Алаш арыстарының бірі, қазақтың ғажайып ақыны Мағжанның қаламынан туған шығармалар әр кезде өз маңыздылығын жоғалтпаған. Мағжан Жұмабаев «Үлкен мәуелі әдебиеттердің көлеңкесінде тал шыбықтай жас қазақ әдебиеті тыртиып өспей қалса ше?» деген үлкен уайыммен дүниеге «Табалдырық» атты манифесін әкелді. Мағжан манифесі – «Табалдырықпен» ғалымдар терең танысуда. Оған байланысты Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институты гуманитарлық мамандықтар кафедрасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Бұл жиында Мағжанға қатысты бірнеше сұраққа жауап бола алатын салмақты, тың фактілер айтылған еді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ гуманитарлық мамандықтар кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Мағжанның «Табалдырығы» – үлкен еңбек. Өткен ғасырдың 20-жылдарының орта тұсындағы қазақ әдебиетінің негізі бола алатын теориялық шығарма деп айтуымызға болады. Жалпы, сол заманда қазақ әдебиеті осы секілді теориялық негізге мұқтаж болатын. Өйткені большевиктердің идеологиясы қазақ әдебиетіне өзінің ұстанымын танытқысы келді. Әдеби үдерісті бір арнаға салуға тырысты. Мағжан сол қазақ қоғамының ерекшеліктерін, қазақ өмірінің белгілі бір дәрежесінің көрінісі болуы керек деген ұстанымды ұстанды. Қазіргі кезде осы «Табалдырық» манифесінің авторы Мағжан ғана емес деген пікір айтылып жүр. Менінше, бұл пікір негізсіз. «Табалдырық» – Мағжанның өзінің жеке шығармасы. Ол 1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың бас кезінде жазылған. Бұл бағдарламалық құжаттың жазылуына сол тұстағы Мәскеудегі жазушы қауымның арасында қалыптасқан түрлі ағымдар мен теориялық ұстанымдардың өзара қақтығысының әсері болғаны анық.
Орыстың үлкен ақыны Сергей Есенин 1924 жылы жазған «О советских писателях» деген мақаласында мынаны көрсетеді: «Революция жылдары ескі тұрмыс күйреп, астан-кестең өмірден жаңа тұрмыс әлі туа қоймаған жағдайда еліміздегі көркем шығармашылық аласапыран күйде болды. Сансыз көп ағымдар мен ұйымдар құрылды». Міне, осындай кезеңде «Табалдырық» шығармасы жазылды. Осы арада тоқталуға тура келетін тағы бір мәселе бар. Жоғарыда айтып өткендей, М.Жұмабаев 1925 жылдың қаңтар айында «Табалдырық» шығармасын таратуға даярлаған. Бағдарламасы «Табалдырық» болған «Алқа» ұйымының негізгі көздегені, біріншіден, замана ағымындағы қазақ қоғамының тарихи кезеңдегі еуропалық және орыс қоғамдарымен салыстырғанда ерекшелігін айқындау, екіншіден, соған байланысты осы бір күрделі, өтпелі кезеңдегі ұлт жазушысының, шығармашылық иесінің міндетін саралау еді. «Табалдырық» – 1917 жылдың күзінде өмірге келген «Алаш» бағдарламасының табиғи логикалық жалғасы және осы ретте ұлттық мәдениеттің, руханияттың мақсат-міндеттерін таратып, түсіндіретін тарауы ретінде оқылатын құжат. Мұнда қазақ қоғамының ішкі ерекшеліктерін ашып көрсететін, соған байланысты жазушылардың міндетін анықтау мәселесі алға қойылды. Тағы бір мәселе, «қазақ жазушылары арасынан «Табалдырық» манифесін қолдағандар болды ма?» деген сұрақ туындап жүр. Бұл ретте, Мағжанның «Табалдырығын» М.Әуезов, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсыновтың алып оқығанын, онымен І.Жансүгіров танысып, түзетулер енгізгенін айтқанымыз дұрыс. Ал осы «Табалдырық» шығармасының арнасында дүниеге келген М.Әуезовтің 1928 жылы жазылған «Хан Кенесін», І.Жансүгіровтің 1930 жылы жазылған «Күйші» поэмасын айтуға болады. Ұлы Мағжан ақынның қаламынан туған «Табалдырық» қазақтың көркемдік ойы мен мәдениетін әлемдік өркениетпен жалғастырып, қазақ елін әлемдік мәдени кеңістікте өз орны, өз қолтаңбасы бар ұлт дәрежесіне көтерді.
Шамек ТІЛЕУБАЕВ, тарихшы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы:
– Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық» атты шығармасы – Қазақстанда кеңестік жүйе орнап, қоғамдық ойды, әдебиетті таптық бағытқа бұруға басымдық беріле бастаған кезде оған ашық қарсылық білдірген ұлттық бағыттағы, ұлттық ұстанымдағы мәлімдеме. Бұл Мағжанның теориялық, методологиялық, тіпті идеологиялық еңбегі десек те болады.
Репрессияға ұшыраған кездегі М.Жұмабаевқа тағылған негізгі айыптардың бірі осы жазылған шығармасы үшін болды. Бұл – оның «басын тіккен» еңбегі. Мағжанға тағылған негізгі айып оның ұлтшылдық бағытты ұстанғандығы еді. Тергеу материалдарында «Табалдырықты» платформа деп атаған. Ал профессор М.Қойгелдиев оны манифест деп атауды ұсынып отыр, олай атауды мен де қолдаймын. Өйткені онда М.Жұмабаевтың өзінің ашық білдірген жеке пікірі, ұстанымы көрсетілген. «Манифест» дегеніміз – ол белгілі бір қоғамға өзінің мәлімдемесін, ұстанымын білдіру. Ал «платформа» деген ОГПУ-дың саяси астармен берген термині деп ойлаймыз.
– Бір кездерде Мағжанды 1946 жылы Бауыржан Момышұлы көріпті, кездесіпті деген әңгіме шығып еді, сол туралы пікіріңізді айтсаңыз.
– Соңғы уақытта «1946 жылы Мағжан мен Бауыржан кездесіпті, Бауыржан Момышұлы оны көріпті» деген әңгімелер айтылып, баспасөз беттерінде жазылып та жүр. Бірақ бұл әңгіменің қаншалықты рас екенін айта алмаймын. Біз үшін бір нәрсе анық. Осы күндерге дейін ҚР ҰҚК мұрағатында сақтауда тұрған Мағжан Жұмабаевтың репрессияға ұшыраған тұсындағы тергеу материалдарының құжаттары бар, бұл құжаттармен біз толық таныстық деуге болады. Сақталған құжаттарда Алаш қозғалысы қайраткерлерін репрессиялаудың бірінші үдерісі бойынша Мағжан 1930 жылы 10 жылға жер аударылған. Кейін 1936 жылы босатылып, елге қайта оралған. Ал 1937 жылдың 30 желтоқсанында НКВД оны қайта тұтқындап, біраз уақыт оның үстінен тергеу жұмыстарын жүргізген. Осы тергеудің соңында Мағжан Жұмабаев КСРО Ішкі істер халық комиссариатының 1938 жылдың 11 ақпанындағы №37 шешімі бойынша ату жазасына кесілген болатын. Мағжан Жұмабаевқа қатысты кейінгі 1937-1938 жылдардағы тергеу материалдарында тіркелген ату жазасы «1938 жылдың 19 наурызында іске асырылды» деген құжат бар. Бұл – үкім іске асырылған уақытта толтырылған «Үкім іске асырылғандығы жөніндегі акт». Ол кезеңде үкім орындалған жағдайда осындай акті толтырылатын болған. Мұрағат құжаттарында, міне, осындай дәлелдемелер бар. Ондай құжат сол кезеңде ату жазасына кесілген және ол іске асырылған жағдайда әр адамның тергеу материалдарында тіркелген болса керек.
Ал таптық, шовинистік бағыттағы кеңестік тоталитарлық жүйенің сол тұста Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, М.Жұмабаев сияқты т.б. Алаш азаматтарын, ұлттық ұстанымдағы қазақ зиялыларын тірі қалдыра қоюы мүмкін емес еді. Сондықтан да кеңестік репрессиялық аппарат Мағжан ақынды да тірі қалдырған жоқ деп ойлаймын, оған дәлелді жоғарыда келтіріп отырмыз.
Екатерина СМОЛЯКОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың І курс магистранты:
– Мағжан Жұмабаев – қазақ әдебиетінде шоқтығы биік ақын. Егер Мағжанның ұлтшылдығының, идеалшылдығының себебін түсіндірген Ж.Аймауытовтың сөзімен айтатын болсақ, бұл ақынның құбылысын былайша бағалайды: «Мағжан – алдымен сыршыл ақын... Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады... Ауыз толатын айбынды асқақ сөз Мағжаннан шығады. Оның сөздері жүректі қытықтап, жыбырлатып қана қоймайды, түбімен суырып, мейіріңді қандырады... Мағжан ақынды ақындық жағынан сөзсіз суретші деп айтуға болады».
Мағжан Жұмабаев алдымен жазушы ретінде өзінің де, әдебиеттің де міндеттерін әбден түсініп алу керек деген қорытындыға келеді. «Жазушы қандай болуы керек?» деген сұрағына «Ақын болмасаң, болма, азамат болуға міндеттісің», – дей отырып, жазушы өзін ұлт өмірінен бөле алмайды, ол азаматтық борышын қоғамның қай мүшесінен де кем атқармауға, сонымен бірге шығармашылық шарттарды толық игеруі тиіс деп жауап береді. «Табалдырық» манифесі – меніңше, оның барлық ақындық, барлық азаматтық идеяларының қаймағы, соған дейін айтылған пікірлерінің, жазылған шығармаларының қорытындысы. Сондықтан «Табалдырық» манифесі өз дәуірі үшін қаншалықты маңызды болса, бүгінгі күніміз үшін, бүгінгі әдебиетіміздің тынысы үшін соншалықты маңызды деп ойлаймын. Себебі осы еңбекпен таныса отырып, біз, бүгінгі жастар, қазақ әдебиетіне, оның тарихына қандай көзқарас тұрғысынан қарау керектігін, кімдердің шығармаларын қалай бағалау керектігін және келер ұрпақ үшін соның ішінен ең асылын, құндысын, шынайы мөлдірін теріп беру керектігін түсінеміз. Мағжанның «Мен жастарға сенемін» дегені де – осы.