Қазіргі кезде мертіккен адамдар бірден ауруханаға жүгіреді. Бірақ солардың кейбірі дәрігерлердің көмегінен кейін жақсарып кете алмаған жағдайда сынықшыға барып жатады. Жалпы кезінде, медицина аса дамымыған кезде халық арасында мертікккен адамды аяғынан тік тұрғызатын сынықшылар көп болған. Қазір де бар. Тіпті сынықшылардың қасиеті соншалық, дәрігерлердің өзі кейде сынықшыларға жүгінетін кездер болады екен.
Жақында Алмаз деген фейсбук қолданушысы, адамдар ескі түсінікпен сынықшыға баратынын жазып, дәстүрлі медицинадан артығы жоқ екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, сынықшы, емшіге сене беруге болмайды. Алмаздың бұл жазбасына әлеуметтік желіде Тимур Бектұр деген азамат қарсы пікірін білдіріп, сынықшылар туралы өзінің ойын білдірді.
Тимур Бектұр: – Ал мен, керісінше, сынық пен шыққанға ешқашан, ешқашан, ешқашан ауруханаға бару керек деп есептемеймін. Басқа кез-келген жағдайда, халық емін қолдай қоймаймын. Егер анау шөппен, Құран аятымен дем салып, сауатты емдейтін жағдай болмаса, көп жағдайда медицинаның "құдіреті" күшті. Бірақ, сындың ба, шығардың ба, онда сынықшыға тарт! Олар сенің жілігіңе сым, жамбасыңа темір салмайды. Алақанмен сипап отырып, салып береді. Қисық бітті ме? Пажалыста, жылқының майымен бұзып, кері реставрация жасайды. Бұл дәстүрді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Құдайға шүкір, бұл жағынан Маңғыстау әзірше сақтап келеміз.
2007 жылы жұмыстан үйге әкеліп түсірген өзімнің шопырым өзімнің аяғымды басып кетті. Машинамен, әрине. Сол аяқтың тобық тұсынан бастап, айналдырып келіп езіп жіберді. Дәл сол күні жап-жаңа туфли алған едім...
Салып ұрып жедел жәрдемге бардық. Рентгенге түсірді де "Сынбаған, шыбықтары майысқан" деген қорытынды шығарды. Құйрықтан абезболиваюшиды бір ұрды да аяғыма добалдай қылып гипс салып, "қолыма ұстатып" жіберді. Финита лә кәмедия.
Рахат ағама соғып мән жайды айттым. Ол кісі жатып келіп ренжіді. "Есі дұрыс адам сынық үшін бәлніске бара ма?" деп. "Таңертең ертемен тұр да, Тамара Асардың әкесі Қалниязға бар, Ақшұқырға. Сол кісі мықты сынықшы" деді. "Құп" дедім. Ертесіне бардым. Сынықшының үйінде "не үшін келдің, кімсің?" деген сұрақ болмайды. Бірден төрге оздырады. Содан, біздің медицина сынық сала алмайтыны былай тұрсын, рентген оқи алмайтын да болып шықты. Снимокты қарап шықты да "мына бір екі жерден сынған екен" деді, - аяғымның үстіңгі дөңес жерін нұсқап. Өзінің дайындап қойған бір сұйықтығы бар екен, сонымен сылап, сылап, әңгімеге тартып отырды, отырды, отырды, отырды да "Міне!" деп сырт, сырт еткізді. Ләм-мимге шамам келмей қалды. "Екіншілей, сынған кезде ешқашан рентгенге түсірме, сынықтың бітуін рентген сәулелері кешеуілдетеді" деді. Гипсты лақтырып, аяғымды мәрлімен жақсылап байлап берді. "Бір аптадан соң перевязкаға кел" деді. Бір аптада балдақ ұстап, 9-шы қабаттан түсе алатын болдым. Екі аптада жұмысқа шықтым. Үш аптада өз аяғыммен жүріп кеттім. Содан бері ол аяғым ыстықта да, суықта да мазалаған емес.
facebook.com парақшасынан алдынды.