Бірі қашып, екіншісі үнемі қуып, әйтеуір, еш ұстай алмай зығырданы қайнап жүретін мысық пен тышқан жайлы «Том мен Джерри» мультфильмін 90-жылдары бала болған біз тамашаласақ, бүгінде оны біздің балаларымыз тамашалауда. Сондай-ақ бүгінгінің бүлдіршіндері – «Нарутоның» алдын бермейтін, нағыз фанаттары. Мультфильмдер бәсінің әлемдік нарығында шашасына шаң жұқтырмаған бұл туындылар, расында, қызықты, баланы өзіне бірден тартып ала қоятын құпиясы да мол. Бірақ біз бір нәрсені елемей, сол арқылы бүлдіршіндерді үлкен қауіптің астында қалдырып жатқан сияқтымыз.
Ол қандай қауіп деңіз? Міне, қараңыз, екі өкпесін қолына ала қашып, мысыққа жеткізбеуді ойлаған Джерри қалтарыста қолға түсіп қала жаздайтын кездері есіңізде болар? Жаны мұрнының ұшына келген сондай кездерде Джерри тышқан Томды қолына түскен затпен ұрса, кейде Том да оны төмпештемеуші ме еді. Ал сонда қанша ұрса да, жаныштаса да, ешқайсысына соққы дарымайды, тіпті езіліп жатқан жерінен қайта қалпына келіп жүре беретін. Дәл осындай көрініс баланың психологиясына «е, ұрғанда еш жері ауырмайды екен ғой» деген ойды алып келетінге ұқсайды. Ал, шындағында, жағдай басқа ғой, яғни соққыдан адам ауыр жарақат алып, тіпті кей жағдайда мертігуі де мүмкін. Бірақ сәбидің көз алдындағы жанды бейнелерге қатты сенетіндігі сонша, тіпті сол көргенін еріксіз қайталауы ғажап емес. Себебі ақылмен ой қорытып, шындықпен салыстыруға оның балғын санасы жете қоймайды. Демек, Том мен Джерри болсын, Скруч ағай не Наруто болсын бар қауіп осында – олар да биіктен құласа өлмейді, суға батпайды, отқа жанбайды, соққы дарымайды, жарылыстан ешкім өлмейді. Қаһармандардың барлығы ажалсыз. «Осындай көріністер кішкентай көрермендердің ойында зорлық-зомбылық, ұрып-соғу жайлы теріс түсінік қалыптастырады. Мультфильмнің негативті ықпалына, әсіресе, ұл балалар тез беріледі, қыздар жағы тіпті кішкентай болса да, қауіптен сақ жүреді», – дейді психолог және социолог мамандар. Олар мұндай қорытындыға екі мен бес жас аралығындағы балаларға тәжірибе жүргізгеннен кейін келген.
Баласының қандай идеяға уланып, нендей сұмдықтарды үйреніп жатқанын, яғни қандай «мыстан күтушінің» қолына түскенінен көп ата-ана бейхабар. Тек «балам мультфильм көріп отыр» деп қуанып, оның алданып отырған шағын пайдаланып, алаңсыз өз шаруасын бітіргеніне мәз.
Іргеміздегі Қытайда шетелдік мультфильмдерді телеарналардан көрсетуге тыйым салатын заң қабылданған. Сағат кешкі 17.00 мен 21.00 аралығындағы прайм-таймда олар балаларға арнап түрлі қызықты бағдарламалар береді, бірақ тек танымал шетел мультфильмдері емес. Тіпті ол туындыға қытайлық режиссерлердің қатысы болса да, эфирге жіберу мүмкін емес жағдай. Осы жағдайға біз, бір мезгіл болса да, бас қатырып көрдік пе? Бізде соңғы жылдары анимация саласында аздаған қозғалыстар бар ғой дерсіз. Алайда оның барлығы – тек жекеменшік студиялардың қолда бар шектеулі ғана мүмкіндіктерімен жасап отырған сапасы төмен туындылары. Олар, әрине, жоғарыда аталған шетел анимацияларымен теңесе алмайды. Ал бүгінгі бала бәрін көріп отыр, ол сапалы картина мен бұлыңғыр бейнені тіпті бізден де артық айырады.
Мемлекеттік тіл, ұлттық идеология дегенді біз ауызша мәселе қылып көтергенмен, ондағы кемшіліктердің түбіріне үңілмейтіндігіміз осындайда анық көрініп қалады. Себебі кез келген идеология, бірінші, балалардан бастап жүзеге аспай, бәрі де бекер. Мәселен, үй салу алдымен іргетасын құюдан басталатынын тіпті ақымақ адамның өзі біледі. Ал біз, шыны керек, қазір бірден үйдің қабырғасын көтеріп, шатырын жауып, ішінде шалқайып жатқандаймыз. Ал іргетас құймағанымыз тіпті қаперде де жоқ. Мұнымен айтпағымыз, іргетасымыз – балаларымыз. Бәлкім, бүгін ол үйде тып-тыныш теледидардан мультфильм көріп отырған шығар, бірақ оның қалқайып отырған тәні ғана. Ал жаны, яғни рухы шартарапты шарлап, Шрэк, Өрмекші адам, Наруто сынды қаһармандардың жетегінде.