Нұржамал Үсенбаева, ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Бір сәт
Сахнада өнер көрсетіп тұрған кезіңде құдіретті музыканың құшағына енген залды көріп керемет үйлесімділікті сезінесің. Менің вокалдан дәріс берген ұстазым КСРО халық әртісі Бекен Жылысбаев: «Сахнада суық ақыл, ыстық жүрек керек» деп шәкірттері – біздерге жиі айтудан жалықпайды. Салған әнің жүрегіңнен шықса, оны тыңдаушы да сезінеді. Жалпы, өнер адамына баға беретін халық. Халық көңілінен шықса өздері-ақ айтады. Мен өзіме әрқашан сыни көзбен қарап отыратын жанмын. Әншінің өзіне сын көзбен қарауы өз кезегінде әншінің дамуына жетелеп, тоқырауға жол бермейді.
– Нұржамал Пернебекқызы, жақында ғана шығармашылығыңыздың 25 жылдығына арнап репертуары бай концерт бердіңіз және өнердің шыңы – операдағы орныңызды Пуччинидің «Богема» спектаклінде Мимидің рөлін сомдау арқылы көрсете білдіңіз. Сөз жоқ, бұл еңбегіңіздің барлығы Сіздің қазақ өнеріндегі биік тұлғаңызды айшықтай түсті. Алайда бұл Сізге оңайлықпен келмеді ғой...
– Өнердегі 25 жыл аз уақыт емес. Менің ойымша, дәл осы шамада сахна адамының деңгейін, дарынын барынша бағалауға мүмкіндік туады. Сондықтан халық алдындағы есеп беру концертімде мен өзімді концерт және опера әншісі ретіңде көрсетуді мақсат еттім. Осы мақсатта Ресейдің Үлкен театры мен Мариинский театрындағы әнші-әріптестеріммен бірлесіп жұмыс істедік. Симфониялық оркестрге итальяндық дирижер Вито Ло Ре жетекшілік етті. Өнердегі әріптестеріммен бірге алты тілде оперетта, мюзикл, поп-музыка жанрларында шырқадым. Ал Пуччинидің «Богемасына» келсек, ол – менің ең сүйікті, жаныма жақын опералардың ішіндегі бірегейі. Мимидің образы нәзіктілігімен, адалдылығы мен әсерлілігімен жаныммен үндес. Жалпы, үлкен концерттен бір күннен кейін дауыстың демалуына мүмкіндік бермей Мимидің партиясын айтудың өзі менен көп еңбекті талап етті.
– Сіздің өнеріңізге аса риза болған Бибігүл Ахметқызының сазгер С.Мұхамеджановтың «Дауыспен симфониялық оркестрге жазылған концерт» шығармасының нотасын беріп, оны репертуарыңызға енгізуді аманаттағанына куә болған едік. Бұл шығарманы Сіздің репертуарыңыздан қашан ести аламыз?
– Бибігүл Төлегенова – қазақтың атақты әншісі. Ол кісінің қолынан нота алу мен үшін үлкен абырой әрі сенім. Әнші үшін ең қымбат сыйлық – ноталар. Осы мерейтойлық концерттерімнен кейін С.Мұхамеджановтың шығармасын игерумен шұғылданатын боламын. Бибігүл Ахметқызы бұл шығарманы өнерге деген жанашырлықтан әрі маған сенгендіктен табыстап отыр. Сондықтан тыңдармандарымды көп күттіре қоймаспын.
– Астана мен Алматыдан өзге өңірлерге опера секілді өнердің биік түрі жетпей жатыр. Халық әртісі ретінде еліміздің барлық облыс орталықтарында ғана емес, оның елді мекендеріндегі халықпен жүздесіп, өнер көрсеткім келеді деген тілегіңіз қаншалықты орындалып жатыр?
– Амандық болса сәуірдің 30-жұлдызында Астанада концерт бермекшімін. Оған менің Олег Кулько, Ахмед Агади деген достарым, дирижер Вито Ло Ре қатысатын болады. Астана төрінде ән шырқау – мен үшін құрмет әрі үлкен сынақ. Астананың мәдени өмірі өсіп, өркендеп келеді. Болашақта еліміздің өзге облыстары мен елді мекендерінде және Мәскеуде, басқа да шетел сахналарында концерт өткізбек ойым бар.
– Нұржамал, «Гәкку» әнін жас әнші Ерболат Құдайбергеновпен бірге шырқағаныңызды қарапайым көрермен қабылдай қоймаған секілді. Сіздіңше, сол орындауда әннің құны түсіңкіреп кеткен жоқ па? Бұл туралы жалпы өзіңіздің пікіріңіз қандай? «Гәккуді» жаңа реңде сахнаға шығару идеясы кімнен туындады?
– «Сағындырған әндер-ай» фестивалінің идеясы әншілерге бірлесіп ән салдырту еді. Ал «Гәккуді» сахнаға жаңа реңде шығару идеясы менен болды. Биыл «Қыз Жібек» эпосына 500 жыл толды. «Гәккудің» менің шығармашылығымда алатын орны ерекше. Ерболат – дарынды жас орындаушы. Маған жастардың өткен тарихқа бүгінгі көзбен қарауы қашанда маңызды. Көп адамдарға біздің бұл жобамыз ұнапты. Бұл жобаны ұрпақтар сабақтастығы деп қарауға болатын шығар
– Жақында «Хабар» және «Еларна» телеарналарының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан әйелдері» жобасында сіздің де есіміңіз аталды. Біз қазір жұлдыздарды sms-пен дауыс беру арқылы қолдан жасап алатын жағдайға жеттік. Өнерді бұлай бағалауға сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Ол конкурс әр түрлі жастағы әйел адамдардан құралған. Олардың арасында әлдеқашан қазақ әйелінің эталонына айналып үлгіргендер де, күні кеше танымал болғандар да болды. Меніңше, бәрін бір байқауға салып кеп жібермей, жас ерекшеліктеріне мән беру керек еді. SMS арқылы дауыс беруді де аса бір керемет әдіс дей алмас едім. Әсіресе, елімізге ғана емес алыс-жақын шетелдерге есімі мәшһүр болған тұлғаларды дауыс беру арқылы бағалауға тіптен қарсымын.
– Сіз – әлемнің ең атақты сахналарында ән шырқап, талайдың таңдайын қақтырған әншісіз. Сізді әлем таниды және мойындайды. Марапат пен мадақтың сізден теріс айналып кеткені жоқ. Бірақ қанша қалағаны орындалса да, адам баласының көкейінде бәрібір бір арман тұратыны анық. Атақты әнші ретінде нені ойлайсыз, қарапайым әйел ретінде нені арман етесіз?
– Әнші ретінде өз армандарым, мақсат-жоспарларым бар. Ең бастысы, жұмысқа деген құлшынысымды жоғалтып алмауға жұмыстанамын. Арман жолы мен үшін әрқашан да маңызды. Мен – бақытты әйелмін. Тату отбасым бар. Бір өкініштісі, әрқайсысымыз әр қалада жүреміз де, жиі басымыз қосыла бермейді. Бәріміздің басымыз бір дастарқанда қосылған сәт – мен үшін ең бақытты сәт.
– Әңгімеңізге рахмет.