Танымал сатирик ешкімге айтпаған құпияларын жайып салды
Шенділерді ащы сатирасымен шымшып жүрген танымал сатириктің жеке өмірі қандай? Мемлекет қайраткері Нұрлыбек Жұбатқан ешкімге айтпаған құпияларын NUR.KZ порталына жайып салды.
«Әке-шешем, бауырым, келінім, балаларым, тағы бір інім бәріміз бірге тұрамыз. Негізінен мен екі рет отбасы құрдым. Біріншісінде жас болдық па, қыз орысқолдылау болды ма, жараса алмадық. Екінші рет қазақы деп Қызылорданың қызына үйлендім. Алты айдан кейін ажырасып кеттік. Оның өзі бір қызық нәрсе болды», - деген Нұрлыбек Жұбатқан отбасы құрған кезін есіне алды.
«2003 жылы екінші рет үйленгенімде, «Екі езудің» нағыз көтеріліп жатқан сәті еді. Жас театрды республикаға танытамын деп көк тер болып жүрген кезім. Ал ол қыз бала жас болды. Ақтөбеге оқуға келген. Онымен жеңгем таныстырды. Оқуға түсе алмай қалғаннан кейін кафеде жұмыс жасаған. Үйдегілер «келін әкел» деп отырғасын, асығып үйленіп алдық. Ол жас болғаннан кейін мен отбасыға көңіл аудару керекпін. Ал менің есіл-дертім театр болды. Үйде бір күн болып, он күнге жоғалып кетемін. Ол қиналды. Мені жұрт ақымақ десін, не десе де өнерді бірінші жолға қоямын», - деген ол шығармашылық адамының мінезі басқаша болатынын айтты.
35 жасында 20 жастағы қызбен көңіл қосқан сатирик ұзақ тұра алмаған.
«Онымен ешқандай ұрыс, төбелес болған жоқ. Ата-анасын шақырып сөйлестім. «Менің қазір ешқандай мүмкіндігім болмай жатыр. Отбасын, болмаса театрды көтеруім керек. Шаруамды бір жағына шығарып алайын. Отбасылық өмірді он жылға дейін тоқтатайықшы» деп келістік. Ешқандай ұрыссыз, шай ішіп отырып айттық. Он жылға дейін бір-бірімізді мазаламайық дестік. Ол сол кезде үйден ата-анасымен бірге кетіп қалды», - дейді сатирик.
Мұндай жаңалықты естіген әйелі есеңгіреп қалған.
«Оны артынан сөйлескенде айтып жатыр. Менің айтқаным оның төбесінен жай түсіргендей қылған. «Не қате жасадым?» деп ойланған, өнер адамдарын зерттеген. «Өнер адамына тыныштық керек, салмақ салмау керек екен» деп айтып отыр. «Он жылдан кейін босқа желкілдеп жетіп бармайын» деп оқуға түскен. Жұмыс жасап жүріп, оның да ақшасын өзі төлеген. Мен оны ауылына кетіп қалған шығар деп ойладым. Сөйтсем, ол ауылына бармай қалған. Елдің бетіне көрінуге ұялған. Бес жыл оқып мұғалімдік бітірген. Дипломын алып, жұмысқа тұрған, мектепте әдіскер болып жұмыс істейді», - дейді әйелінің жетістіктеріне риза болған ол.
Үйін алып, жағдайын жасап алған келіншектің өзі сатирикке бірінші болып хабарласады.
«Он жылдан кейін маған «Сен хабарласайық деп айтқансың» деп хабарласып тұр. Таң қалдым, қуандым, тұрмысқа да шықпаған, он жыл мені күтіп жүрген. Он жыл бойы Ақтөбеде жүрген. Бір көрген жоқпын. Театрға да келген, өзін көрсетпеген. Он жылдан кейін өзі мені «mail.ru» арқылы поштамен тауып алды. «Мені танисың ба?» деп хабарлама жазып жіберген. Сосын суретін салғанда «ойбай» дедім. «Қайдасың» деп жалма-жан халін сұрап жатырмын. Ол ауылына тек төрт жыл бұрын әкесі қайтыс болғанда барған екен», - дейді Нұрлыбек Жұбатқан.
Өз тағдырымен ойнаған сатирик ештеңеден құр қалдым деп ойламайды.
«Мұндай тағдыр ешкімде болмайтын шығар. Біз іссапарлап қаңғып жүреміз. Ол «неге кете бересің» деп жылайтын. Машинамыз бұзылып келгенде «Сен жылап, жолымды кестің» деп мен содан көремін. Шаққа құрған театрымды жоғалтып аламын деп қорықтым. Мен өз тағдырыммен ойнағанымды түсінемін. Бірақ бірдеңеден ұтылып, құр қалдым деп ойламаймын. Мен оның күтетінін білдім. Қызылорданың қызы болған соң сенімді ғой», - дейді ол күліп.
Сатирик өз ерекшелігін «нағышымның қанынан тараған қасиет» деп әзілдеді.
«Мен нағашыма ұқсағанмын. Ол да 50 жасында үйленген. Ол елуінде отбасын құрып, екі балалы болған. Мен де елуге жақындап қалдым, екі жыл қалды. Қазір бауырыма басқан ұлым бар. Келінім туған бойдан «Көке, мынау сіздің балаңыз» деп маған берді. Ол одан кейін оны емізген де жоқ. Шешем емізді, бақты», - деді бар сырын жайып салған сатирик.
«Көп жерге қысылып, қонаққа бара алмайтын едім. Жолдасың болмаған соң ыңғайсыз. Қазір қонаққа бірге барып жүрміз. Жұрттың бәрі «мынау кім?» деп сұрайды. Енді үйге апарғым келіп отыр. Отбасы құрғымыз келеді. Жылда Қазалыға концерт қойып барғанда үйінен адамдар келе ме екен деп қараймын. Ешкімнен ақпарат ала алмай кететін едім. Үйдегілер «сенің келіншегің пысық оқуын оқып, жұмысына тұрып, үйіне дейін алып алған» деп күледі. Менің тағдырым осы. Мұны ешкім қайталамайтын шығар», - деді Нұрлыбек Жұбатқан.
Биыл танимал сатириктің шаңырағында үлкен той.