Тарихтан сыр шертер фотоэкспедиция
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай маусым айының 19-ы мен 21-і аралығында Жамбыл-Шу-Мойынқұм аудандарында фотоэкспедиция өткізілді. Шараны ұйымдастырушылар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті мен «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігі. Игі бастамаға қолдау көрсеткен Жамбыл облысы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы.
Тарихымызды білмей болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Әрбір сәт, әрбір фотосурет- ертеңгі тарих. Бұл шараның мақсаты да Керей мен Жәнібек хандардың тұңғыш хандық құрған жері Қозыбасы аймағын және көптеген көне тарихи орындарды суретке түсіру, жастардың патриоттық рухын қалыптастыру.
Фото экспедицияның алғашқы күнінде баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуды ашқан, экспедиция кезінде бірге жүріп, жол көрсеткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Масат Әшімұлы шараның ел тарихын танып білуде маңызы зор екенін тілге тиек етті. Жиын барысында журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы облыстың ақпарат саласында еңбек етіп жүрген басшыларына диплом мен сыйлықтар табыс етті. Фотосапарға еліміздің әр өңірінен Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау, Жамбыл облыстарынан фототілшілер мен жас мамандар қатысты.
Сонымен экспедиция Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан Ақыртас сарай кешенін фотоға түсіруден басталды. VIII ғасырда іргесі қаланған тасты қала Ақыртас сарай, Керуен сарай, Төрткүл, Қарауыл мұнарасы, обалар сынды сәулеттік-археологиялық кешендерден тұрады. Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болғандықтан Ақыртас деп аталған. Сапар Жиделі сайдағы таңбалы тастарды суретке түсірумен жалғасты. Биік тас төбелерде адамдар мен жануарлардың суреттері бірге тасқа қашалып бейнеленген. Бұл таңбалар қазақтың көшпелі халық екенінің тағы бір дәлелі. Жолдың ұзақтығына байланысты фотосуретшілер Жайсаң жазығындағы бал-бал тас мүсіндерді түнгі уақытта түсірді. Мүсінде адамның құлағында сырғасы, қолында қанжары мен құмырасы бар. Ежелден бері қалпын сақтаған бұл жәдігер адамды таң қалдырады.
Келесі күні фотожурналистер таң атысымен жолға шықты. Қазақ хандығының құрылған жері Қозыбасы аймағын суретке түсірудің сәті туды. Кең жазық алқапта бір көрінген тау бар. Ауыл тұрғыны Тоқтар Мұсатаевтың айтуы бойынша, қазақ хандары Керей мен Жәнібектің Шу өзенінің бойында уықтың қадасын қадаған жері осы тау. Бұл туралы тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде айтылған. Алда ұйымдастырылмақ дүбірлі той осы маңда өтпек. Бабалар көзі тарихи мекендер мемлекет қарамағынан бекітіліп, қоршауға алынып алыстан келген жолаушыларға, негізгі жол бойынан белгі тастар қойылса. Сонымен бірге сол маңда өзінің жеке кәсібімен, яғни гранит тастарды қазып жатқан азаматтың ісі басқа орынға көшірілсе деген ұсыныс бар. Әрбір өшпес мұрамызды сақтап қалу бізге жүктелген міндет. Экспедицияға қатысушылар ата-баба жолымен тау басында тас қалады. Сонымен бірге тарихи Қозыбасы тауының шыңында «ФОТОӨНЕР» ҚБ төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы осы «Қазақ хандығына 550 жыл» атты фотоэкспедицияға қолдау көрсеткен жергілікті ел азаматтары, партия жетекшісі Масат Берік пен белгілі кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Бәкір Исабековке сый-сыяпат жасады. Ал Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің фототілшісі Ағаділ Рысмахан, ҚР Парламентінің фотографы Сайлау Майлыбаев, Қорғаныс министрлігінің фотографы Ермек Сарбасов, «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейітов, «Астана» журналының фотоиллюстрация бөлімінің жетекшісі Айнагүл Наурызова, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабеков, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің фототілшісі Қайсар Шерім, «Отырар алқабы» газетінің фототілшісі Береке Сейітжаппар сынды бірнеше азаматтарға бірлестіктің мүшелік куәлігін табыс етті. Бұдан кейінгі фотосапар Хантау аймағындағы Хан тағы, Бала тағы, Құланқырған, Хан қорасы сынды тарихи жерлерді суретке түсірумен жалғасты. Бұл мекендегі тастардан да таңбалы суреттерді көре аласыз. Сапар соңында қатысушылар сол маңдағы кезінде ел басқарған, батыр ата Биназар Ағаділұлының басына барып зиярат етті. Аруақтар рухына құран бағыштап, дәмнен ауыз тиді. Бір жағы тау, бір шеті кең жазықтың ортасында орналасқан мешіттің жанында сылдырап аққан бұлақ бар. Осы бұлақты да батыр баба өзі талай шақырым жерден тартып, бір ауылды сумен қаматамасыз еткен екен.
Әр тасы тұнған тарих, қасиетті Жамбыл жеріндегі тарихи фотоэкспедиция осымен аяқталды. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған соңғы шара емес. Осы фотосапарда түсірілген туындылар мемлекеттік деңгейде жоспарланған Тараз қаласындағы және Алматы қаласында өткізілетін көрмелерге қойылады деп жоспарлануда. Сонымен бірге алдағы уақытта Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай жарық көретін «Қазақ фотошежіресі – тарих, дерек, өнер» атты фотоальбомға енетін болады.
Назерке СӘНДІБЕК
ҚазҰУ, журналистика факультетінің
3-курс студенті