Жуырда Алаштың астанасындағы іргелі ғылым ордасы – Еуразия ұлттық университетінде қазақ халқының қайраткер ұлдарының бірі Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 110 жыл, қайтқанына 77 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. «Қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы және Қазақстан отаншылдығы: елдік мұрат пен жауапкершілік» атты тақырыпқа бағдарланған алқалы жиын ұлт тарихындағы ірі тұлғаның қайталанбас құбылыс екендігін жаңаша байыптауға арналыпты.
Қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы – 1900 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туып, 33 жасында-ақ қыршынынан қиылған һәм осынша қысқа ғана ғұмырында ұлттық, мемлекеттік мүдде тартысына ерте араласып, аз жасында артына мол мұра қалдырып, мемлекеттіктің нығаюы жолында көп іс тындырған ерекше құбылыс. Аққан жұлдыздай оның жүріп өткен қысқа жолы әркімге-ақ таңдай қақтырары хақ. 16-17 жасынан қазақ жастарының «Бірлік» атты тұңғыш ұйымына араласып, кейіннен Ақмола облыстық Алашорда комитетінде, Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында, Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында, Қазақ ОАК төралқасында, Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында, Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарды. 20 жасында қазақ жастарының көшбасшысы болса, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген ағарту министрі қызметін атқарыпты. С.Сәдуақасұлының қатаң саясаттың өтінде жүріп, қазақ мемлекеттігі үшін сіңірген еңбектері, ұлт мәдениеті мен әдебиетіне, баспасөз бен алғашқы театр ісіне қосқан үлесі өлшеусіз. Кеңестік қызыл кезеңнің кесірі қайраткердің еңбегі мен шығармашылығына бет бұрғызбағанымен, Тәуелсіздіктен бергі зерттеулер оның ұлт тарихындағы тұлғалық ұлылығын қайта жарыққа шығарды. Алаштың арда ұлын жоқтаған кейінгі тарихшы-ғалымдардың, ұлт жанашырларының ізденісі арқасында біршама бастама көтеріліп, мемлекеттіктің 20 жылдық белесіне қарай таудай шаралар атқарғаны да қуантады. Десе де, мұндай игілікті бастамалардың ең сүбелісі С.Сәдуақасұлының Мәскеудің «Дон зиратханасында» сақталып келген сүйек күлін туған топырағына жеткізу һәм оны мұсылман ғұрпымен жер қойнына тапсыру болатын. Бұған дейінгі баспасөзде көп айтылған қоғамдық пікірдің, діндар мен зиялы пікірінің, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымының кандидаты Сабыр Қасымов бастаған бір топ бастамашының жігерінің нәтижесінде Мәскеу мэриясы былтырғы 24 желтоқсанда С.Сәдуақасұлының кремациядан (арнайы өртелгеннен соңғы үдеріс) кейінгі сүйек күлін Отанына қайтару туралы шешім шығарыпты. Ендігі мақсат – арнайы делегацияның Мәскеуге барып, С.Сәдуақасұлы сүйегінің күлі салынған табытты салтанатты түрде Отанына әкеліп, аруағына зор құрмет көрсете отырып, мұсылман рәсімімен жерлеу. Елордадағы бірқатар саясаткер, тарихшы ғалымдардың басқосуы осындай игі шараның алдындағы «бісмілләсі» әрі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында Смағұлдай ірі тұлғаның ұлт тарихындағы орнын тағы бір мәрте талқылау болып отыр екен.
Конференция барысында Сенат депутаты Ғарифолла Есім С.Сәдуақасұлының тұлғалық құбылысына қатысты баяндама жасап, басты әңгімені Алашорда қайраткерлерінің ұлттық бостандыққа ұмтылған ерлігімен ұштастырды. «Алашқа қатысты әңгіме бүгінгі егемен елдің күретамырын қаузайтын мәселеге тірелмек. Алаш қайраткерлері екі негізгі тарихи-мәдени істі атқарып кетті. Бірі халқымыздың азаттық жолындағы өздеріне дейінгі құндылықтарын саралап, олар туралы өз ойларын басылым беттерінде білдіріп үлгерді. Екіншілері бірінші миссия арқылы өздерінің заманы мен біздің Тәуелсіз заманымыздың арасына көпір салып кетті. Соның арқасында ұрпақтар сабақтастығы жұқарса да, үзілмеді. Ал С.Сәдуақасұлының тұлғалық құбылысына келсек, қайраткер ел болу идеясын тереңнен қозғады. Ондай бірегей тұлғаға сұраныс пен қажеттілік әр заманда болып тұрады. С.Сәдуақасұлы қысқа ғұмырында қазақ болып өтті, елдің мәңгілік болуын армандады. Ал біздің Тәуелсіз еліміздің мығым болуы үшін мұндай ұлт қайраткерлерінің ісі ұрпақ санасынан өшпеуі шарт», – деді сенатор. Осындай кіріспеден кейін алқалы жиынға қатысушыларға арналған ресми һәм лауазымды тұлғалардың құттықтаулары жарияланып, сосын барып тарихшыларға сөз тиді. Әуелде сөз алған Қазақстан тарихшылар қауымдастығының президенті, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді С.Сәдуақасұлының әділетсіз саяси жүйеге қарсы сыны жайында әңгіме өрбітті. Сөз басын «С.Сәдуақасұлы кім» деген мәселемен шолды тарихшы.
«Біз әдебиетті, мәдениетті мысалға алғанда аз ғана ғұмыр кешіп, көп мұра берген ақын-жазушыларды жарқ ете ағып түскен жұлдызға балаймыз. Әрине, олардың дана талантына дау жоқ. Ал С.Сәдуақасұлына келсек, осынау ұлы тұлғаны саясатта ағып өткен жарық жұлдыз дегім келеді», – деді ол.
Сөз арасында жиынға идеологияшыл саясаткерлердің, депутаттардың қатысып отырғанын ескерген М.Қойгелді зиялы пікір айтып, ұранды сөз сөйлейтін «шешендерге» қаратып өкпесін байқатты.
«Біз шарқ ұрып ұлттық идеология іздеген боламыз. Оны қайдан іздеу қажеттігін айтып, сан-саққа ой жүгіртеміз. Әсілі оны іздеудің қажеті шамалы, ол аспанда, ғарышта емес, ол жердің астында да емес. Ол – арамызда. С.Сәдуақасұлының 33 жылдық ғұмыры – нағыз ұлттық идеология. Отанды, елін сүюдің, бұған өле-өлгенше қызмет көрсетудің үлгісі. Ойланып қарасақ, сонау зұлматта басын бәйгеге тігіп, ұлтқа қызмет көрсеткендердің артында тіпті ұрпағы да қалмапты. ХХ ғасырдағы зиялылардың кейінгі тағдыры бір-біріне аса ұқсас. Соны ұлт қайраткерлері білмеді демеңіздер. Өйткені бұл қайраткерлер не үшін қызмет жасайтынын білді, сол үшін рақаттанып, ерлікке парапар іс атқарды. Яғни ұлттық идеологиямыз осы тұлғаларды үлгі тұту болса, оны насихаттау мүлдем кемшін түсіп отыр. Өкінішке қарай, киномыз әлсіз, өнеріміз әлсіз, әдебиетіміз әлсіз, ғылымымыз осал», – дейді тарихшы.
Оның айтуынша, әлгіндей ұлылықты бойына сіңіре еліне қызмет еткен С.Сәдуақасұлы Қазақстандағы кеңестік идеологияның бітіспес, қауіпті де қаһарлы оппоненті болды. Бұл тұрғыда тарихшы өз баяндамасында мұрағат фактілерінде сақталған дәйектерді бірінен соң бірін суырып, өзінің әрбір сөзін сондай тарихтан сақталған дәлелдермен шегелеп отырды. Сөзге сенсек, С.Сәдуақасұлына қарсы сол кездері түрлі тәсілдегі тапсырыспен жазылған айыптамалардың өзі де бір төбе екен. Солардың бір парасын М.Қойгелді алға тартып, Сәдуақасұлының саяси ұстанымына қатысты жасалған тұжырыммен жұртшылықты таныстырды. «С.Сәдуақасұлы коммунистік партияның мүддесін өзіне мүлдем жат нәрсе ретінде еш қабылдай алмады» делініпті әлгідей тұжырымда.
Сөйтіп, ұлт тарихының бір білгірі С.Сәдуақасұлын коммунизмнің идеологиясынан ада етіп, нағыз ұлтшыл тұсын көрсетіп шыққанда, келесі сөз сөйлеуші – тарих ғылымының тағы бір білгірі, доктор Талас Омарбеков бұған мүлдем кереғар пікірді алға тартты.
«С.Сәдуақасұлы Голощекинге қарсы шықты, Алашорда идеясын жақтады» деп айта бергенмен, оның азамат ретіндегі, қайраткер ретіндегі тұлғасын биіктете алмасымыз анық. Голощекинмен айтысқаны үшін ғана оны ұлттық батыр деңгейіне көтере алмаймыз. Бұл тұрғыда мынаны еске салғымыз келеді: С.Сәдуақасұлы – Алашорда қайраткері емес, коммунистік партияның қайраткері. Мойындасаңыз да, мойындамасаңыз да, тарихи шындық – осы. Ол Қазақстанға кеңестік автономия берілген кезде 20 жастағы жігіт болатын. Коммунистік идеяға аса сенген адам ретінде марксизм мен ленинизмді үлкен сезіммен қабылдап, терең меңгерген қайраткер. Оны ұлтшыл қылудан бұрын, алдымен коммунист қылып алуымыз керек», – дейді Т.Омарбеков.
Әрине, мұндай пікірдің ұлттың өткенін зерттейтін біршама жұртқа ұнай қоймауы да мүмкін екендігін еске салған тарихшы қайраткердің еңбектерінен «кәмунизмді» қолпаштаған тұсын алға тартты. Әйтсе де мұндағы әңгіменің негізгі ауаны С.Сәдуақасұлының ғана емес, Алаш қайраткерлерінің бірқатар басшысының да алғашқы кезеңде кеңестік жүйеге сенгенінде болып отырғаны анық. Өйткені сол кезеңдегі ұлт зиялыларының басым бөлігі кеңестік автономия негізінде қазақ халқының ұлттық мүддесін жүзеге асыруға болатындығына сенген.
Тарихшылар кезегінен сөз алған Еуразия университетінің проректоры, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Дихан Қамзабекұлы С.Сәдуақасұлының мұрасы мен елдік мұрат жайында сөз қозғады. Оның айтуынша, С.Сәдуақасұлының өмірі – әлі де толық ашылып бітпеген құбылыс. Мәселен, 20 жастағы бала-жігіт өзінен үлкен М.Әуезовке, Ж.Аймауытовқа,
Б.Майлинге демеуші болып, солардың кітаптарын жарыққа шығарған. Оны айтасыз, қызметке белсене араласқан 28 жасында үш классиктің шығармаларын өзі аударып, оларды «Қазақстанның болашақ бет-бейнесі» деп Мәскеуге таныстырады.
«Смағұлдың ауылынан екі Сәдуақасов шыққан. Оның бірі – молда Сәдуақастың баласы Смағұл, екіншісі – бай Сәдуақастың баласы Ғаббас Тоғжанов. Екі азамат та – елдің қайраткері, ұлттың ұландары. Бірақ кейбір көзқарастары екі бағытта болды. Мәселен, Смағұлдар Омбыда ұйым құрса, Ғаббас соған қосылмастан, жеке ұйым құрады. Бәрі ортақ бір пікірге келсе, Ғаббастың пікірі олардан бөлек шығып жатты. Ал ақыр аяғы Сәдуақас молданың баласы Смағұл қаражаты болмағандықтан, Омбыға оқуға баруға ақшасы болмай, кейіннен бай Сәдуақастың қаражат беріп, қолдауымен оқуға аттанады. Кейіннен 1928 жылы байлар «кәмпескеге» ұшырап жатқан тұста Ақтөбеге айдалып кеткен бай Сәдуақасты өз баласы Ғаббас емес, өкімет жұмысындағы Смағұл іздеп барған екен», – деп аяқтады сөзін Д.Қамзабекұлы.
Жиын барысында С.Сәдуақасұлының қайраткерлігіне, өміріне қатысты зерттеуді кеңейту, мектепте оқытуға енгізу, тұлға тағылымын айшықтайтын кино түсіру туралы ойлар ортаға тасталып, билікке ұсыныс айтылды.
Смағұл Сәдуақасов – ұлт саясатының жарық жұлдызы
Последние статьи автора