Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театр Еркін Жуасбектің «Үйлену» атты жаңа музыкалық туындысын сахналады. Жұрт театрды ұмытты дейтініміз бекер екен. Онсыз да тарлық етіп жүрген қойылым өтетін залда ине шаншар орын болған жоқ. Тура мағынасында солай. Тіпті балконда тізе бүгер жер болмай, екі сағат бойына тікесінен-тік тұрып көргендер де аз емес.
Алайда біздің қолымызға қалам алдырған жайт басқа. Қойылымға сын жазуды да мамандарға – театр сыншыларының еншісіне қалдырдық. Музыкалық қойылым болған соң оған оркестр керек. «Үйлену» спектаклін де оркестрсіз сахналау мүмкін емес. Бірақ бұл театрдың ғимаратында музыканттарға арналған аядай да орын жоқ. Десе де, қойылымды әзірлеушілер тапқырлық көрсетіп, оркестр мүшелерін сахна кейіпкерлеріне қосып жіберген. Былайғы жұрт бұл қадамның амалсыздан жасалғанын аңғармай да қалғандай. Тек мұқият қараған адам ғана арасында асабаның нұсқауымен аспаптарын арқалап, «шай ішіп алуға» ебін тауып сахнадан кетіп қалып, кейде үнсіз-қимылсыз отырып алатын музыканттардың (оларды сахнадан шығаратын сылтау қашанғы табыла берсін) басы артық екенін сезеді. Әйтпесе кейіпкерлер екен деп ұғасыз.
Осылайша, астаналық театрдағылардың оркестр ұяшығы жоқ екен деп қол қусырып отырмағанын айтуға тиіспіз. Музыкалық қойылымдарды әредік болса да көрерменге ұсынып жүр. Бұдан бұрын да француз композиторы Флоримон Эрвенің «Түлкі бикешін» (Нитуш мадемуазель), татар классигі Жаудат Файзидің «Башмағым» атты музыкалық комедиясын да көрермен назарына ұсынып келген. Онда да оркестр мүшелерін балконға орналастырып дегендей ыңғайын тауып отырған. Бірақ бәрібір оркестрдің арнайы орында отырғанына ештеңе жетпейді. Режиссер Нұрлан Жұманиязовтың айтуынша, алдағы уақытта театр мюзикл жанрындағы туындыларды да сахнаға шығармақ ниетте. Демек, Астана театры құлашын кеңге сермеуге құлшынып-ақ отыр. «Әттең, тонның келтесі-ай» дегеннен басқа шара жоқ.
Музыкалық қойылымдардың бояуын арттыра түсу үшін кейде оркестрмен қоса үлкен хордың да қажет болатын кезі бар. Шағын оркестрдің өзіне орын таппай отырған режиссер оларды қай көрініске енгізеді?! Кейбір театрлар хорға арнайы орын дайындамай-ақ, амфитеатрдың алдындағы алаңқайды пайдаланады. Ал Астана театрының амфитеатры маңында түгел бір хор түгілі, тізе бүгетін орын жоқ.
Біз бұл жерде қазіргі заманғы драма театрларда міндетті түрде болатын трюм туралы айтып та отырған жоқпыз. Трюм – сахнаны түрлі қозғалысқа келтіріп, қойылым кезінде айналдырып немесе қисайтып дегендей эффект беретін механизм. Сахнаның астына орналастырылады. Тіпті ондайдың бірнеше қабатын қолданатын театрлар да бар. Ал біздің Астана театры болса, оркестр отыратын орынға зар болып отыр. Елордадағы құрылыс компаниялары зәулім-зәулім үйлерді әне-міне дегенше салып үлгереді. Бірақ театрдың ғимаратына мойын бұрмай-ақ қойды. Тіпті Астана театрының ғимараты бар деп айтудың өзі ұят. Театр емес, турасын айтқанда акт залы іспетті.
Ал акт залында осындай ірі туындыларды сахналап келе жатқан астаналық әртістердікі шын ерлік!
Тар театрда тағы бір ерлік жасалды
Последние статьи автора