«Ел-шежіре» қайырымдылық қоры» ҚҚ-тың ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Тарихыңды таны!» атты экскурсия болып өтті. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен атаулы шараға Алматы қаласындағы №8 балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Жетімдер үйінің тәрбиеленушілері алдымен Желтоқсан оқиғасының құрметіне қойылған ескерткішке барып тәу етті. Ұйымдастырушылар балаларға тәуелсіздікке ұмтылған 1986 жылғы көтеріліс жайлы әңгімелеп берді. Мұнан кейін экскурсия жұмысы Алматы қаласы тарихының музейінде жалғасты. Балалар музейдегі құнды жәдігерлерді көріп қана қоймай, өздері де өнерлерін ортаға салды. Ән айтып, өлең оқып, тіпті би де биледі. Мұнан кейін балалар 28 гвардиялық-панфиловшылар паркі, Тәуелсіздік монументі және Жамбыл ескерткіштерінде болып, жазушы, журналист аға-әпкелерінің лебіздерін тыңдады.
Дидахмет Әшімханұлы, жазушы, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті:
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығының шеңберінде өтіп жатқан бұл экскурсияның басты мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды насихаттау және ұлттық патриотизмді күшейту. Қайырымдылық қор осы экскурсия арқылы жетім балаларға патриоттық тәрбие беріп, жасөспірімдерге тарихи орындар мен мұражайларды аралатуды көздеген болатын. Біз осы бағытта жұмыс істеп, жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін біраз жерлерге апардық. Бүгінгі шара осы ісіміздің бір парасы ғана.
Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын шара аясындағы экскурсияларға, негізінен, Алматы қаласы білім басқармасына қарайтын жетім балалар үйлерінің және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары тартылуда. Жобаны жүзеге асыру барысында жасөспірімдер ел мен жердің және өздері тұратын Алматы қаласының тарихымен танысуға мүмкіндік алады. Бұған дейін мұндай экскурсия жұмысы үстіміздегі жылдың шілде айының екінші жұлдызында басталған. Алғашқы бағыт 1970 жылы «Алтын адам» табылған Есік қорғанынан басталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара алдағы уақыттарда да жалғасын тауып тұрмақ.
Тарихпен танысу
Последние статьи автора