Жаңа мыңжылдыққа қадам басқан 2000 жылы Қызылорда қаласындағы Гагарин қыстағына жергілікті атқамінерлер жаңа атау берді.
Аспан әлеміне алғаш жол салған ғарышкер құрметімен аталған қонысқа осылайша «Сыр сүлейлері» деген құлаққа жағымды атау қойылды. Көмейінен ағыл-тегіл жыр-терме ақтарылған өлкенің бұл өнегесі жергілікті жұрттың көңілінен шықты. Тағы бір қуаныштысы – ондағы көше атаулары да жаңартылды. Көптеген көшелер ескі шекпенін шешіп, оларға сүлейлер есімі берілді.
Хош делік. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді қазақ. Жоғын түгендеген ел марқайып қалды. Сол кездегі басшылар бұл жерге сүлейлерге арналған ескерткіш қойылады деген жылы жаңалықты жергілікті жұртқа жеткізген еді. Арада біраз уақыт өткенде орнатылған ескерткішті көргенде халықтың қуанышы су сепкендей басылды. Аты дардай, заты жұрдай кішкене ғана белгіден басқа ешқандай дүние көзге шалына қойған жоқ. Тіпті оның көпшіліктің көзіне түсе бермейтін елеусіз күйде екенін жасыра алмаймыз.
Бұл аймақ қаланың шеткі бөлігіне орналасқан. Сол себепті де шешілмеген әлеуметтік проблемалар да шаш етектен. Сүлейлер ұрпағы мұндай келеңсіздікке өз өкпе-реніштерін білдіріп келеді. Әйтсе де, оған елең етіп жатқан ешкім жоқ.
Шалқыма ӘБДІРӘУІПОВА, Тұрмағанбеттің немересі: Атамның мұрасы – Алаштың өшпес мұрасына айналды. Алайда сүлейлер құрметіне қойылған белгіні олардың бізге қалдырған өнегесіне лайықты емес деп санаймын. Менің ойымша, бұл аймақтан көпшілік серуендейтін арнайы демалыс орны ашылса деймін. Өкінішке қарай, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ.
«Сыр сүлейлерін» әспеттегеніміз осы ма?
Последние статьи автора