Шыңғыстаудың сырт жағында, атақты Шаған шайқасы болған Шаған өзенінің бойындағы Қоңырәулие үңгірі – ерекше тылсым ордасы. Үңгірдің сырты тасты, жоталанып біткен. Үңгірдің аузы өзеннен 500 метрдей жерден басталады. Бұл үңгір жайында көптеген аңыздар айтылғанымен, Қоңырәулие әлі күнге спелеологтар тарапынан толыққанды, жүйелі зерттелмеген.
Шапқыншылық заманында жоңғарлар күндіз соғысып, түнде жоқ болып кете береді екен. Басында қазақтар оларды бірнеше күн бойы жеңе алмай жүреді. Соңында жау сыртынан аңдушы қойып, осы үңгірдің үстінен түседі. Шайқас соңында үңгірдегі жоңғарлар қылыштарын көтеріп, ер-тоқымдарын тастап, өздері берілген екен. Бүгінде үңгірдің айналасында содан қалған қалың қорым бар. Бұл Шаған шайқасының қаншалықты маңызға ие екендігін де көрсетсе керек. Бір қызығы, қазақ жауынгері жерленген қорымның құбыла жағына тас қойылған. Сонымен қатар тастағы ру-тайпа таңбаларынан бүгінде қазақ құрамындағы барлық рулардың белгісін ғана емес, сонымен бірге Шыңғыс хан әскері құрамында болған тайпалардың да таңбасын кездестіруге болады.
Үңгiрге кіргеннен кейін 100 қадамнан соң, өзіміздің киіз үйдің керегесін және шаңырағын көресіз. Кәдімгі тастан өрілген. Жаугершілік заманда бір рулы елдің халқы емін-еркін сыйған, сыры көп үңгір туралы кезінде Мұхтар Әуезов те, одан бергі қаламгерлер де жазды.
Шыңғыс хан шындығының кілті
Үңгірге түсіп, төмен қарай жүргеннен кейін шеті көрінбейтін көлге кездесеміз. Көл суының жыл он екі ай бір температурада тұруы таңғалдырады. Су температурасы үнемі 7-8 градус суықтықты көрсетеді. Сондайда Шыңғыс ханның Қоңырәулие үңгірінің ішіне жерленгендігі жайында айтылатын әпсана – әбден ойлантарлық жай. Жалпы, Шыңғыстаудың аты ханның құрметіне қойылғаны бекер ме екен? Шыңғысты хан көтерген осы таудың биігі Хантау деп аталады. Ақсақалдардың айтуынша, үңгір ішіндегі көлдің түп жағынан үңгір бірнеше камералы болып кетеді. Оның ар жағында құпия есік бар көрінеді. Сол есік таудың астындағы үлкен үңгірге апарады екен де, сонда ұлы хан жерленген-міс. Бұл – аңыз, бірақ астарында ақиқат жатуы мүмкін. Ал әзірге үңгірдің түбіне дейін барған ешкім жоқ...
Абайдың ізі қалған
Қоңырәулие үңгірінің ішінде Абай атамыздың есімі арабша жазумен жазылған тас та болған. Оны жергілікті тұрғындар соңғы рет 1960 жылы көріпті. Сол тас кейіннен көрінбей кеткен. Қолды болды ма, көміліп қалды ма, белгісіз. Олай дейтініміз, іргедегі Семей полигонында 40 жыл жарылыс болғанда, үңгірдің ішіндегі тастардың біразы құлаған болатын.
Бір кезде үңгірдің бір бүйірінде жатқан жалаңаш қыздың бейнесі мүсінделген балбал тас болған. Бүгінде одан да айырылып қалғандаймыз. Кім алды, қайда кетті – оны ешкім білмейді...
Үңгірдің өз иесі бар
Бүгінде жаз болса, Семейден шалғай жатқанына қарамастан, Қоңырәулие топырлаған тіршілік көзіне айналады. Әсіресе соңғы жылдары өздерін «Ақжол» атайтындардың «жорығы» жиілеген. Бірақ олар киелі жерге ем іздеп емес, бизнестің бір тиімді жолы болғандықтан келеді.
Ертеде Қоңырәулие үңгірінің алдында жарты құлаш сұр жылан жатады екен. Оқта-текте біреу бара қалса, жылан тиіспей, айбар да шекпей, жартастың қуысына кіріп кетеді. Мұны көзбен көргендер әлі де жыр қылып айтады. Кейбір білдік дегендердің айтуынша, сұр жылан адал, ақ ниетті адамдарға ғана көрінеді екен. Бүгінде жылан да жым-жылас, ниет-пиғыл да әртүрлі...
Әулиесі елін асырайды
Қазір Абай ауданында туризмді дамытудың 2009-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Қоңырәулие үңгірі үшін біраз жұмыстар қарастырылған, ол жергілікті бюджеттің есебінен қаржыландырылады. Алайда сел астында қалған, бүйірі тесік аудан бюджетінің қаржысы Қоңырәулиенің айбынын асыру үшін, әрине, аздық етеді. Сондықтан Қоңырәулиеге облыстық, тіпті республикалық деңгейде назар аударылуы қажет.
Қазіргі кезде Қоңырәулие үңгірінің қасында заманауи болмаса да, екі үй тұрғызылған. Онда ас әзірленіп, 15-20 адам демалып, қонып шығуға болады. Мал сойып, құран бағыштайтындарға да арнайы орын дайындалып, қазан-ошақ та қарастырылған. Үңгір ішіне самаладай прожектор болмаса да, сығырайған электр жарығы тартылған. Оны жасап отырған – жергілікті шаруа қожалығы. Бұл игілікті істі ары қарай жалғастыру үшін мемлекеттің қамқорлығы керек.
Ал үңгірге 20 шақырымдай жердегі Тоқтамыс ауылы тұрғындарының айтуынша, жазда күн сайын Қоңырәулиеге ондаған автобус және жеңіл көлікпен келетіндер қарасы молаяды. Сондықтан осынау ғажайып ескерткіштің басын жабайы күйде қалдырмай, туризмді дамытудың бас жоспарында арнайы көңіл бөліп, өркениетті шараларды қолға алсақ, жарасар еді.
Амантай ИСИН, тарих ғылымының кандидаты:
– Қоңырәулиеде біз де болып, біраз зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Бұл – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуразияда өзіндік орны бар, мәдени-тарихи бірегей орын. Сондықтан оны толықтай мемлекеттің қарауына алып, кешенді түрде реставрация жүргізсе... Себебі оған жыл сайын көптеген адамдар барып, біраз нәрселерін бүлдіріп, өзінің тарихи маңызын жоя бастаған.
Молдабек ЖАНБОЛАТОВ, шежіреші, этнограф:
– Бұл үңгірдің бір сыры, қасиеті сол көлде және оның суының құрамында болып тұр. Дәмін татып көрсеңіз, кәдімгі әкке ұқсайды. Кейбіреулер автокөліктегі аккумулятордың суы ретінде де пайдаланған. Көлдің суы не азаймайды, не көбеймейді. Үңгірдегі көлдің Балқаш суымен жалғасқандығы жайында айтатындар да бар. Соңғы кезде үңгір ішіндегі көлді әртүрлі ауруға ем деп танитындар көбейді. Сондықтан онда барып, дертіне шипа іздейтіндер жыл сайын көбейіп келеді. Емдік қасиеті бар ма, жоқ па – оны да әлі ешкім білмейді. Сондықтан осы көл суының құрамы ғылыми тұрғыда зерттелуі керек.
Ақылтай САБЫРБАЙ, Тоқтамыс ауылдық округінің әкімі:
– Қоңырәулие үңгірі – жекеменшік шаруа қожалығының иелігінде. Себебі үңгірдің орналасқан жері осы шаруашылыққа қарайды. Үңгір басында келгендерге жол нұсқап, көмектесетін адамдар бар. Түнегендерге тамақ, көрпе-жастық береді. Жергілікті тұрғындарға тегін қызмет етсе, басқа жерлерден келгендерден шама-шарқынша қаражат алады. Алдыңғы жылдары жаз мезгілінде оқушылар демалатын сауықтыру лагерін ашу жоспарда болған. Бірақ ол Бақанастан ашылды.