Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 1858 жылғы Қашқар сапарындағы «Тобықты болысының қазағы» деген саяхаттық жазбасында айтылған, ғалымға қызмет көрсеткен Қошқарбай Қиятов кім болды екен? Бұл дерекке Шоқанға қатысты бірқатар көркем шығармалар мен ғылыми еңбектерді оқып, парақтау барысында ойда жоқта тап болдық.
Халиолла Құнанбайұлы туралы не білеміз?
О баста Ш.Уәлихановтың өмірі мен шығармашылық мұрасын толық қамтыған бес томдықты, бірқатар деректерге толы кітаптарды оқығанда, әсіресе, Сәбит Мұқановтың ертеректе шыққан «Жарқын жұлдыздар», орыс жазушысы И.Стрелкованың «Шоқан Уәлиханов», қазақ жазушысы Ж.Бейсенбаевтың «Жасын тағдыр жарқылы», ғұлама ғалым Ә.Марғұланның «Шоқанның өмірі мен қызметі» атты зерттеу еңбектерімен танысқанда мақсатымыз басқа, іздегеніміз бөлек еді.
Күні бүгінге дейін қазақ әдебиетшілерін, оның ішінде абайтанушы, шоқантанушы ғалымдарды ойландырып, әлі де болса жауабын таба алмай жүрген мәселе – «қазақтың асыл тұлғалары Абай мен Шоқан бірін-бірі білген бе?» деген сауалдар төңірегінде болып жүр.
Шоқан мен Абай арасындағы рухани байланыстың ілгектерін іздегенімізде, тағы бір мақсатымыз не бары 21 жасында өмірден өткен, Құнанбайдың бел баласы, хәкім Абайдың өнегелі інісі Халиолла Өскенбаев жайында әлдебір тың деректерді кезіктіруді ойлаған едік. Тарихтан белгілі, қазаққа атақ-даңқы кең тараған ұлы Абылай ханның немересі, сұлтан Шыңғыс Уәлиев пен қарадан шығып хан атанған, аға сұлтан Құнанбай Өскенбаевтар бірін-бірі білген. Көзі тірісінде екі елдің игі жақсылары бір-бірімен араласып, дәм-тұздары жарасқан. Бірқатар жазбаларда Халиоллла «Құнанбайұлының Омбы кадет корпусына оқуға түсуіне осы Уәлихановтар әулеті себепкер болды» деген деректер бар. Ол негізсіз де емес. Мәселен, Халиолла оқуға қабылданған 1859 жылы Шоқан Қашқардан оралып, сол жылдың аяғына дейін Омбыда жатып, Петербургтегі патша сарайына сапар есебін дайындап жатқан кезі еді.
Тіпті, Шоқанның інісі Махмут Уәлихановтың 1859 жылы Халиолламен қатар Кадет корпусына қабылданғанын, олардың бұдан кейін де бірге оқып, жақсы араласқанын қайда қоямыз?
Керек десеңіз, Құнанбайдың басына қара бұлт үйіріліп, істі болғанда, оған бел шешіп араласып, түрмеге түсірмей, үй қамаққа босатқызған - Шыңғыс болатын. Бұл мәселеге сол тұста генерал-губернатордың көмекшісі болған Шоқанның араласқаны күмән тудырмайды. Сайып келгенде, Шоқан жайындағы деректерді көзәйнек емес, тіпті, лупамен қарасақ та, әлдеқалай «Құнанбай, Абай, қала берді, асыл туған Халиолла туралы жазбалар кездесе ме?» деген үмітпен үңілген едік.
АЖАЛ САПАРЫНА АЙДАП САЛУ...
Сөйтіп, қолымызға 1987 жылы «Жалын» баспасынан шыққан жазушы Жарылқап Бейсенбаевтың «Жасын тағдыр жарқылы» кітабынан күтпеген жерден Тобықты қазағы Қошқарбай Қиятовтың есімін оқып таңғалдық. Таңғалдық та, «Шоқанға Қашқар сапарында серік болған, серік болғанда қызмет жасаған, қолына су құйып, дәмін әзірлеген, тіпті, қауіпті сапарда қорған бола білген Тобықты Қошқарбай Қиятов кім болды екен?» деген қызығушылық туды.
Енді сол кітаптан үзінді келтірейік:
«Керуен негізінен алты қостан тұрды. Бірінші қосқа Боқаштың немересі Тәшмағамбет иелік етсе, екінші қосты Кенже Сарығожин басқарды. Үшінші қосты екі адам – Әбдікәрім Шәріпбаев пен Мұхит Сағитов ұстады. Төртінші қостың қожасы Мұхамедразық Пірназаров, бесінші қосты Қожеке Қойгелдин, алтыншы қосты Жүсіп Ағысов басқарды. Алдыңғы бесеуі түбі Ташкент, Марғұлан, Бұқардан шығып, қазаққа сіңіп кеткен саудаға бейім ортадан еді. Соңғы қостың иесі Жүсіп Ағысов Аякөз округі, Уақ болысының қазағы болатын. Керуен басы Шоқанға өз үлесіне тиісті товарды жеке бөліп беріп, төртінші қостың иесі жас саудагер Мұхамедразықтың жанына қосты. Қызметшілікке Тобықты болысының қазағы Қошқарбай Қиятовты белгіледі. Керуендегі қызметшілердің дені Қарқаралы, Аякөз, Көкпекті дуанынан шыққан қазақтар болатын.
Архив деректерінде керуендегі қырық үш адамның жиырма үшінің ұлты қазақ екені көрсетілген. Жазушының жазғанын сөзбе-сөз келтірдік. (Ж.Бейсенбаев. «Жасын тағдыр жарқылы». 140-141 бет. «Жазушы» баспасы. 1987 жыл).
Кезінде қазақтың бірқатар жазушылары мен ғалымдары Шоқанның әйгілі Қашқар саяхаты туралы көп жазды. Әсіресе, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Ж.Бейсенбаев орыс жазушылары әрісі Н.Потанин, берісі И.Стрелковалар қызыға, жарыса жазған болатын.
Елдің бәрін қызықтырған Шоқанның Қашқар сапары неге керек болды? XVIII-XIX ғасырларда Орта Азияға иелік ету мәселесі, ондағы елдердің ішкі дамуы мен мемлекеттік құрылысы Ресей мен Қытай сияқты алпауыт мемлекеттерді әбден еліктірді. Олар бұл аймақтарға әрекет ету мәселесін өз мақсат-мүддесіне сай шешуді ойлап, бас қатырды. Сол тұста Орта Азиялық мемлекеттердің бірқатарын өзіне қаратқан Ресей үшін алыс та болса жақын Қытай елі басты нысанада тұрды. Әсіресе, Ресеймен шекаралас Қашқар, Құлжа, Яркент, Хотан, Ақсу, Тұрпан сияқты Қытайдың алты шаһары жұмбақ өлке ретінде Ресей сыртқы істер департаменті мен орыс барлау қызметінің ерекше назарында болды. Бірақ, Ресей түгілі еуропалықтардың Қытай өлкесіне қызығуы жат жұртқа жабық әрі құпия Қашқар аймағына сапары әрдайым сәтті бола қойған жоқ. Оған Қашқарға Үндістан арқылы жасырын өтіп, саудагер атын жамылған, ағылшын саяхатшысы Адольф Шлагинвейттің қайғылы сапары дәлел.
1858 жылдың 1 қазанында Мұсабайдың бастауымен шұбатылған керуен Қашқарға кіргенде қақпаға кіреберісте бақан басына ілінген қан-қан, шабылған бастарды көріп саудагерлер ішін тартқан. Сол бастардың бірі - ағылшын саяхатшысы Адольф Шлагинвейттің басы екендігі даусыз. Сапардың қауіпті болғандығын осыдан-ақ білуге болады.
Ресейге адал болуға ант берген, поручик Шоқан Уәлихановтың бұл сапары, біріншіден, әскери барлау мақсатында ұйымдастырылған. Картография мен геодезиядан жақсы білім алған Шоқан Қашқарға кіргеннен шыққанға дейін ондағы шекаралық бекіністер құрылысын, тау, өзен, жер бедерлерін белгілеп, қала, ауыл, елді мекендердің орналасуын құпия картаға түсірген. Сапардың құпиялығына ерекше мән берілген. Шоқан өз жазбаларында жолай кездескен елді мекен атауларын анық жазып, сапар барысында кездескен Қашқар аймағын билеуші Мамыразық датқа, ұйғыр Нұрмағанбет пен қырғыз Осман сияқты тағы да бірнеше қытай шенділерінің аттарын атайды. Алайда, өзімен сапарлас болған адамдардың көпшілігінің есімдері, олардың іс-әрекеттері мен керуендегі қызметі айтылмайды. Бұл – әлдеқалай күн туса, керуендегі адамдарға, оның болашақ ұрпақтарына зияны тиіп кете ме деген сауысқан сақтықтан туса керек.
Расында, Шоқан жазған күнделіктер мен жазбалар, суреттер мен карталық нұсқалар әлдеқалай Қытай үкіметінің қолына түссе, тек Шоқан ғана емес, онымен сапарлас болған керуенбасы Мұсабайдан бастап, талай бейкүнә жандар бастарынан айырылуы ғажап емес еді.
Шоқанның өзі жазғандай, саяхат барысы іштен де, сырттан да бақылауда болды. Өйткені, керуен жолға шығып, Қашқарға барғанша, одан елге қайтқанша, темір керуетте ұйықтайтын, үнемі ойда жүретін, таң ата не түнде от жарығымен қағаз жазатын орыс жайында, Шоқан жөнінде сөз тарап кетті. Қашқарда болғанда «Семейден келген керуен ішінде орыс тыңшысы бар екен» деген сыбыс бір басылған емес.
Әйгілі ғалымға қауіпті саяхатта қызмет көрсеткен жанның құпиясы ашылмай тұр
Кез келген сәтте Шоқанның ағылшын саяхатшысы Адольфтың кебін киюі мүмкін еді. Осыдан-ақ, аса маңызды, қауіп-қатерге толы осы сапарда Шоқанға серік болған, үнемі жанынан табылған, оққағар қорғаушысы болған Қошқарбай Қиятовқа жүктелген міндеттің жауапкершілігін аңғаруға болады. Өзі төре тұқымы Шоқан қарапайым тұрмысқа, күнделікті күйбің тіршілікке икемді болды деу жеңіл сөз болар. Бұл сапарда Қошқарбай Қиятовтың Шоқанға мінсіз қызмет көрсеткені даусыз. Жоғарыда айттық, керуен Семейде жасақталып, керуенбасылыққа семейлік Мұсабай көпес тағайындалса, қызметшілікке Аякөз Қарқаралы округтері мен қала маңы қазақтары іріктеліп алынған.
Қытайдың Құлжа, Қашқар аймағына сауда жасайтын Боқаш, Мұсабай сияқты семейлік саудагерлердің мініс аттары мен жүк артатын түйе, жылқылары, сататын қой малдары Сыбан мен Тобықты иелігіндегі Арқат, Әлжан бекеттері маңайында жайылып, қыс қоныс, жаз жайлау еткенін елдің бәрі біле бермейді. Оның дәлеліндей, Арқат өңірінде саудагер Боқаштың қыстауының орны әлі бар. Семей – Қарауыл арасындағы қара жол бойындағы аласалау кезеңді «Арқалық кезеңі», кейде Тобықтылар «Сарттың Арқалығы» деп айтып қалады.
Шоқанның жолжазбаларын мұқият оқысақ, ол Семейден шыққан керуенге 1858 жылдың 28 маусымында қосылып, бұл сапар 1859 жылдың 12 сәуіріне дейін жалғасқанын білу қиын емес. Яғни, Шоқанның Қашқарға сапары 10 ай, 14 күнге созылған. Өзін күтіп алған орыс әскерінің қорғауымен ол алдымен Верныйға Алматыға аз аялдап, сәл үзілістен соң Омбыға тоқтаған. Сол жылдың аяғына дейін қалада болып, Қашқар сапары туралы есебін дайындаған.
Шоқанның Қашқар сапары патша үкіметінің де, Петербургтегі ғылыми ортаның да жоғары бағасын алды.
Оның есебін патша сарайындағы жоғары дәрежелі ұлықтар мақұлдаса, Қашқар сапары туралы жазбаларын Ресей мен Еуропа ғалымдары таласа бастырып, Шоқанның ғалым ретіндегі даңқы осылай шартарапқа тарады. Патша үкіметі Шоқан Уәлихановтың бұл ерлікке пара-пар еңбегін бағалап, мерзімінен бұрын оған шен беріп, сый-сияпат көрсетті.
Шоқантанушы, белгілі ғалым Әлкей Марғұлан мұрағат деректеріне сүйеніп:
«Әскери кавалерияның поручигі, сұлтан Шоқан Уәлихановтың қажырлы еңбегін, ортаазиялық шекараларды тексеріп қайту тапсырмасын орындау кезіндегі қауіп- қатерлерді жеңіп шыққан азабын ескеріп, штабс-ротмистр шені беріліп, төртінші дәрежелі, қасиетті «Владимир» ордені қоса тапсырылып, 500 сом күміс ақшамен біржолғы жәрдем көрсетілсін» деген патша сарайының бұйрығын келтіреді.
Шоқанның тікелей айтуымен сапарға қатысқан 23 адам наградаға ұсынылған. Оның ішінде керуенбасы Мұсабай мен Боқаш әскери шен алып, әрқайсына 300 сомнан күміс ақша берілген. Марапатталып, патша сарайының тізіміне ілініп, сый-сияпат көргендердің ішінде Қошқарбай Қиятов та болды.
Сонымен, Шоқанның 10 ай, 14 күнге созылған Қашқар сапарында оған сенімді серік болған, мінсіз қызмет көрсеткен Қошқарбай Қиятов кім болды?
Қолға түскен шежіре деректерді, біздің өңірге қатысы бар әйгілі «Тобықты Шыңғыстау» шежіре кітабын ақтарып, парақтағанмен, Қошқарбай Қиятовтың атын ешбір жазбалардан кездестіре алмадық. «Осындай адамды білесің бе?» деп, жөн білетін қариясы азайған бүгінгі ел ішінен сауал сұраудың өзі ерсі. Ең бастысы, керуеннің Семейде жасақталып, оған қызметке сол маңайдан адамдар іріктеліп алынғаны дау тудырмайды. Қошқарбай Қиятов анық Тобықты қазағы болса, ол Әлжан, Арқат өңірін мекен еткен Мамай руының азаматы шығар. Әлде осы өңірді ежелден қоныстанған Найманның Сыбан, Ақымбет руларының қазағы ма екен?
Әлде, керуенбасы, руы Уақ-Тінібайды төңіректеп, таныстықпен қызметке қабылданған Уақтың қазағы ма?
Иә, осындай жорамал - тұспалдарды айтқанымызбен, бұл жұмбақ жанның кім екендігін дөп басып таба алмадық.
Сөйтіп, Шоқанға Қашқар сапарында серік болған, қызмет көрсеткен Тобықты қазағы Қошқарбай Қиятовтың құпиясы ашылмай тұр. Сіздің не білетініңіз, не қосарыңыз бар, оқырман?
Әсет Медеуханұлы
Қарауыл ауылы,
Абай ауданы.
didar-gazeti.kz