Байқау бізге керек пе?
Эстрада қазақтың төл өнері болмаса да, төрімізге шығып, телеарналар мен радио, ғаламтордың арқасында санамызға әбден сіңісті болып кеткенін жасыра алмаймыз. Тіпті эстрадалық музыкаға берілгеніміз соншалық, екі ән айтқан әншіні қазақ эстрадасының жұлдызы деп қабылдаймыз. Өйтпегенде ше? Теледидардан күндіз-түні көрсетілетін әншілердің бейнесі, олардың орындайтын әндері жасөспірімдер мен жастарымыздың жадыларына жатталып қалған. Ал телеарналардан нағыз талантқа даңғыл жол ашамыз деп ұрандаған түрлі байқаулар дауыстары бір-бірінің көшірмесіндей қыз-жігіттерді стилистің алдынан бір өткізіп, қазақ эстрадасына жолдама беріп жатқан жоқ па? «Алаш айнасы» тілшісі «шын мәнінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дарындарды халыққа танытатын байқаулар қандай болу керек» деген сұраққа жауап іздеп көрді.
«Қазақ эстрадасы» бар ма?
Бүгінде біздің қазақ эстрадасы деп жүргеніміз қырғыздың, өзбектің әуендеріне сөз жазып алып, оны өңдеп үлкен сахнада да, тойларда шырқап жүрген әуендер ме? Мұндай дүниелер бүгін қалтаңды қампайтқанмен болашағы жоқ жылтырақ секілді. Әркімге бір еліктеп, әркімнен бір көшіріп алған әуендерімізді қазіргі қазақ эстрдасы деп атап, айдар таққанша өзіміздің эстрадалық, симфониялық оркестерімізді жасақтап, джаз, рок, блюз салаларын меңгерген кәсіби әншілер даярлауға әрекет еткеніміз жөн. Ал ол үшін әнші болам деген адам музыкалық оқу орындарын бітіріп қана қоймай, білімі мен білігін қашанда жетілдіріп, түрлі байқауларға қатысып тәжірибе жинақтағаны артықтық етпейді.
Қазіргі таңда біздің елімізде талантын халық мойындаған, алыс-жақын шетелдердегі дүбірлі додалардан жүлдемен оралып еліміздің атағын шығарған кәсіби әншілер саусақпен санарлық. Осы бірлі-жарым әншілеріміздің көбі кешегі кеңес заманында қалыптасқан эстрадалық мектептің өкілдері. Біздің алғашқы эстрадалық әншіміз дүниеден озғанша бұл-бұл үнін жоғалпаған қайталанбас өнер иесі Роза Бағланова еді. Ол кезінде Болгарияда өткен бүкіләлемдік байқауда оған тең келер әнші болмаған¬дық¬тан, бас бәйгені қанжығалаған болатын. Одан кейінгі буын вокалды аспаптар ансамблі ретінде құрылған «Дос-Мұқасан» тобы және Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев, Нағима Есқалиева, Майра Дәулетбақова секілді белді әншілер біздің эстрадалық өнерді биікке шығарып, талай байқауларда қазақтың әнін әлемге танытты. Сол замандағы эстрадамыздың деңгейінің жоғары болуының себебі тек әншілердің ғана емес, ақын сазгерлердің, жалпы сауатты музыканттардың еңбегінің нәтижесі еді.
Егемендігімізді алған соң өз елімізде де түрлі халықаралық байқауларды ұйымдастыру қолға алынғаны рас. «Азия дауысы», «Жас қанат», «Шабыт» секілді фестивальдар талай жаңа есімлдерді елге танытты. Медеу Арынбаев, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева секілді әншілеріміз осындай байқауларда жүлделі орындар алып, тіпті өзге елдерде өткен байқауларда да бақ сынаған болатын. Басы жақсы басталған осы байқаулар кейіннен сахнада жүрген әншілердің, байқауға қатысушылардың, көрермендердің арасында біршама сынға ұшырап, беделін төмендетіп алды. Яғни, әділ қазылардың әділдігіне, жеңімпаздардың дарынына күмән келтіріле бастады. Осындай байқаулар туғызған кикілжіңдер, байқауға қатысуға ниетті жастардың сағын сындырып жатады.
Нарық эстраданы қарық қылды
Заманға қарай байқаулар да өзгеріп соңғы жылдары телевизиялық шоулар көбейді. Солардың бізге етене танысы «Суперстар кз», «Х фактор», «Саз әлемі» және «Қазақстан дауысы» секілді байқаулар. Әрине бұлардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Дегенмен айырмашылықтары аса көп емес.Шоудың аты шоу болған соң мұндай байқаулар нағыз дарынның бабын келтіріп, бағын ашады дегенге сену қиындау. Одан гөрі табыс табуды көздейтін, халыққа дауысыңды бер дейтін телешоулардың дәурені жүріп тұр. Елімізде ұйымдастырылып жүрген ән байқаулар мен ән шерулерде жүлделі орындар әншінің дарыны мен қарымына қарай емес, оның жарнама жасап берген беделіне орай берілетінін екінің бірі біледі. Сондықтан да шетелдерде өтетін деңгейі жоғары байқауларға Қазақстаннан қатысатын әнші таппай қалып жататынымыз жасырын емес. Тіпті шетелдік байқауға қатыса қалған жағдайда әншілеріміз өзінің қандай ән орындайтынынан хабарсыз болып жүретініне де куә болғанбыз. Ал қазақ эстрдасына жаңа есімдер қосу мақсатында ұйымдастырылатын байқаулар шамамен 14 пен 25 жас аралығындағы жастардың sms дауысы арқылы жеңімпазды анықтайды. Яғни, бұл тәсілмен әнші өзінің вокалдық дарынына, актерлік шеберлігіне орай әділ бағаланады деуге келмейді. Сонымен «ұялмаған әртіс болады» демекші, көп дауыс жинаған қатысушы жеңімпаз болып шыға келеді.
Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
– Мен телеарналарда жүріп жататын шоу-бағдарламаларға, музыкалық байқауларға аса назар аудара бермеймін, оған уақытым да жоқ. Оның үстіне біздің телеарналар көбіне өзге шетелдік бағдарламалардың көшірмесін көрсетеді. Деңгейі төмен, ұйымдастырылуы олқы жобаларға қатысуға да, тіпті оған мән беруге уақытымды қиғым келмейді. Шоу-бизнесте бәсекелестік жоғары болу үшін ең алдымен кәсібилікті, білімді жетілдіру керек.
Толқын Забирова, әнші:
– Әншіің білімі, кәсіби деңгейі өсу үшін байқауларға қатысудың маңызы зор. Үлкен сыннан өткен сайын әншінің тәжірибесі молаяды. Егер байқаулар дұрыс ұйымдастырылса, қазақ мәдениетінің деңгейі бір сатыға көтеріле түсер еді. Қазір халықтың құлағына той әндері әбден жаттанды болып қалды. Ал нағыз кәсіби музыканы, әншінің вокалдық мүмкіндігін көрсететін байқауға арналған әндерді көпшілік біле бермейді. Сондықтан меніңше, ең алдымен еліміздегі байқауларды кім көрінген емес, нағыз кәсіби мамандар ұйымдастыру керек.
«Сын түзелмей мін түзелмек емес», Телешоуларды сынап, әнші біткеннің бәріне топырақ шашу емес біздің мақсат. Тек жүздеген мың доллар жұмсап, ұлттық және республикалық арналардың төрінен миллиондаған халыққа таралатын телевизиялық шоулар нағыз талантты таныта білсе екен дейміз. Ия, талант күнде тумайды, тіпті кейде нағыз дарындылар байқаулардан шет қалып та жатады. Сондықтан елеусіз деп ескерілмей қалған дарыннан жарық сәуле көре білетін, оның шамшырағын жаға білетін мамандарымыз көбейсе, эстрадамыздың да көсегесі көгерер еді.
Қайратты мойындамайтын Арай кім?
Таяуда мәресіне жеткен «Қазақстан даусы» өз тарапымыздан шыққан тапқырлық емес. 2010 жылы голландтық RTL4 телеарнасында жарық көрген The Voice of Holland түпнұсқалы форматының қазақстандық көшірме нұсқасы еді. Дегенмен, тігісін жатқызып қазақшалағасын тыңдарманның құлағына тез сіңіп кетті. Жобаға даусы бары мен жоғынан құралған жүзден астам талапкер бақ сынап, конкурстың нүктесі қаңтарда қойылды. Тыңдармандар дауысы бойынша Шахаризат Сейдахмет топ жарды. Оның топ жаруына қазақ дәстүрлі ән өнерін заманауи әуенмен ұштастырғаны себеп болған сияқты. Анығында, Жанғали Әбішев те осал емес... «Алаш айнасының» тілшісі «Қазақстан дауысы» туралы өзінше бағам жасап көрді.
Ғабит САПАРБЕКОВ, «Қазақстан даусы» жобасының көрермені:
– Менің ойымша "Қазақстан дауысы" байқауында Жанғали Әбішевтің дауысы керемет еді. Финалға шыққан 4 әншіні халықаралық сайысқа жіберсе, Жанғали ұтатыны анық. Өйткені, оның дауысы таза әрі әннің сөздерін анық айтады. Ол атақты опера жұлдызы Майра әпкемізбен тең дәрежеде ән салды. Шынын айтсам, қалған әншілер онша көңілден шықпады. Алмас Кішкенбаев пен оның шәкірті Тимур Омаровтың "Мама" әнің шырқауы да онша ұнамады. Нұрлан Албан әдеттегідей айқайлап, секірді. Дауысы гүрілдеген немесе шиқылдаған әншілердің заманы. Тағы бір айтайын дегенім, мен Жанғалиға дауыс беріп едім қабылданбады. Неге? (facebook.com желісіндегі күнделігінен)
Жүлденің қоры қомақты. «Қазақстан дауысы» атағына лайықты деп танылған әншіге әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндігі бұйырды және 5 миллион теңге қаржылай сыйақы табысталды. Осыдан бірнеше күн бұрын «facebook.com» әлеуметтік желісінде шын-өтірігін қайдам жүлдегерге тиісті марапаттың әлі берілмей отырғандығы жазылды. Хош, жүлдеде тұрған дәнеңе жоқ. Отандық эстраданың аяқ алысы жаман емес. Жас талаптар бар. Музыкалық білімін жетілдірсе, әлі талай қазақтың даусын әлемге танытары хақ.
Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды...
Қазақ эстрадасына бір дүние жетіспей-ақ тұрады. Халық – айна. Ендеше айнаға қарап өзін түзей алмаған эстраданың ертеңі не болмақ?
Бірінші, ол жанды дауыста ән салу. Бүгінде 35-45 жас аралығындағы орта буынның ішінде көбісі фонограммамен жұртты алдап жүр. Оның дәлелі Бірде дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманның «эстрада әншілері тірі дауыста ән салмай ма?, онда оларға төленетін ақыны да сканерлеп берген жөн» деген еді. Тойшыл қазақтың тойынан тойынып жүрген жұлдыздар студияда жаздырған, жаңа техниканың сүйемелдеуімен қырқылып, жонылған әуенді тыңдаушысының көзін бақырайтып қойып қойып береді. Өзі сол әуенмен бірге ерні «жыбырлап», өзінше билеп тұрады.
Екінші, айтпақшы би дегеннен туады. Бізде ритімге сай сахна мәдениетінің кемшіндігі. Нұрлан Еспан деген әнші бар. Күлкілісі, ол ән салып тұрғанда жүзу спортынан әлем чемпионы америкалық Майкл Фелпсті көбірек елестетеміз. Ал, аты дардай, бірнеше жігіттен құралған топтардың әншілері кіндіктен төменгі тұсын ән салып тұрғанда әлсін-әлсін «қорғаумен» болады. Бейне, футбол алаңындағы айып соққысына қарсы тұрған қорғашыларға ұқсап...
Үшінші, интелектінің төмендігі. Оның ішінде музыкалық білімнен тыс қарапайым адам білуге тиісті дүниені толық бағамдай білмеуі. Мәселен, ҚР еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова апамыз Ата Заңымыздың қай жылы қабылданғандығын «Халық сөзі» газеті журналистінің тосын сұрағынан кейін білген шығар. Ол аз десеңіз, Астанада өткен Шәмшіні еске алуға арналған ән кешінде біздің жас буын ұстаз тұтып жүрген эстрада әншілері әннің мәтінінен жаңылды. Мұның барлығы понограмманың зардабынан келгені анық. Тағы бір айта кетерлігі, жұрттың құрметтеуіне бөленген әншілер ішінде Еліміздің әнұранының толық мәтінін білмейтіндер де кездеседі.
Төртінші, қазақ эстрадасында орталықтанған жүйе (арнайы мемлекеттік тексеруден өткен мекеме) жоқ. Сондықтан болар «тырна көкке, бақа көлге..»-нің күйін кешуде. Жалпы бас басына студия ашып, бас басына мәйегі, сөлі жоқ ән жазғаннан гөрі, әр жазылған әнді тыңдарманға ұсынар бұрын арнайы бір «көркемдік кеңес» болмаса, «шығармашылық топтың» талқысына салып барып ұсынған жөн секілді.Бұл туралы заңның аяқ асты боп жатқаны жан күйзелтеді.
Бесінші, өзгеден көшіріп алып, жұртты алдау. «Қызыл өрік», «сүйдім күйдім» деген әндер қаптап кетті. Анығында, халқаралық нормаларға сүйенсек, егер автордың заңдық құжат түріндегі келісімі болмаса, заңсыз болып, әкімшілік жаза қолданылады екен.
Қызық дерек: Авардың қайсар ақыны Шәмілдің мынадай бір естелігі бар. Кезінде сол елдің патшасы халыққа бұйрық етеді. «Мұнан былай ақындар өлең жазбайды» деп, бұрын сарай бұлбұлы боп жүргендер сол күнен бастап, қолына қалам алмай кетіпті. Алайда, бір ғана шайыр көрнеуде болмаса да киіз кітабына өз музасының мұңын шағып отырған екен. Бүгінде аузы бардың барлығы әнші атанған заманда Авар патшасының осы бұйрығын бізге де бір рет енгізсе деген ой келеді.
Ал, «Таң бишілері» елінде арнайы мемлекеттік деңгейде заң қабылданып, фонограммамен ән салғандығы үшін кез-келген эстрада әншісі заңдық жауапкершілікке тартылады екен. Сондықтан болар Қытай әншілерінің назарында дыбыс жазу тек DVD, СD дискілерге ғана қолданылады. Сондықтан болар өз фанаттарына дегенде шынайы даусын, кейіп-кеспірін көрсетуге тырысады.
Арай АЙДАРХАНҰЛЫ, 2013 жылғы «Қытайдың арман даусы» жобасының жеңімпазы:
– Орталықтандырылған жүйе құрмай Қазақстанның ән өнерін дамыту қиын. Өткен жолы келгенімде Бақытжан Қажымұқанов пен Руслан Қараны арнайы іздеп барып, амандасып қайттым. Өкінішке орай осындай азаматтар бағаланбай жатыр. Тіпті Қазақстанның кейбір жастары бұл кісілерді танымайды да. Ал біз олардың әндерін Қытайдың ең мықты композиторларына мақтанышпен тыңдатамыз... Меніңше тыңдармандардың музыкалық танымын арттыру қажет. «Қызыл өрік» ол - «қызыл түлкі»... Оған алдануға болмайды. Дамыған елдің қатарына ұмтылып жатқан Қазақстан үшін қарапайым халықтың дүниетанымы мен таным талғамын да жетілдіру қажет деп есептеймін.
Қытайда өткен додада шынайы даусымен қытайды мойындатқан Арайдың қазіргі таңда табысы 25 000 АҚШ доллар. Әр қатысқан кештерден түсетін бұл қаражаттың 40 пайызы өзіне тиеселі. Оның сыртында мемлекетке салық . Сондықтан болар, дәрежесі өскен сайын, нарықтағы құның да көбейеді түседі екен. Блогер Ертай Нүсіпжановтың әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Арай алдағы уақытта Қытайдың шаған мерекесіне арналған кешке іріктеу жүріп жатқандығын, оған «Дудар-ай» арқылы қытайды жылатқан Тасқын екеуі қатысатын болыпты. Ол сахнаға шықса бағасының екі есеге артатын көрінеді. Оларда әншінің бағасын, дәрежесін анықтайтын мемлекеттік орталық бар. Соған сай халықтың қабылдауы ескеріліп, әншіге статус беріледі. Сөйтіп, олардың қандай сахнаға шығатынында олардың бедел, дәрежесі анықтайтын болады екен.
Эстардасына қарап әншісін таны...
Арай АЙДАРХАНҰЛЫ:
– «Қазақстанда Қайрат пен Роза апамыз сахнаға «бір баспалдақпен» шығып жүр ғой. Расы керек, Роза Рымбаеваның кезіндегі «Арай» тобында орындаған әндерін тыңдасаң мақтанасың. Ән де керемет, әнші де шебер. Ал Қайрат Нұртасты әнші деп мойындай алмаймын», - дейді. Қайратты Еуропа, Америка немесе Азия тани ма? Болмаса әлемдік музыкаға өзгеше құбылыс бола алды ма? Қайрат ұлттық патриоттық ән орындай ма?
Күллі қазақ қыздарының кумирі болған, мұңлы лириканың өкілі Қайратты мойындамайтын Арай кім? Бұл туралы сіз келісесіз бе?
Нұршат ТӨКЕН
«Қазақстан дауысы» жеңімпазын кім таңдады?
Өткен аптадағы ең басты музыкалық жаңалық ұлттық арнада жарты жыл бойы жүрген «Қазақстан дауысы» жобасы көпшілік арасында қилы пікір тудырғаны белгілі. Әуелі тәлімгерлердің таңдауымен, одан кейін халықтың дауыс беруі арқылы ақтық сынға шығып, бас жүлдеге тігілген 5 миллион теңге мен дыбыс жазушы компанияның келісімшартын жеңіп алған Шахаризаттың жеңісіне «Жарасйсың!» деушілер де, күмән келтірушілер аз емес. Әсіресе әлеуметтік желілерде бұл әңгіменің көрігі қызып тұр.
Шалқар: «Қазақстан дауысы» жобасын басынан бастап жібермей көрдім. Өзіме ұнаған қатысушыларға дауысымды да бердім. Осы шоуда маған ұнамағаны тәлімгерлердің әрекеттері. Жобаны ұйымдастырушылар тәлімгерлерге қайтсеңдер де шоу жасаңдар деп тапсырма берген болуы керек, олар біресе жылады, біресе күлді, жобаны аяқтағандармен құшақтап қимай қоштасты, әйтеуір қолдарынан келгендерінің бәрін жасады. Бірақ меніңше нағыз жеңімпаздарды таңдау тәлімгерлердің де, біз секілді дауыс берушілердің де қолында емес екені байқалып тұрды. Жеңімпазды ұйымдастырушылар алдын ала білді деп ойлаймын». («Facebook» әлеуметтік желісінен).
Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз осындай пікірлер жетіп артылады. Мұндай пікірмен біреу келісер, біреу қарсылық айтар. «Алаш айнасы» осы мәселеге қатысты «Қазақстан дауысы» жобасының тәлімгерлерінің бірі Нұрлан Албанның пікірін сұрап көрген еді.
– «Қазақстан дауысы» дүниежүзілік үлкен тележоба. Осы жобаның Қазақстанға келіп, біздің елімізде өткеніне қуаныштымын. Кеңес кезінде «Алло, мы ищем таланта» дейтін байқау болатын. Кейінгі кезде осындай байқаулар жоғалып кетіп еді, міне қайта жаңғырып жатыр. «Қазақстан дауысы» жобасына қатысушылар тек қала орталықтарынан емес, ауыл-ауылдан да келді. Ал байқауда Шахаризат Сейдахметтің жеңіскке жетуі алдымен бір Алланың бізге нәсіп еткен сыйы, екіншіден, туған-туыс, достардың тілеуі. Әлеуметтік желілерде отырған бауырларым аман болсын! Олар Нұрлан Албан жеңісті сатып алыпты, дауыс беру әділетсіз өтіпті деп даурықтырып жүр. Одан да сол 14-18 жасар жастарымыз өздері жақсы көретін әншілерге дауыс берулері керек еді. Мен өзім де Томпания осыншалықты халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, дауыс беруден бірінші орынға шығады деп ойлаған жоқпын. Өйткені жобада тіпті ақтық сынға дейін де «сен тұр мен атайын» деген вокалистер болды. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» дейді ғой қазақ. Жобаға қатысушылардың көбі музыкалық оқу орындарында білім алып жүрген, музыканың не екенінен хабары бар жастар.
Ал Шахаризат жоғары білімді дәстүрлі әнші. Ол елімізге есімдері белгілі өнер иелері Айгүл Елшібаеваның, Қанат Жүнісовтің шәкірті. Меніңше «Қазақстан дауысына» қатысқан нағыз таланттар әлі де биіктерден көрінетініне сенемін. Олардың барлығы дерлік қаражаяу азаматтар емес, – дейді Нұрлан мырза.
Айнұр СЕНБАЕВА
Шоу-бизнес жаңалықтары
«Үшқоңыр» Лос-Вегаста әуеледі
Астаналық Фархад Маденов Лас-Вегаста өткен XIX халықаралық "Мөлдір магнолия" ән байқауында бас жүлдені жеңіп алды. 18-24 қаңтар аралығында өткен сайысқа қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен он мың орындаушы ниет білдіріпті. Байқау вокал, хореография, актерлік шеберлік және цирк өнері бойынша өтті. Қатысушылардың дарынын америкалық әнші Мишель Файнштейн, Нью-Йорк сән үйлерінің бас агенті Хербер Фокс, ресейлік әртіс Олег Тактаров және белгілі тілшілер мен бишілер бағалады. Жарыстың алғашқы кезеңінде Фархад Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазған "Үшқоңыр" әні мен итальяндық "La spagnola" әнін орындады. Екінші кезеңде де әділ қазылардың сұрауымен президенттің әнін орындаған Ф.Маденов "вокал" номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. Ол Лос-Анджелестегі беделді оқу орындарының бірінде тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.
Мәдина тойына шақырады
Өнеріне көркі сай сахна сұлуы Мәдина Сәдуақасованың той күні белгілі болды. Олжастай серіге өмірлік серік атанған әнші Мәдина Смағұловтар әулетінің босағасын аттады. Жас жұбайлардың тойы Алматы қаласындағы мейрамханаларының бірінде 2 ақпан күні өтетін болды. Естеріңңізге сала кетсек, Мәдина Садуақасова жары Олжаспен Алматы қаласында танысқан. Олжас телеарналардың бірінде режиссер болып жұмыс істейді.
Мырзахан енді бойдақ емес
«Жігіттер» квартетінің әншісі Мырзахан Маханов шаңырақ көтерді. Отызға толып отбасын құрған әншінің жары астаналық Гүлім деген ару. Жас жұбайлардың тойы 22 қаңтарда Алматы қаласында өтті.
Жаңабай шаңырақ көтерді
Сондай-ақ қазақ эстрадасының сахнасында жастардың көңілінен шығып жүрген әнші Жаңабай Өтегенов те қыстың көзі қырауда болса да жақында Ақтөбе қаласында үйлену тойын жасады.
«Орда» концерт береді
«Орда» тобы үстіміздегі жылдың қыркүйек айында «Медеу» мұз айдынында үлкен коцерт беруді жоспарлап отыр. Бұл концертке Оңтүстік Еорея, Ресей, тағы басқа шетелдерден әншілер қатыспақ.
«Ұлытау» вокалдық альбом жазбақшы
Атағы әлемге мәшһүр «Ұлытау» тобы осы жылы ең алғашқы вокалдық аьбомдарын жазбақшы. Топтың продюсері Қыдырәлі Болмановтың айтуынша, қазіргі таңда топ «алтын қорға» енген 70 әннен құралған концерттік бағдарлама әзірлеу үстінде.