Тарихтың зерттелмеген жолдары зерделенеді

Тарихтың зерттелмеген жолдары зерделенеді

Ат тұяғы сүрініп жететін ұлан-ғайыр даламызды өзіміз де әлі тани алмай келеміз. Қаншама құнды жәдігер құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Әзірге сол құпияның сырын аша алмай жүрміз. Одан қалды өзге жұрт таңдай қағатын сан алуан тамаша табиғи бай­­лығымыз бар. Осының барлығы бізді қызықтыра түседі. Өкініш­ке қарай, бұл бағытта бүгінгі күнге дейін тыңғылықты істер атқары­л­ған жоқ. Соның салдарынан қаншама құндылық көзден таса қалып қойды. Өз алдымызға түтін түтетіп отырған қазіргі кезеңде сол олқылықтың орнын толтыруға көңіл бөлгеніміз артық емес.
Елімізге белгілі саясаткер Ерлан Қариннің бастамасымен Kazakhstan–Terra Incognita кешенді жобасы қолға алынып отыр. Ол жоба Қазақстанның тарихы мен мәдениетін насихаттауға арналған. Сондай-ақ аймақтардың туристік әлеуетін танытуға бағытталған. Оны жүзеге асыруға Қазақ географиялық қоғамы атсалысуға ниет білдірді. Жобаны жүзеге асыру барысында тарихи-мәдени, археология­лық, этнографиялық, экологиялық және өзге де зерттеулер жүргізіледі. Осының арқасында аталмыш салаларда ғылыми ізденістерді қайта жандандыруға мүмкіндік туады. Потенциалды туристік маршруттар анықталады. Осының арқасында туристік атластар қалыптастырылады. Аймақтардың мәдени, әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін анықтауға мән беріледі.
Аталмыш мақсатта құрылған арнайы экс­педиция алғашқы сапарын Сыр өңі­рі­нен бастауды жөн көрген. Жобаны ұйым­дас­тырушы азаматтардың бірі – Е.Қарин оның жай-жапсарын түсіндіріп өтті. Қазақ тари­хы­ның дамуында Сыр өңірінің айтар­лықтай орны бар екені белгілі. Қашаннан да дария бойы ұлтымыз ұлық тұтқан аймақ қатарын­да саналады. Тіпті түбі бір түркі жұртының кін­дігі кесіліп, ат жалын тартып мінген туған топырағы осы бір қасиетті ме­кен еке­нін ғалымдар жиі қозғап келеді. Былай­ша айт­қанда, бұл өңірде тамырын те­реңге тартқан тари­хы­мыз бар. Түп-төркі­німізді түгендейміз десек, сол құндылықты қайта зерделеу – не­гізгі міндетіміз. Қарт Қа­ратау мен айбынды Арал теңізі арасын­дағы аймақта қаншама тарихи шаһарлар, сан алуан мәдени нысандар жетіп-артыла­ды. Экспедиция мүшелері апта бойына сон­­дай орын­дарға ат шалдырып, қаншама құн­­­ды­лықтарды таразыға тартатын бола­ды.
Ерлан ҚАРИН, жобаны ұйымдастырушы:
– Біз шетелдегі талай құндылық жөнінде жан-жақты білеміз. Өкінішке қарай, сондай орындар өзімізде де бар­шылық. Алайда олардың басым бөлігін біле бермейміз. Оны өзіміз тани алмай отырып, өзгеге қалай насихаттай аламыз? Бір сөзбен айтқанда, шетелдік­тер үшін Қазақстан әлі күнге дейін белгісіз мекен саналып келеді. Біздің елімізде тұратын азаматтар әлемнің жеті кереметін жатқа айтып шығуы әбден мүмкін. Дегенмен Қазақстанның 7-10 кереметі түгіл, оның бір-екеуін де есіне түсіре алмайтыны ақиқат. Тіпті әрбір өңірде тұратын жұрттың өзі сол маңдағы тарихи орындар мен табиғат ескерткіштерін тап басып санамалап бере алмасы бесенеден белгілі. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күнге дейін төл тарихымыз бен табиғи тамашаларды насихаттауға қол қысқа болып келді. Экспедиция барысында сол олқылық­тың орнын толтырсақ деген ойдамыз. Сыр өңіріндегі сапарымызға облыс басшылығы қолдау білдірді. Соның нәтижесінде жалпы аумағы 3 мыңнан астам шақырымды қамтитын аймақта­ғы құндылықтарды көзбен көріп, көкей­ге түйіп қайтуға мүмкіндік туып отыр­ғаны қуантады. Мәселен, бір ғана ауданның өзінде төрт күй мектебі өрендерге тәлім беріп келеді екен. Осы­ның өзі біздің халқымыз үшін үлкен бай­лық емес пе? Біз экспедиция бары­сын­да соларды жазып алып, мұрағат қорын жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, аталмыш шара бойынша жинақталған материалдар негізінде альбом-кітап, деректі фильм, туристік атлас, күйтаспаға жазылған фольклор туындылары, фотосурет­тердің элек­трон­ды жинағын шығаруды ойластыру­дамыз.

Сыр топырағы талай құпияны қой­науы­на жасырып жатыр. Жақында ғалымдар ертеде сақ тайпаларының мекені болған Шірік Рабат қаласын зерттеген болатын. Соның нәтижесінде сан алуан тарихи деректер қолға ілікті. Олар ескі қаланы зерт­теу барысында абыз-ақсүйектер жер­лен­ген қабірлерді тапқан. Ғалымдардың айтуынша, олар семсермен жатқан кісіні тапқан. Оның киімі өте қымбат болғаны көрініп тұр. Ол паршаға оралып жерленген. Бұл мүрденің бас жағынан табылған ыдыста «Бұл – Тир құдайының шапағатына ие болған адам» деген көне жазу бар екен. Жалпы, Тир құдайы дегеніміз әс­кер, қару-жарақ құдайы дегенді білдіреді.
Сәдуақас АҒЫТАЕВ, «Қазқайтажөндеу» РМК ғылыми-зерттеу жобалау филиалының директоры:
– Сыр өңірін әрбір зерттегенде талай көмбенің бетін ашамыз. Бір сөз­бен айтқанда, бұл аймақта түрен тиме­ген құндылық саны жетерлік. Сол себеп­ті осы мақсатта көбірек жұмыс жаса­ғанымыз артық емес. Біз Шірік Рабат қаласын зерттеу барысында жер бетіндегі ең көне күмбезді құрылысты көзіміз көрді. Академик Толстов өзі­нің еңбектерінде алғашқы күмбезді архитектураны Рим архитектурасына жатқызады. Оны шамамен біздің дәуірі­мізге дейінгі бірінші ғасыр деп айтамыз. Ал Арал теңізі аймағын мекен еткен сақ тайпалары оған дейін 400 жыл бұрын керемет күмбезді архитек­тураның үлгілерін көрсеткен деген пікір­лер ғалымдар аузында жиі айты­лып жүр. Атап өтерлігі, Сыр өңірі құнды жә­дігерлерге өте бай. Сондықтан осын­дай игілікті шаралар арқылы қаншама құн­дылықты дәріптеуге жол ашылады деп санаймын.

Археолог ғалымдар бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінің тиянақты зерттеу жүргізіле қоймағанын тілге тиек етеді. 1946-1990 жылдар аралығында Хорезм экспедициясы зерттеулер жүргізген. Олар өз жұмыстарын жүргізгеннен кейін өз елдеріне қайтып кетіп отырған. Соның салдарынан бүгінгі күні біздің қолымызда туған өлке тарихы жайындағы деректер аз кездеседі.
Әзілхан ТӘЖІКЕЕВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:
– Қазіргі таңда сондай олқылықтың зардабын тартып келеміз. Кейбір ғалымдар біздің өлкедегі өркениетті Хорезм өркениетінің әсерінен пайда болған деп санайды. Шындығына кел­генде, бұл тұрғыда терең зерттеу жүр­гізгеніміз артық емес. Ұлттық тарихы­мызды жазуда осы экспедицияның алатын орны ерекше деп үміттенеміз.

Арнайы жабдықталған экспедиция құрамында тарихшылар, мәдениеттанушы­лар, этнографтар, экологтер, әлеуметтану­шылар және фото-бейне материалды түсіру үшін кәсіби фотографтар мен бейне­опера­торлар қатысуда. Олар ерекше тарихи нысандарды, тарихи-мәдени ес­керт­кіштерді, заманауи көрнекті жерлерді аралайды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста