Тамара АСАР, Маңғыстау облыстық филармониясының әншiсi: "Барымды да, жоғымды да көп айтпайтын адаммын"

Кешегі аптада Оңтүстікте Маңғыстау облысының «Мұралы Маңғыстау» атты апталығы болып өтті. Апталықтың соңы Шымкентте елімізге белгілі әнші, Маңғыстаудың тумасы, сол өңірдегі облыстық филармонияның әншісі Тамара Асар мен «Жорға» би тобының концертімен аяқталды. Бізге ел арасында қайсар қыз атанып кеткен әнші Тамара Асармен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Тамара, сіз әлгінде сахнада тұрып: «Шымкенттіктер кез келген әншіні жылы қабылдай бермейді» деп қалдыңыз. Мұны қалай түсінуге болады?
– Өзім Шымкентке жиі келемін. Көбіне той-томалақтарға шақырады. Бұл сөзді өзім байқаған соң айтып отырмын. Шымкенттіктер анау-мынауды менсіне бермейді. Сыйлауға тұрарлық адамын алақанына салып, ұнатпай қалғанын таптап өтіп кете береді. Яғни ойындағысын бетке айтады, ұялу-жасқану деген жоқ. Сосын әнге, әншіге, жалпы, өнерге деген талғамы жоғары. Өз басым, Шымкенттің тойына таң қаламын. Тапқанын тойға шашады, кем дегенде мың адамды шақырып, той өткізеді. Қонақжайлығынан мін таппайсың. Сондықтан ғой кез келген әншіні жылы қабылдамайды дегенім.
– Той демекші, әр әншінің «гонорары» болады ғой. Сіздің тойдан та-батын табысыңыз қанша? Жалпы, сізді табысы көп әншілердің қатарына жатқызуға бола ма?
– Мен барымды да, жоғымды да көп хабарламайтын адаммын. Жеке өмірім, табысым жайлы жалпақ жұрттың білгенін қаламаймын. Сосын өзімді қамшылап, ақшаға бата қалайын деп тойдан тойға шапқылайтын әнші емеспін. Бабыма қарай барамын. Өзімнің рахатым үшін ән салатын адаммын. Осыған қарап-ақ жағдайымның қай деңгейде екенін бағамдай берер. Құдайға шүкір, Астанада баспанам бар, баратын жеріме жеткізетін көлігім бар, балам үшін жиған-тергенім бар. Ал «гонорар» мәселесіне келсек, оның бәрі халықтың жағдайына байланысты. Менімен бірге жұмыс істейтін әкімшілік қызметкер мен менеджерім бар. Бағаны сол кісілер белгілейді, мен сол соманың ішінен белгіленген ақшаны аламын. Негізінде әр аймақтың өз «гонорары» бар, соған сәйкес, табысымыз да түрленіп тұрады.
– Табысты әншілердің бірі атанған Қайрат Нұртас жайлы жағымды да, жағымсыз да әңгімелер жиі айтылып жатыр. Күні кеше Бибігүл Төлегенова апамыз да Қайрат Нұртас сынды әншілер жастарды бұзады деген сын айтты. Сіздің ойыңыз қандай?
– Мен әлеуметтік желілерге көп кірмеймін. Сондықтан бұл әңгімені кештеу естідім. Қайрат – жұмыртқадан балапанға айналған жас әнші. Сондықтан оған айтылып жатқан сынның да жөні бар. Қайраттың оған бола сағы сынбауы керек. Аға буынның өзінен кейінгілерге сын айтуы қалыпты жағдай. Ал өз басым Қайратқа, оның еңбекқорлығына ризамын. Қайрат – Қазақстандағы касса жинай алатын жалғыз әнші. Ондай әлі эстрадамызда болған емес. Ол кез келген ауылға, қалаға барса да концертіне адам лық толы жиналады. Еңбектеген бала да, еңкейген қарт та Қайраттың әндерін сүйіп тыңдайды. Халықтың қалауы Қайратқа түсіп тұрғаны үшін оны жазғырудың қажеті жоқ. Кейде осындай ел арасында жақсылы-жаманды әңгімелердің шығып тұрғаны да жақсы. Көзден сақтайды.
– Сізді жұрт қайсар қыз, өмірді сүйетін әнші деп жатады. Қанша қайсар болғаныңызбен сіз де әйелсіз. Жаныңыз нәзік. Кейде жабырқап, мұңайып, өзіңізді әлсіз сезінесіз бе? Ондай сәтте не істейсіз?
– Жабырқап, жалғызсырайтындарды мен өмірден өз орнын таппаған адамдар деп айтар едім. Кезінде мен денсаулығымнан айырылып, өмір үшін арпалысып жатқанымда жиі жалғызсырап, мұңаятынмын. Бас сүйейтін адам іздегенмін. Қазір олай емес. Себебі мен өзіме не қажеттігін, нендей жұмыс істеуім керектігін түсіндім. Әйел ретінде емес, ана ретінде, яғни балам ауырып, қиналса қамығатыным бар. Елім барда, мені Тамара Асар деп сыйлайтын тыңдармандарым барда менің депрессияға түсіп, қайғырып отырғаным орынсыз сияқты.
– Ұлыңыз Қамбар ержетіп келе жатыр екен. Сіз секілді өнер адамы болуды қалап отырған шығар...
– Камбачонымның жасы 12-ден асты. Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алуда. Сабақтан тыс уақытта домбыра, фортепиано үйірмесіне қатысып жатыр. Шахматты тәп-тәуір меңгерген. Ал негізі математиканы тереңдетіп оқытатын сыныпқа барады. Әлі жас қой, министр боламын дейді, қай саланікі екенін өзі де білмейді. Әнші бола ма, басқа саланың маманы бола ма, ең бастысы, өз басын алып жүре алатын, өз отбасын асырай алатын деңгейге жетсе, мен үшін басқа ештеңе керек емес.
– Сіздің дизайнерлік те қабілетіңіздің барын естідік. Киім үлгілерін өзіңіз сызасыз ба?
– Ол рас. Мен арнайы стилист мамандардың көмегіне жүгінбеймін. Қасымда Лаура деген апайым бар, сол кісімен бірге ақылдасып, сахналық костюмдердің эскизін жасаймыз. Міндетті түрде көйлектерімнің етегі ұзын, сонымен қатар заманауи үлгіде болғанын қалаймын. Әр әнді жарыққа шығарарда соған сай киім тіктіруге тырысамын.
– Сахналық киімдеріңіздің ішіндегі ең қымбатын атай аласыз ба?
– Өз киімімді өзім дайындағандықтан оны безендіргендегі әрбір тасы, әшекейі, ең бастысы, менің идеямнан туындаған образ баға жетпес қымбат. Басқа әншілер сияқты он мың, бес мың доллар деп кесіп-пішіп айта алмаймын. Қымбат киімді тіктіріп алып, оны бір-екі концертке ғана киіп шыққаннан гөрі, өзіңе ыңғайлы, бағасы қонымды, сәні жағынан әртүрлі он көйлек киген тиімді сияқты, меніңше.
– Кей әнші қыздарымыз дене бітімін қалыпта ұстау үшін арнайы фитнес-орталықтарға барып, кейде емдәм ұстанып жатады. Ал сіздің сымбатыңыздың бірқалыпты болуының сыры неде?
– Арнайы спортпен де шұғылданбаймын. Тек таңертең ерте тұрып, саябақтың ішінде жүгіремін. Үй ішінде жаттығу жасаймын. Асқазанды толтырудың реті осы екен деп дастарханда барын жей бермеймін. Тағамға да талғаммен қараймын. Етті жақсы көремін, шайды баппен, сиырдың, түйенің сүтін қосып тұрып ішемін. Үнемі Маңғыстаудан шұбат, уылдырық алдыртамын. Сүйіп жейтін тағамдарым деп осыларды айтуға болады. Ал толып кетпеуімнің сыры үнемі қимыл-қозғалыста болуымнан шығар.
– Әңгімемізді шығармашылығыңызға бұрсақ. Нендей жаңалықтарыңызбен бөлісе аласыз?
– 31-ші қазан күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында жеке шығармашылық кешім өткелі жатыр. Соған қызу дайындық үстіндеміз. «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйе-мелдеуімен жаңа әндер орындалады. Бұрынғы концерттеріме қарағанда ерекшелеу болады деп ойлап отырмын.
– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқандар – А. ҚАСЫМБЕК, Н. ӘСІЛБЕК.
zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста