Құрметті «Алаш айнасы» сайтының оқырманы! Біздің сайт бұдан былай «Шешендік сөздер» айдары арқылы қазақтың бояуы қанық, бейнелі шебер тілмен айтылған шешендік сөздерінен үзінділер беріп отыратын болады. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал-мәтел, аңыз әңгімелер, толғаулар мен айтыстарға жақын келеді.
ҚҰЛДЫҚ ШЕШЕН
Өткен заманда Көкпек Уатай деген би болыпты, өзі тентек кісі екен. Уатайдың қарауындағы елдің мекені Жалаңаш, Сарыкөл, Қойбаған және Құти деген жерлер болады. Елдің көпшілігі ол кезде көшіп жүретін болса керек. Әсіресе Төреқарада Бақшақ деген ел тегіс көшпелі екен, жаз қырды жайлап, қыс Қызыл Құмға көшеді екен. Ішке көшкенде жаңағы Қойбаған, Құти, Жалаңаш, Сарыкөл жүретін жолы екен, қонайын десе Уатай жер-суды қориды, шөбіне түссе, малын ұстайды, сұрай барса адамдарын ұрып-соғады, зәбірлейді екен. Қонбай кетейін десе жер тым кереғар, малы шөлдейді, адамдары шаршайды. Көп уақыт сүйтіп бақшақтар қиыншылықтарға ұшырайды. Сол кезде Бақшақта Құлдық деген шешен болыпты. Бір жылы күзді күні көшті Құлдық шешен өзі бастап Сарыкөлдің басына әдейі келіп қоныпты. Қонған елді көріп Уатай атына міне шауыпты. Жанына бес-алты жігітті ертіп алып, жылқысын қуып, адамын ұрып келейік, – деп аттананды. Бұлардың келе жатқанын көріп, құлдық шешен алдарынан шығып Уатайға сәлем беріпті. Уатай сәлемін ернінің ұшымен алып: “Бұл жерге саған кім қон деді?” – депті. Құлдық: “Ақылым қон деді”, – депті. Уатай: “Ақыл қалай қон деді?” – депті, “Ақылым ақпан соқса өлмейсін, тоқпан соқса өлмейсін, Уатай бір соққанда қата қаласын ба? Сен бір қонғанда, Сарыкөлдің суы орталанар деймісің, Көсіктінің оты ортаналар деймісің, қон-қон деді” – депті Құлдық. Сонда Уатай мақтанып кетіп: “Ой, тілі кесілгір, қона ғой! Сенің азғана малыңа су да тартылмас, шалғын да жапырылмас, бес-алты күн ерулеп көшерсін”, – депті де кейін қайтып кетіпті.
АҚЫЛДЫ ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ!
Бір мәжілісте бас қосып сөйлесіп отырғанда Шоң биге Мұса мырза:
Ақ сауыт деп нені айтамыз,
Арғымақ деп нені айтамыз?
Ақылды деп кімді айтамыз,
Ер жігіт деп кімді айтамыз? – деп сұрақ қойыпты.
Бұған Шоң:
Ақ сауыт деп айтамыз,
Атқанда оқ өтпесе.
Арғымақ деп айтамыз,
Желгенде жылқы жетпесе.
Ақылды деп айтамыз,
Тозған елді септесе.
Ер жігіт деп айтамыз,
Жауға тастап кетпесе! – депті.
ЖЕРДЕН АУЫР НЕ!
Балаби қартайған шағында халқын жыйып:
Жерден ауыр не?
Судан ауыр не?
Оттан ыстық не?
Көктен биік не? – деп, төрт сұрақ қойғанда екен. Бірақ ешкім бұл сұрақтардың жауабын таппапты.
Сонда Балаби өзі айтқан сұрақтарын өзі былай деп шешкен екен:
Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім.
Судан терең дегенім – оқу, ғылым.
Оттан ыстық дегенім - фани дүние, жалған өмір.
Көктен биік дегенім - тәкәббардың көңілі.
alashainasy.kz/culture/49087/
alashainasy.kz/culture/48746/
alashainasy.kz/culture/48768/
alashainasy.kz/culture/48861/
alashainasy.kz/culture/48905/
alashainasy.kz/culture/49021/
alashainasy.kz/culture/49053/