Студенттер санаторийі ашылады
Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті облыста алғаш рет бас болып студенттер мен оқытушылар үшін санаторий ашқалы отыр. Мұндай жаңалық бұрын-соңды өңірде болған емес.
Аталмыш оқу орны 2007 жылы Тараздың екі жоғары оқу орнының негізінде құрылған болатын. Еліміз бойынша ең үздік мемлекеттік емес білім беру мекемелерінің қатарынан саналады. Жоғарғы санатты оқу орнында біліктіліктері жоғары профессор-оқытушылар білім нәрімен сусындатуда. Мұнда 300-ден астам оқытушы болса, оның 20-дан астамы ғылым докторы, 150 ғылым кандидаттары жұмыс істейді. 29 мамандық бойынша кадр дайындайды. Оқу ордасының материалдық-техникалық базасы толыққанды. Ғаламдық желімен жұмыс істеуге мүмкіндік ашылған. Енді білім теңізінде ізденіп жүрген студенттердің біруақ демалуына да жағдай жасалып отыр. Мұндай артықшылық өңірдегі өзге оқу орындарында жоқ.
Жомарт ҚОШҚАРОВ, Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің ректоры:
– Студенттерді сапалы біліммен қамтамасыз етумен қоса, олардың бос уақытын тиімді жұмсауын да назардан тыс қалдырған емеспіз. Сол үшін де олардың тынығып демалуы үшін арнайы санаторий ашуды қолға алып отырмыз.