Өз өмірін өзгелерге үлгі етіп келген, төзімділік пен еңбекқорлықты жалау етіп, адалдық пен шыншылдықты шығармашылық ізденістеріне арқау еткен қазақтың қабырғалы қаламгері, әдебиеттанушы ғалым, қайраткер тұлға Немат Келімбетов 74 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ғұмырының жарты кезеңін ауыр науқаспен күресіп жүріп өткізген, әйтсе де рухани күшінің мықтылығын танытып кеткен аяулы азаматтың қазасы қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымы үшін, жалпы ел үшін ауыр тиіп отыр.
Таяуда ғана Алматыдағы Ұлттық кітапханада Немат Келімбетовтің шығармашылығына арналған үлкен ғылыми-танымдық ауандағы дөңгелек үстел болып өткен еді. Оған еліміздің зиялы қауым өкілдері, оқырмандар мен алыс-жақын шетелдерден беделді қонақтар қатысқан болатын. Бұл жиын қаламгердің әдеби ортамен, жалпы оқырмандарымен соңғы рет бетпе-бет жүздесуі боларын кім білген. Сол жиын барысында Немат ағамыздың қазақ әдебиетіне сіңіріп келе жатқан еңбегі мен ежелгі түркі әдеби мұрасын зерттеудегі елеулі үлесі жайында жан-жақты ой-пікірлер айтылып, түрік, қытай, неміс тілдеріне аударылған еңбектері мен аудиокітабының тұсаукесер рәсімі өткізілген еді. Осының алдында ғана қаламгер ғалымның «Үміт үзгім келмейді» атты кітабы қытай, түрік тілдеріне аударылып, тұсаукесер рәсімдері Түркия астанасы мен Қытай астанасы Бейжің қалаларында өткен болатын.
Әдеби шығармалары мен ғылыми еңбектері ұлттық әдебиетіміздің мол мұрасына айналған қайраткер қаламгер Немат Келімбетовтің жалпы шығармашылығы орыс, украин, түрік, қытай, неміс тілдерінде жарық көріп, өзге елдерден де өз оқырманын тауып үлгерген. Қаламгер ағамызды өзі қатысқан соңғы жиында сөз сөйлеген ізбасарларының бірі, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы: «Немат ағамыздың ғылыми еңбектері мен әдеби кітаптарының әлем тілдеріне аударылуы – бұл, ең алдымен, қазақ руханиятының жемісті жеңісі деп білемін. Демек, көрнекті жазушы-драматург, түрколог-ғалым Немат Келімбетовті қазақ оқырманы ғана емес, әлем мойындаған қаламгер деп бағалағанымыз жөн», – деген пікірін айтқан болатын. Қашанда өмірден үмітін үзбеген, тағдырдың басқа салған салмағын еңбегімен жеңе білген қайсар қаламгердің бейнесі қалың оқырманының жүрек төрінен ойып орын алатынына кәміл сенеміз.
Жазушымен қоштасу желтоқсанның 16-сы күні Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратында болды. Ұлтының қамын жеп, ұрпақ санасына рухани дән сеуіп кеткен қайраткер тұлғаның денесі қазақтың ардақты перзенттері мәңгі ұйқыда жатқан қаралы Кеңсайға жерленді.
Зәкір АСАБАЕВ, жазушы:
– Қазақтың үлкен жазушысына айналған Нематпен мен бір ауылда, бір сыныпта бірге оқып, мектепті бірге бітірдік. Бұл соғыстан кейінгі ауыр жылдар болатын. Ол бала кезінен зерек, сауатты болып қалыптасты. Басқа балалар сияқты біз де, әсіресе, әдебиетке құмар болып өстік. Мектептің қабырға газетіне Немат екеуміздің жазған өлеңдеріміз қатар шығатын. Әдебиет үйірмесіне қатысып, әртүрлі тақырыптарда пікір таластырып, ой жарыстыратынбыз. Сонда Нематтың ерекше білімпаздығы айқын аңғарылып тұратын.
Мектеп бітірген соң ол Ташкентте қаржыгердің оқуын оқыды. Алайда уақыт өте келе бойындағы шығармашылық қуаты оны әдебиетке алып келді. Кейін ол үйленгенде ауылда шағын той жасап, сол қуанышты дастарқанда өзім асабалық жасап едім. Бұдан кейін ол Алматыға келіп, алғашқы жылдары Ильич көшесінде пәтер жалдап тұрды. Рас, біраз қиналды. Оның үстіне денсаулығы да кәдімгідей сыр бере бастады. Әйтсе де, ол ешқандай ауыртпашылыққа мойымады. Шығармашылықпен айналысып, әдебиеттану саласына мықтап ден қойды. Елін, жерін сүйетін нағыз патриот азамат еді. Тамырлы туындыларды дүниеге әкелген тағдырлы тұлғаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
Өмірдерек
Келімбетов Нeмaт 1937 жылы 4 сәуірде Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Жаңажол қаласында туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының (қазіргі Сарыағаш ауданы) Абай селосындағы қазақ орта мектебін бітірген. Ташкент қаржы-экономика институтын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша тамамдаған. 1959-1960 жылдары Қостанай облысының мемлекеттік банкінде экономист-инспектор, бұдан соң Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандық газеттерінде, сондай-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясының экономика институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде еңбек еткен. 1965-70 жылдары – «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде — әдеби қызметкер, 1970-1973 жылдар аралығында Қазақ ССР Министрлер Кеңесінде — референт, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы болып қызмет істеген. Кейін «Қазақстан» баспасында — редактор, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиет кафедрасында профессор, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор ретінде де оқытушылықпен айналысқан.
Қаламгер — сондай-ақ қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі курсы бойынша жоғары оқу орындары студенттеріне арнап жазылған бірқатар оқулық пен оқу құралдарының авторы. «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта 2001 жылы докторлық диссертация қорғаған.
Немат Келімбетов – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың, ЮНЕСКО аясындағы Еуропаның Франц Кафка қоғамы наградасының иегері. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Украинаның «Почесна відзиака» («Құрмет белгісі») медалімен марапатталған.