Шынайы жанашыр
Асылы Османқызын білмейтін қазақ кемде-кем болар. Әсіресе жаным, қаным, рухым қазақ дейтін ұлтжанды үлкен-кіші азаматтар Асылы Осман қызының қазақ тілінде тамаша шешендікпен, білгірлікпен, сауаттылықпен, асқан жанашырлықпен қазақ тілінің тағдыры мен бүгінгі мемлекеттегі орны, мәртебесі туралы ой түйіндерін, пікір- ұсыныстарын, сөздерін ерекше ықыласпен тыңдап, зор ризашылықтарын білдіріп, ақкөңілдерімен алғыстарын төгілтіп жатады.
Асекеңнің қазақ жұртшылығы арасындағы қоғамдық беделі жоғары-ақ. Жоғары болатыны – қазақ тілін білім, ғылым ретінде таңдап алып, сол тілдің қасиетін қастерлей білуінде, тілдің қоғамдағы атқарар рөлін күшейту жолындағы еңбегі, ізденісінің мол екендігінде. Ататегі де, өзі де әзірбайжан ұлтынан шыққан қыз қаршадайынан қазақ тілінің маманы болуды арман етті. Сол арманына да жетті. Жоғары оқу орнын тамамдап, Ғылым академиясының аспирантурасын үздік бітіріп, ғылыми дәрежеге зерттеу еңбек жазып, оны сәтті қорғап шықты. Асекең тек зерттеуші маман, ғалым ретінде де қазақ тіліне аз еңбек сіңірген жоқ. Танымал ғалым бола білді.
Сондай-ақ Асылы Османқызы қазақ тілінің қоғамның қозғаушы күші ретінде мәртебесін көтеріп, күшейту жолында қоғамдық, қайраткерлік еңбекке білек сыбанып, молынан араласып келеді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында қазақ елінің қоғамдық-саяси құбылыстардың бұрқағынан Асекең де тыс қала алмады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетіміз өз Тәуелсіздігін жария еткен алғашқы сағатынан бастап ұлтаралық келісім тұжырымдамасын қолдап, оның жүзеге асырылуына өз үлесін қосуды абыройлы парызы санап, барлық игілікті бастамаға белсенділікпен атсалысып, берекеге шақырып жүрген айтулы азаматтардың бірі де – осы Асекең.
«Қазақ тілі» республикалық, халықаралық қоғамы құрылғанда да оның алғашқы ұйымдастырушылары болған көрнекті қоғам қайраткерлері, тіл насихатшылары Өзбекәлі Жәнібеков, Мырзатай Жолдасбеков, Әбдуали Қайдаров, Өмірзақ Айтбаев сынды қазақ тілінің серкелерінің жанында қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, осы біздің Асекең көрінді. Көрінейін деп жүрген жоқ, тіл құдіретін көрсетейін деп жүрді. Жасып қалған тілге жан бітіргендердің бірі болды. Кез келген адам айта алмайтын сөздерді ашық та батыл осы Асекең айтты.
Қоғамда кеңінен өрістеген қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы пікірдің қалыптасып, тұрақтануында Асекең алдыңғылардың қатарында сөйледі, басқа ұлттарды осы ұсынысты қолдауға шақырды. Қазақ тілінің ешкімге де, еш тілге де қысым көрсетпейтінін, керісінше, бауырмалдығын, мейірбандығын баса айтып, дәлелдей алды. Қазақ тіліне қамқорлық жасау арқылы Қазақстанда тұратын барлық этностар бірлігін қамтамасыз ету идеясын қолдады.
1995 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі болып та осы Асекең сайланды.
Асылы Османқызы қоғамның көз алдында, жұрттың көңілінде. Тіл туралы әртүрлі пікірталастар, қарама-қайшылықтар да болып жататыны табиғи құбылыс. Сондайда Асекең де тұшымды ой, салиқалы сөз айтудан тартынған емес. Ең бастысы – Асекеңнің бақай есебі жоқ, адалдық пен әділдікті пір тұтқан қазақ ұлтының, қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің шынайы жанашыры екендігі хақ.
Осындай жанның еңбегі де еленбей қалған жоқ. Асылы Османқызы Президент Жарлығымен «Парасат» орденінің, көптеген салалық, қоғамдық құрметті атақтардың иегері аттанды.
Асекең – сондай-ақ жастайынан адамгершілік қарым-қатынасқа да айрықша адал, таза жан. Кімге болса да қол ұшын беріп, көмектескісі, жылы сөзін айтқысы келіп тұрады. Сондықтан да болар, студент кезінде сыйласқан достарымен осы күні өмірдің барлық ыстық-суығында бірге жүреді.