Жалпы өнер саласында түрлі бәйгелер мен сыйлықтар баршылық. Негізінде, сыйлық, бәйге атаулының барлығының да түптеп келгендегі жалғыз мақсаты – өнердің дамуына ықпал ету, өнерпазды ынталандыру, материалдық тұрғыда қолдау болса керек-ті. Бірақ сол мақсат қаншалықты орындалуда?
Өнердің барлық саласы жайында айтатын болсақ, сөзіміз біразға созылады. Сондықтан әр тарапты бір шалмай, әңгімені әдебиеттің айналасында қозғап көрелік.
Бірінші әртүрлі тақырыптардағы жыр мүшәйралары турасында айтайық. Ақындардың арасында «мүшәйра классика тудырмайды» деген сөз көп айтылады. Демек, бұл – мойындалған шындық, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мүшәйраға келіп түскен өлеңдер бір-бірімен деңгейлес дүниелер болып жатады көбіне. Егер бұған көз жеткізгіңіз келсе кез келген мүшәйрада әртүрлі орын алған шығармаларды қарап шығуыңызға болады. Айтары да, көркемдігі де бір-бірімен шамалы екенін байқайсыз. Бірақ шығармалар шартты түрде бірінші, екінші, үшінші орындарға лайықталып жатады. Сіз үшін бас жүлде алған шығарма мен ынталандыру сыйлығын алған шығарманың орны ауысып кеткендей көрінуі де мүмкін. Бұл әділқазылардың талғам таразысының әлсіздігінен емес. Жалпы табиғаты солай. Өйткені бір тақырыпқа байланған мүшәйрада айтар ой шеңбермен шектелген. Шеңбер ішіндегі додада жүйріктердің алысқа ұзап кете алмайтыны онсыз да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда кез келген мүшәйраның ақын шығармашылығына әкелер пәлендей пайдасы жоқ. Оның бір дәлелі ретінде мүшәйраларға арнап жазылған өлеңдердің сол ақындардың таңдамалы шығармалар жинағының ішінен көріне бермейтінін айтсақ болар. Демек, мүшәйраның ұйымдастырылуындағы бірінші мақсаты көп жағдайда орындала бермейді. Екінші мақсаты – тақырыптың ашылуы. Бұл мақсат толық орындалады. Егер мүшәйра белгілі бір тұлғаның 80 жылдығы немесе қандай да бір ауданның 90 жылдығына арналса, сол мүшәйраңызға қатысқан ақындарыңыз бұл тақырыптарыңызды жан-жақты ашып бере алады. Үшінші мақсаты таланттарды материалдық тұрғыда қолдау болса, бұл мақсат та белгілі бір деңгейде орындалады. Сонымен, қорыта айтқанда жыр-мүшәйраларының әдебиетке берер пайдасын орасан зор деп айта алмаймыз. Бірақ көптеген ақындардың осы мүшәйралар арқылы танылғанын жоққа шығаруға болмас. Және бір айта кетерлігі, мүшәйрада бас жүлде алған ақын-классик, ынталандыру сыйлығына қол жеткендері ортаңқол деген түсінік тумауы керек. Бұның барлығы да – шартты нәрсе.
Енді бәйгелерге келейік. Ең пайдалысы – осы, нақты бір тақырыпқа байланбаған бәйгелер. Бұл бәйгелер таланттардың мүмкіндігін көрсетеді және жаңа шығармалардың дүниеге келуіне де септігі тиеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осыған дейінгі драматургия мен балалар әдебиеті саласындағы бәйгелерді айтуымызға болады. Осыған дейін жеті жыл бойына жарияланып келген балаларға арналған шығармалардың «Дарабоз» бәйгесі көптеген тың туындылардың жазылуына себеп болды деп айта аламыз. Биылғы жылы «Балауса» атты тағы бір бәйге қосылды. Бұл бәйгелерде жоғарыда айтқан үш мақсат толығымен орындалады. Әртүрлі тақырыптарда өтіп тұратын конкурстар да осы тақылеттес.
Фестиваль дегенде ең бірінші болып ойымызға оралатыны – «Шабыт» фестивалі. Осы фестиваль алғашқы жылдарда өте абыройлы еді. «Шабыттан» жүлде алған адамнан асқақ ешкім болмайтын.
«Шабыттан» орын алу былай тұрсын, әншейін қатысудың өзін мәртебе санаған жас таланттар да жоқ емес. Бірақ сол фестивальдың да соңғы уақыттарда бағасы түсіп бара жатқаны жасырын емес. Оның себептерін жіпке тізіп жатудың соншалықты керегі жоқ шығар. Бұл жердегі айтпағымыз, егер өз деңгейінде ұйымдастырылып жатса, жас таланттар үшін ең маңыздысы осындай фестивальдар.
Кішігірім додаларды осымен бір қайырып алып, сыйлықтарға келетін болсақ, аты әйгілі үш сыйлығымыз бар. Біріншісі – әрине еліміздің басты марапаты болып саналатын Мемлекеттік сыйлық. Екіншісі – жастардың «Дарын» сыйлығы. Үшіншісі – таза әдебиеттің айналасындағылардың өздеріне ғана қатысты Халықаралық «Алаш» сыйлығы.
Мемсыйлық аталып кеткен бас марапатымыздың тарих-тамыры тым тереңде. Ол әлімсақтан бері беріліп келеді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атану дегеніңіз – мемлекеттің ресми мойындауы. Мұхтар Мағауиндер, Оралхан Бөкейлер алғанда бұл сыйлықтың мәртебесі одан әрі арта түскен. Халықтың құрметіне бөленген, күллі оқырмандар мойындаған қаламгерлерге берілсе сыйлықтың абыройы арта түседі. Ал, кейде керісінше, оқырмандар мен әдеби ортада дұрыс бағаланбаған адамдар иелік еткенде арзандағандай сезілетіні де бар. Осындай себептермен төмендегендей көрінгенімен, бұл сыйлығыңыз қадірін жоғалта қойған жоқ. Өзін лайық санайтын қаламгерлердің алынбас асуы, қол жетпес биігі болып тұрғаны да – осы сыйлық. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жөнінде де осы ойды қайталауға болады. Өйткені «Дарын» сыйлығы – мемлекеттік сыйлықтың жастарға арналған кішірейтілген көлемі. «Алаш» сыйлығы болса, Мемлекеттік сыйлыққа қолы жетпеген жазушылар үшін бірден-бір сыбаға – осы.
Бұл сыйлықтардың барлығы да таланттардың еткен еңбек, төккен терінің жемісі, тіпті ресми мойындалуы болып саналады. Сыйлық алғандар талантты, алмағандар талантсыз деген де ой тумауы керек. Бірде-бір сыйлық алмаған классиктеріміз жетерлік.
Қорыта айтқанда сыйлық дегеніңіз жазылып, оқырмандардың қолына жеткен дайын шығармаға беріледі. Жазушы ол шығарманы (сыйлық алған шығарманы) жазып отырғанда, сыйлық алсам деп емес, әдебиет үшін, қала берді оқырман үшін жазғаны ақиқат. Демек, сыйлық дегеніңіз әдебиетшіге керек болғанымен, әдебиеттің дамуына қосар пайдасы аз. Ал, мүшәйраның жағдайын жоғарыда айттық. Осындай ойдың түйіні ретінде әдебиет үшін тиімдісі белгілі бір тақырыпқа байланбаған әдеби бәйгелер мен конкурстар екенін айтқымыз келеді. Ол бәйгелер жазушы үшін де, әдебиет үшін де пайдалы.
Ауыт МҰҚИБЕКҰЛЫ, ақын:
– Негізі, сыйлық пен мүшәйра шығарманы бағалаудың нақты өлшемі емес. Десе де, таланттарды материалдық жағынан демеуге, еңбегін бағалауға керек. Бүгінгі күннің жағдайымен алғанда әділдік азайып кетті. Нағыз тұлпарлар далада қалып, шабан-шартықтар көмбеден көбірек көрінетін болды. Мысалы, Шығыс Түркістаннан келген Серік Қапшықбайұлы деген ақын бар. Ешкімге ұқсамайтын талант. Сол кісі келгелі 20 жылға таяды. Кемінде 10 кітап шығарды. Ол кісіні әдеби қауым білмейді емес, біледі. Жақсы біледі деуге болады. Іздеп жүріп оқитындардың қарасы өте көп. Сондай шығармашылық иелеріне шақырып алып, шапқызбай бәйге беруге әбден болады.
Алмас ТЕМІРБАЙ, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, «Шабыт» фестивалінің лауреаты:
– Әрине жыр мүшәйралары да, түрлі фестивальдар да қажет! Пайдасы көп, зияны жоқ. Біріншіден, өнердің өсуі үшін осындай шығармашылық жарыс, бәсеке керек. Екіншіден, әр қатысушы байқауға жаңа туындыларын дүниеге әкеліп, үкілеп топқа қосады емес пе?! Бәйгеден орын алмаған күнде де сол үшін жазған шығармасы өз жанында қалады, кейін кітабына енеді, ал егер ол шынымен де бағалауға лайық шығарма болса халықтың ортақ игілігіне айналады. Оның өзі – түсінген адамға үлкен олжа!
Шығармашылық бәйгелер қаламгерді ширата ма?
Последние статьи автора