Шымкенттік аниматорлардың «алтыны»
Шымкенттік «Сақ» және «Жебе» студиялары бірлесіп шығарған «Қанатты барыс туралы аңыз» атты мультипликациялық жаңа туынды кішкентай көрермендерінің көзайымына айналып та үлгерді. Аталмыш фильмнің бір құндылығы, бұл – еліміздің Тәуелсіздік символына айналған Алтын адам мен қанатты барыс ұғымдарының мәнін ашуға бағытталған алғашқы көркем дүние.
Фильмнің бірінші сценарисі әрі режиссері Батырхан Дәуренбеков осыдан бірнеше жыл бұрын «ел егемендігінің символы ретінде неге барыс алынды?» деген сұраққа жауап таппағаннан кейін оны өзі ойлап шығаруды жөн көріпті. Міне, осылайша ертегідегі қанатты барыстың қолдауымен аса құдіретті билеушіге айналған Сауран батыр жайлы аңыз дүниеге келген. Мультфильмде Сауранның балалық шағы мен қалыптасу кезеңі, өзінің бойтұмарында бейнеленген киелі барыспен танысу сәті бейнеленеді. Батырдың ата-бабалары кезінде киелі аң ұрпақтарының сақталып қалуына себепкер болған екен. Ақсу-Жабағылы қорығын мекен ететін барыс соған ризашылығы ретінде бойтұмар иесіне адал қызмет етуге міндеттенеді. Ал Сауранның мақсаты – зұлым күштердің жиынтық бейнесі ретіндегі Қара Түнектің шапқыншылығынан елі мен жерін қорғап қалу. Осы орайдағы ақтық шайқаста жеңіске жетуге батырға қанатты барыс көмектеседі. Аңыз бойынша, ай толған кезде Қара Түнек ешкімге жеңістік бермей кетеді. Сондықтан да қанатты барыс өзінің Жел досына барып, Айды аз уақытқа бұлтпен көлегейлей тұруды өтінеді. Жауын жеңген Сауран сүйіктісі Айсұлуға үйленеді. Өз атымен аталатын қала салып, онда әділетті хандық құрады. Осыған орай, сюжетке Оңтүстік Қазақстанда орын тепкен көне шаһар Сауран жайлы да аңыз кірістірілген.
Мұның сыртында «Қанатты барыс туралы аңыз» – елімізде 2 D форматында түсірілген, толық метражды тұңғыш фильм. Шындығында, оны жарыққа шығаруға аз уақыт кетпеген. Бірінші бөлімі осыдан жеті жыл бұрын түсіріліп біткеніне қарамастан, қаржылық қиындықтарға байланысты кейінгі бөлімдерінің жұмысы едәуір кешеуілдеген. Қалай дегенмен де шығармашылық топ фильмді өзге жобаларымен қатар алып жүре отырып, өз қаржыларына түсіріп шыққан.
«Қанатты барыс туралы аңызды» түсіре отырып, отандық аниматорлар кішкентай көрермендердің патриоттық сезімін, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеген. Мультфильмді көрген бүлдіршіндер Саурандай ержүрек, батыр болуға ұмтылады. Сонымен бірге туған өлкесінің төл тарихынан да мағлұмат алып өседі. Мәселен, балаларға Ақсу-Жабағылы, ежелгі Сауран қаласы тәрізді тарихи орындардың жөн-жосығын білгеннің өзі неге тұрады! Бір жағынан алғанда, бұл – бүгінде экран атаулыны жаулап алған шетелдік мультфильм кейіпкерлерінің шабуылына тойтарыс та. Яғни Батырхан Дәуренбековтің пікіріне сүйенсек, жат идеологияның өнімдеріне санасы уланып кетпеуі үшін жас ұрпағымызды бала кезінен өз аңыздарымыз, өз батырларымыз арқылы тәрбиелеуге тиіспіз. Мұның сыртында фильмде ата-бабаларымыздың алтыннан бұйым жасау шеберлігі де сөз етіледі. Осылайша шығармашылық топ Батыс Еуропа елдерінің қайта өрлеу кезеңі сияқты, сақ дәуірінің де біздің тарихымыздағы ерекше кезең болғанын көрсетеді.