтқанда, аударманы ақындығына ыңғайлап, көндіріп алған сәттері де ұшырасады. Рас, Абай аудармалары еркін аударылғанның өзінде аударманың классикалық үлгісі болып қала бермек. Ал Көбеев аудармаларында түпнұсқаның не формасы, не ырғағы, не ұйқасы, не тармағы сақталмаған. Бұл – бір жағынан, түсінуге болатын құбылыс. Әсіресе поэзияда әрбір ақын өзінің машық-ыңғайына, әуен-әуезіне қарай аударады. Әдетте біздің қазақтың аудармашылары шығарманы оқып алады да, тек мазмұнын сақтай отырып өзінше тәржімалайды. Ал тәржімаға білім мен талант аздық етеді, оған ең әуелі тәжірибе керек.
Меніңше, поэзияда аудармашы өз ыңғайына келтіріп аударуға мүлде болмайды. Мәселен, Лермонтов, Крылов, Пушкиндерді қазақтың қара өлеңімен аудара салу қиянат болады. Аударма – өзің тәуекел еткен ақынды сүйіп, шұқшия зерттеуді қажет ететін кірпияз өнер. ...Орыстардың осы күнге дейін Абайды аудара алмай жүргендері де сондықтан деп ойлаймын. Аударған болады, бірақ Абайды бере алмайды. Себебі Абай қазақтың ғасырлап қордаланған ақыл-ой кенішін, салт-санасын, наным-болмысын, тіл құнарын толық қолданған. Ол тұңғиыққа орыстар немесе орысша тәржімалаушылар бойлай алмай жүр. Ал біздің орыс әдебиетінің озық үлгілерін толық тәржімалауға мол мүмкіндігіміз бар. Өйткені ондаған жылдар ерікті-еріксіз орысты оқыдық, тарихы мен табиғатын тоқыдық. Өйткені қазақ тілі – қаймақты тіл!
Атақ-даңқы кең жайылған Крылов еңбегінің жауапкершілігін сезініп, өмір-дерегін, шығармасын зерделей қарап танысып, тыңғылықты зерттедім.
Ілгеріде аударғандарды өзара салыстырып-салғастыра келіп, ұзақ дайындықтан соң барып, соңғы екі жыл көлемінде тапжылмай отырып аударма жасадым. Түйіндей айтқанда, мен түпнұсқаның ыңғайына кеттім.
– Рас, мысал жанры дегенде, қай елде болмасын, ең алдымен ауызға алынатыны – Крылов есімі екені мәлім. Бүгінгі қазақ әдебиетінде осы жанрмен «дос» боп жүрген қаламдастарыңыз қатары?.. Мысал жанрының қоғамдағы «жауынгерлік» ықпалы туралы ойыңыз?
–Жалпы, арғы-бергі әдебиетімізде мысал жанрымен айналысқандар қатары тым сирек. Бүгінгі әдебиетте де мысал жанрын жанр екен деп бүйрегі бұрып жүрген қазақты көрмедім. Әсілі, мысал – жеке адам басындағы, қоғамдағы кемшіліктерді керемет бір отты тілмен осып сынауға мүмкіншілігі мол жанр. Мейлі, жүз жыл өтсін, мың жыл өтсін Эзоптан басталған мысалдар күні бүгінге дейін мән-мағынасын да, қуатын да жоғалтқан жоқ. Өз басым Крылов шығармашылығын жылы тартып тұрамын. Өйткені кешегі-бүгінгі бар қазақтың кемшіліктерінің бәрін Крылов айтып қойғандай...
Крылов мысалдарындағы кейіпкерлер бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып келеді... Бірақ қазіргі біздің қоғамдағы, тіпті Парламенттегі көптеген депутаттарымыз Крыловтың сынына, түйреуіне, найзасына лайық адамдар деп ойлаймын. Өйткені халықтың қамын ойлап отырған олар жоқ. Көбісі қара басының, шен-шекпеннің, құлқынның қамын ойлағандар екенін халық көріп отыр. Әйтеуір қызмет еткен боп қарайып жүрсек, қалтамыз тоқ болса деп ойлайтындары салақтаған жуан қарындарынан, салбыраған бұғақтарынан, талтаңдаған жүрістерінен-ақ әйгіленіп тұрады... Арада 300 жыл өтсе де, Крылов біздің қоғамды сынап тұрғандай көрінеді маған.
Жалпы, адамзат қоғамындағы әдеби желілердің ауыс-түйісі, алмасуы –қашан да, қай жұрт үшін де құт және ең бастысы, дүниетанымның кеңейіп, өркендеп дамудың бірден-бір алғышарты демей ме?! Олай болса, қазақ оқырмандарының аударма шығармалардан тұщынар танымы мен татымы мол болсын демекпін.