Тамара Асар қатерлі дерттен 28 келіге арықтап кеткенін айтты
Тамара Асардың жол көлік апатына түсіп, аса ауыр жарақат алғаны талай басылым беттерінде жазылған. БАҚ өкілдеріне сегіз жылдан бері өзі туралы сұхбат бермеген әнші Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында ауыр дертке шалдығып, 28 келіге дейін арықтап кеткен күндерін еске алды.
"Өте қатерлі аурумен ауырдым. Өзімді-өзім үлкен консилиумға салуға рұқсат бердім. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 7000 мың дәрігердің алдында менің денем тұр, басымды көрсетпейді, шашым жоқ. Олар жол апатынан кейін менің денемде пайда болған нәрсені қарап жатыр. Оның бәрі соққыдан кейін ағзамда қалыптасқан ұйыған қан болуы мүмкін. Камерамен денеме аппаратты қосып қойған. Соның барлығында мен өзімді «бақытсызбын» деп сезінген жоқпын. Өліп кетемін деген ой мүлдем келмеді, өзім 28 ғана келімін", - деді ол.
Әнші көп жылдар бойы Мәскеуде ем алдым дейді. Айтуынша, денсаулығының қайта қалпына келуіне ресейлік дәрігерлердің қосқан үлесі зор.
"Мен орыс халқына ризамын! Менің қайта қалпыма келуіме олардың қосқан үлесі зор! Маған дәрігер: Сенің жаның бар ма өзі? Жүрегіңдегі сезімдерің қайда?» дейтін. Мен оның сөзіне қарқылдап күлетінмін. Емделіп жатқанымда ұлым Қамбар палатаға бір гүлмен келетін, өзі бір жаста. Қолында балмұздағы бар. Қазір мұндай сабырлы болуым шарасыздықтан болған шығар деп ойлаймын. Сол кезде тағы концертім болады, бұл дертті жеңемін деп отырамын ғой. Мені тіпті ота жасауға да алмады. Иммунитетім әлсіз, салмақ 28 келі, шашымның бәрі түсіп қалған. Сол себепті 7000 дәрігердің алдына шығуға келістім", - дейді әнші.
Бір кездері комада жатып "Шәкәрім Құдайбердіұлының әнін айтып ояндым" деген Тамара екінші әлеммен рухани байланысқа шығып тұратынын да жасырмады.
«Менде ішкі тылсым болды, түс көретінмін. Мен ата-бабаларымды көріп, сөйлесетінмін. Медитацияны үйренген кезде 18 жаста болдым. Ана әлемге 21 минут, 7 минутқа байланысқа шығатынмын. Мәскеудегі дәрігерім: «Сен адам емес, кереметсің!» деп айтатын», -дейді ол.