Латын әліпбиіне көшу мәселесі қазір қаймана қазаққа қозғау салған үлкен бастама болып тұр. Еуропа қазағы онсыз да аталған әліпбиді қолданады. Ал Ахмет Байтұрсыновтай біртуар ғалым жасап берген төте жазу алфавитін пайдаланып жүрген Қытайдағы қазақтар да қазір латыншаға көшу дейтін әңгімені тұрақты айтып жүр. Айтып қана жүрген жоқ, олар неше түрлі жоба жасап, қазақы дыбыстарды латынша таңбалаудың тиімді тәсілін іздеп «табанынан тозуда». Біз ғаламтор арқылы осы шаруаның басы-қасында жүрген ШҰАР тіл-жазу комитеті атаулар алқасы кеңсесінің меңгерушісі Мұрат Солтаншәріпұлымен хабарласып, комитеттің атқарып жатқан істері жайында сұрап білген едік.
Біз, ең алдымен, Мұрат мырзадан латыншаға көшудің нендей қажеттілігі туғаны жайлы сұрадық. Ол кісі тоқ еткізіп қана төмендегідей жауап айтты.
«Қазіргідей ғаламат қарқынмен шарықтаған ғылым мен техника озық білімге, ақыл-парасатқа және осы озық білім мен ақыл-парасатты дұрыс бейнелеп беретін озық тіл-жазуға сүйеніп дамиды. Ал озық тіл-жазу неге сүйеніп дамиды? Ол, әрине, озық білімі мен ақыл-парасаты арқасында қарыштайды. Бүгінде латынның 26 қаріп таңбасы солардың ең озығы болып мойындалуда әрі жалпы ақпараттық байланыста латын әрпі басымдықты иеленіп тұр. Қысқасы, бүкіл дүниеге тараған компьютердің тілтақтасы да осы 26 қаріптік жүйені негіз етіп жасалғаны жұртқа мәлім».
Қытайдағы қандастарымыз дайындаған жаңа жобадағы кез келген дыбыс түгелдей латынша жалаңаш 26 таңбамен ғана жасалған. Қазақы дыбыстардан ешқандай жал-құйрық немесе үтір, нүкте сяқты қосымша бөгенайлар таба алмайсыз. Сондықтан олар өз алдына өте жүрдек информациялық байланыс арнасын қалыптастыра алады. «Біздің мақсатымыз да ақпараттық жүйе алға озған заманда осы 26 әріпті ғана пайдалану арқылы жазуымыздың таңбаларын белгілеп, жедел информациялық байланыс арнасын толық пайдалансақ деген ой», – дейді М.Солтаншәріпұлы. Ал біздің «қ», «ң», «ұ», «ү» т.б. секілді әріптер информациялық байланысқа түскен кезде, 26 қаріптік сүзгінің торы мен тұзағына ілініп, біреуі құлағынан, біреуі бақайынан, біреуі иығынан ілініп дегендей жол ортада түсіп қалып жататыны белгілі. Осы кемшіліктерді жіпке тізген Мұрат Солтаншәріпұлы бұған қарсы тиісті шара қолданған көптеген елдер осы уақытқа дейін ептеп-септеп күн көргенін айтады. Әйткенмен қазіргідей ақпараттық байланыс ерекше дамыған және оңайласқан кезде мұндай амалдаулардың ауырлық тудыратыны да жасырын емес. Сол үшін әлемде латыншаға көшу науқаны жүз беруде. Қытайдағы қазақтар да сол көштен қалмаудың қамымен қарекет етіп жатыр.
Бұл жөнінде Мұрат Солтаншәріпұлының өзі былай дейді:
– Әрине, «басқа елге құл боламыз, жазусыз қаламыз, мәдениетімізден айырыламыз, төте жазуда қала берейік, Орхон-Енисей жазуына көшейік» деген сынды алуан пікірлер болды. Бірақ менің айтар уәжім: біз осы жалаңаш латын таңбасын толық пайдалана білгенде ғана ешкімге құл болмаймыз, жазусыз да қалмаймыз, мәдениетімізден де айырылмаймыз! Неге? Қазақ кезінде неше түрлі жазу қолданған, бірақ қазір ол жазудың көбі жоғалды. Себебі олардың өміршеңдігі ұзақ болмады. Ал мына жазудың өміршеңдігі қазірше ұзақ болатындығы байқалуда. Екіншіден, бұрынғы жазулар сыртқы күштің зорлығымен қолданылған болса, енді бұл жазуды өз еркімізбен қолданбақшы болып отырмыз. Үшіншіден, біз бұл латынша таңбаларды 100 пайыз латынша немесе ағылшынша дыбыстамаймыз. Оларды қазақтың жазуы үшін құрал етіп, өзіміздің төл дыбысымызды дыбыстаймыз. Мақсат – 26 таңбаны қазақ үшін қызмет еттіру. 26 таңбамен ғана жасалған жазу жобасында ешқандай әурешіліктер кезікпейді. Оны жасап, жалпыластыру үшін Үкімет те, өзіңіз де бір тиын ақша шығын шығармайсыз! Өйткені оның барлығы компьютерде дап-дайын тұр. Мен мынаны да айта кеткім келеді. Егер басқа біреу біздің жобамызға ұқсамайтын, осындай 26 латын таңбасымен ғана жасалған, дауысты дыбыстары түгел дара таңбамен белгіленген әрі көпшілік ұнатқан кемелді жоба ұсынар болса, біз де оның қолдаушысы, әрі жақтаушысы болуға дайынбыз.
Профессор М.Солтаншәріпұлы Қазақстанның баспа бетіне көбірек жарияланып жүрген бір жобасымен таныс екен. Кімдікі екені туралы айтпаса да, өзі таныған кемшіліктері жайында қалыс қалған жоқ. «Бұл жобаны қазір басым көпшілік тарапынан мойындалып қалған жоба деп естимін. Бірақ ондағы «а» мен «ә», «о» мен «ө», «ұ» мен «ү» парықталмайтын, ал «к» мен «қ», «ы» мен «і» кейде ажыратылып, кейде ажыратылмайтын секілді. Ол ғана емес «г» мен «ғ», «н» мен «ң» қаріптерін де бір-бірінен айыру қиындау», – дейді Мұкең.
Қорыта айтқанда, ақпараттық қоғамдағы жедел байланыстың зәрулігі замана желімен жарысуды талап етуде. «Қазір кирилшенің өзі де әлемде информациялық байланыс жасау арнасынан орын ала алмай отыр. 60-80 мыңдай қарпі бар қытай екеш қытай да жазуын латыншаға көшіреміз деп жанталасқанына жарты ғасырдан асты, әлі іздену үстінде. Орыстар да латыншаға көшуге академиялық пікір әзірлеп жатыр деп естиміз. ТМД құрамында болған бірнеше мемлекет көшіп те үлгерді. Осындай ұлы көшке үндемей, еш әрекетсіз, лебіз білдірмей бостан-босқа қарап отыру бізге де жараспайды деп санаймын», – дейді профессор Мұрат Солтаншәріпұлы.
P.S.
Қытайдағы қазақ тіл білімі ғалымдарының қазақ жазуын латынша таңбалау жөніндегі Үкіметке жолдаған алғашқы жобалары мемлекет тарапының бекітуінен өтіп, Үкімет оны мемлекеттік жоба ретінде тұрақтандырып беруді ғалымдарға қайта тапсырған болатын. Төмендегі жоба алдағы күнде талқыға салынуға әзірленген Қытай қазақтарының бірден-бір тың жобасы. Ал 2007 жылы елімізге сапарлай келген Қытай ғалымдары арасында М.Солтаншәріпұлы да бар болатын. Сол сапарда олар сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Тіл комитеті басшыларына өздерінің жобаларын жалпыхалықтық талқылаудан тыс қалдырмау туралы өтініш айтқаны бар еді.