Тамара Асар өзінің жол апатынан кейін мүгедектер арбасына таңылған күндерін еске алды. Әнші анасының ауыр күндері жанында болып, қолдау білдіргенін айтты деп жазады NUR.KZ.
Әнші өзінің естеліктерімен Instagram парақшасында бөліскен.
"Анам мені емге алып келгенде кішкентай қыз болатынмын. Өзім арбада отыратынмын. Апаттан кейінгі қиындау жағдай былай тұрсын, "ревмотоидный артрит" деген ауру бойыма меңдеп кеткен. Қолым қасық көтере алмайтын. Аяғым жер баспақ түгілі, қозғауға келмейтін. Қиялдайтын санам, сайрайтын тілім, ыңылдайтын көмекейдегі дауысым, жәудіреген көзім ғана үміттің отын сөндірмеді.
Ауру жаныма қатты бататын. Анам мүгедектікке бой бергізбеді, күрестірді. Өзі сенді. Мені сендірді. Біреуге өтірік, біреуге шын бірақ арбадан бір аптада түсіп, балдақ ұстадым. Келесі аптасында балдақты лақтырып, аяғымды басып жүре бастадым", - дейді Тамара Асар.