Танымал әнші Назима Жәнібекова 16 жасындағы пойызға мінген кезінен сыр ақтарды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әнші басынан өткерген оқиғасын еліміздегі зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп жүрген поп-жұлдыз Dequine-ді қолдау мақсатында жазды.
Назима Жәнібекова Instagram-парақшасына пойыздағы зорлық-зомбылықтың құрбаны бола жаздағанын, жүрегіне өшпестей із қалдырып, жолсеріктің иттігі психологиясына әсер еткенін көпшілікке жайып салды.
«Сіздер "бастысы зорланбадың ғой" дейтін шығарсыздар. Бірақ сол оқиға менің ішкі жан дүниемді психологиялық тұрғыда ойрандап тастады. Көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Содан кейін пойызбен мүлде жалғыз жүрмейтін болдым», - деп жазады ол.
Әншінің айтуынша, 16 жасында оны пойыздағы жолсеріктердің бірі тиісе бастаған, бірақ ол бұл туралы әпкесінен басқа ешкімге тіс жармапты.
«Таңғы сағат 6 кезінде мен дәретханадан шықтым. Сол сәтте жолсерік жолымды бөгеп, әр түрлі сұрақтар қоя бастады. Ол мейірімді, әдепті адам сияқты көрінгесін, мен де әдеппен амандасып, жатқан орныма қарай беттедім. Кенеттен ол шашымды иіскей бастады. Мен оның әрекетінен күдіктене бастадым, сол кезде ол мені ұрмақшы болды. Мен лезде оған қарсы тұрып, екі аяғының ортасынан бір тептім», - деп еске алады әнші.
Осы оқиғадан кейін Назима отбасының қасына ентігіп келгенмен, ешкімге айтпай қалған. Қазір ол сол мезетте әкесіне айтып бермегеніне өкінеді екен.
Педофилдің құрбаны бола жаздаған әнші қыз-келіншектерді үнсіздік танытпауға шақырды. Үндемей қалғаннан пайда жоқ екенін айтты.
«Қыздар, осындай кезде үндемей қалмаңыздар. Сіз тез арада қарсы әрекет жасаңыз, адамдарға қоңырау шалу керек, айқайлау керек, қолдан келсе ұру керек! Үнсіздік танытпаңыз және өзіңізді қорлауға жол бермеңіз! - деп жан ұшырды әнші.