Қазіргі кезде жұртшылыққа кеңінен танымал, көтерген мәселелерінің өзектілігімен де, мақалаларының шынайы да өткір болуымен ерекшеленіп, көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып, ел сүйсіне оқып жүрген журналистеріміздің бірі – танымал көсемсөзші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистика академиясының академигі Аяған Сандыбай.
Журналистің ақпарат кеңістігіне араласуы Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Бұл кезең қоғамдық-әлеуметтік қатынастардың түбегейлі өзгеруімен, бұқаралық ақпарат құралдарына деген сұраныстың күшеюімен ерекшеленеді. Осы кезеңде мақалаларын орыс тілінде де жазатын, ел мүддесін көздеген Қуаныш Сұлтанов, Аяған Сандыбай, Марат Барманқұлов, Ғаділбек Шаяхметов, Ахас Тажутов, Бигелді Ғабдуллин, Жәнібек Сүлеев т.с.с. журналистер шоғыры қалыптасты. Олардың ішінде қаламының қарымдылығы, ойының ұшқырлығы, батылдығы мен байсалдылығымен ерекшеленген нағыз профессионал журналистеріміздің бірі Аяған Сандыбай болды.
Журналист мақалаларының өн бойында туған халқына, ұлтына деген сүйіспеншілік, жанашырлық анық байқалады. Қарапайым құрылысшыдан басталған өмір жолы аудандық газет, ішкі саясат бөлімі, баспасөз істері жөніндегі агенттікте жалғасын тауып, Қазақ телеграф агенттігінің белсенді редакторы, баспасөз және бұқаралық ақпарат министрінің орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телерадиокомпаниясының басшысы ретінде, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінде абыройлы еңбек етті. Қазіргі кезде Аяған Сандыбай ҚР Білім және ғылым министрлігінде қызмет атқарып келеді. Лауазымды қызметтерін атқара жүріп, ол бірқатар игі бастамаларға мұрындық болды: бұқаралық ақпарат құралдары туралы алғашқы заң жобасын дайындауға белсене қатысты, журналистер мен баспагерлердің кәсіби мерекесін белгілеуге, бұқаралық ақпарат құралдарында Президент сыйлығының тағайындалуына мұрындық болды, Қазақ ақпарат агенттігі қызметінің жандануына ықпал етті, отандық пиарологияның негізінің қалануына да, «Жұртшылықпен байланыс» атты жаңа мамандықтың қалыптасуына да ықпал етті. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында бүлдіршіндерге арналған «Ғажапстанға саяхат» атты екі жүз сериялық мультипликациялық фильмді түсіру туралы бастама көтеріп, бас редакторы болды, «Қазақстанның білімі мен ғылымы» атты жалпыұлттық журналды шығарды.
Білгір журналист – бүгінде ондаған фильмнің, жүздеген мақала мен репортаждың авторы. Мақалаларын «Казахстанская правда», «Известия», «Московские новости», «Экспресс К» сияқты еліміздің шеңберінде ғана емес, шетелдік басылымдарда да жариялай отырып, Аяған Сандыбай орыстілді оқырманға тәуелсіз мемлекетіміздегі хал-ахуалды танытып, қазақ қоғамындағы соны серпілістермен, тың талпыныстармен таныстыра білді. Қалың жұртшылықты мемлекеттің ішкі, сыртқы саясаты жөнінде, ел ішіндегі, әлемдегі маңызды оқиғалар мен жаңалықтар жөнінде дер кезінде таныстырып отырды. Қаламгер ұлттық баспасөздің бет-бейнесін көрсетумен қатар, дүниежүзілік деңгейдегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге үн қосты. Қарымды журналист қоғамдағы көкейтесті мәселелерге үн қоса отырып, түрлі тақырыптарға қалам сілтеді: елдегі қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық ахуал, ғылым-білім, мемлекеттік тілдің жайы, Отырар кітапханасы, жаһандану, мамандар мәселесі, мәдениет пен спорт, журналистер мәдениеті, сөз бостандығы, жарнама, демографиялық жағдай, балалардың болашағы, діни бірлестіктер, Нобель сыйлығы т.с.с. мәселелер журналист назарынан тыс қалмады. Аяған Сандыбай аталған мәселелерді ел шеңберінде ғана сөз етпей, көршілес мемлекеттердегі, сондай-ақ Ресей, Германия, АҚШ-тағы т.с.с. хал-ахуалмен салыстыра отырып талдайды. Сол арқылы қарымды журналист дүниетанымы кең, ұлттық ақпараттық кеңістігімізде өзіндік орны бар білгір қаламгер, ұлтжанды азамат ретінде танылды.
Қаламгердің жиырма жылдан астам уақыт талдауына арқау болған мақалалары «Жүректі қалай жұбатам...» («Чем порадовать сердце») деген атпен Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Бұл кітап қалың көпшілік арасында қызу қолдау табумен қатар, Президентіміз тарапынан да жоғары бағаға ие болды. Кітаптың атауына Олжас Сүлейменовтің осы аттас өлеңі негіз болған. Аталған еңбегінде Аякең ұлтжанды, ел мүддесін биік қойған білгір журналист ретінде көрінді. Қазақ тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен терең хабардар қаламгер ғұлама Абайдың, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров т.с.с. ұлт зиялыларының еңбектерімен қатар, бүгінгі таңда қоғамдағы көкейтесті мәселелерге үн қосып жүрген Амангелді Айталы, Фариза Оңғарсынова, Дулатбек Қыдырбекұлы, Бекболат Тілеуханның т.б. баспасөз бетіндегі сөздеріне, еңбектеріне талдау жасайды. Аяған Сандыбай туған халқының тарихы, мәдениеті мен әдебиетінен жан-жақты хабардар болумен қатар, алыс-жақын шетелдегі ахуалмен де етене таныс көсемсөзші ретінде танылды. Журналист қоғамда орын алған олқылықтарды көрсетіп, ол кемшіліктерді жою немесе алдын алуға байланысты нақты ұсыныстар айтады. А.Сандыбай жаһандану мен ұлттық болмыс, ислам дінінің ұстанымдарын салыстыра сөз ете келіп, жабайы, тағы жылқыны алғашқы болып қолға үйреткен текті атаның ұрпағы бүгінде замана көшінен қалыс қалмай, жаһандану тегеурініне дайын болуы керектігін айтады. Бұл орайда қаламгер мемлекеттігімізді күшейтіп, халықаралық деңгейдегі менеджерлерді қалыптастыру қажеттігін, жалпыұлттық білім стандартын күшейту, ұлттық болмысты сақтау қажеттігін ескертеді. Журналистің мұндай мақалаларынан ұлтына деген жанашырлық, қамқорлық анық байқалады. «Тіл – Отанға жеткізер жол» («Язык до Родины доведет») деген мақаласында Аяған Сандыбай мемлекеттік тілдің дамуы бұқаралық ақпарат құралдарына ғана байланысты еместігін сөз ете келіп, мемлекеттік қызметкерлерге деген талапты күшейту қажеттігін айтады.
Көзқарасы айқын, ұстанымы берік, шындықтың туын биік ұстаған Аяған Сандыбай әріптестеріне де үлкен міндет жүктейді. Қаламгер бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік мәнділігін күшейтуге ерекше көңіл бөле отырып, оның мемлекеттің ішкі, сыртқы саясаты, елде, әлемде болып жатқан жаңалықтар туралы ақпарат жеткізуші, хабарлаушы ғана емес, соған байланысты журналист ұстанымы, редакциялық ұжымның, әлеуметтік жіктің көзқарасы айқын көрінуі қажеттігін, болған жайға баға беріп, қоғамдық ойға түрткі болуы, пікір қалыптастыруы керектігін ескертеді. Басылымның «Редакция алқасы мақаланың мазмұны үшін жауап бермейді» дегенді желеу етіп, газет бетінде жарияланған мақалаларындағы деректердің шындыққа қаншалықты жанасатынын тексермейтіні, адамның аты-жөні де шатастырылып жататыны сияқты олқылықтар кездесіп отырғанын қатаң сынға алады. Журналистің мақаласы қандай өзекті, өткір, көкейтесті мәселеге арналса да, ондай олқылық кеткен жағдайда көпшілік оқырманның ол басылымға деген сенімі жоғалатынын ескертеді. Журналист Қазақстандағы ірілі-ұсақты басылымдарға талдау жасай келіп, баспасөздің мемлекеттікті қалыптастыруға толыққанды атсалыса алмай келе жатқанын ескертеді.
Журналист Аяған Сандыбайдың жазған мақалалары рухани әлемімізде, ақпараттық инфрақұрылымымызда, қазақ баспасөзінің дамуында өзіндік орны болумен қатар, көкейтестілігін, өзектілігін жоймайтын дүниелер болып табылады.
Тақ емес, БАҚ-ты таңдаған...
Последние статьи автора