Ән тыңдап отырғанбыз. Радиодан. Қазақтың әнін құйқылжыта орындап тұрған әншілерге шынымен де риза болғанымыз рас. Құлақ құрышын қандырған әншілерге разы болған әжем «пай, пай, не деген дауыс, қандай әнші қыздар» деп тамсанды. Әлден уақ диктор «Әнді орындағандар Қайрат Түнтеков пен Нұржан Қалжан», - деді. Таң қалғаннан талып қалмасақ да таңырқағанымыз рас енді. Бұрындары бұл екі әншінің әндерін тыңдап жүрсек те қазақ радиосы қоржынындағы мына әндерін құлағымыз шалмаған екен. Бағаналы бері әнші қыз деп отырғанымыз жігіт болып шыққанына ойланып қалдық. Содан қолға қалам алып шимайымызды шиырлап тастауға түрткі болған тақырыпты «Алаш айнасына» жариялауға тырыстық.
Сонымен... Расында бүгінгі эстрадада сахнаның шаңын шығарып жүрген жігіттеріміздің барлығы деп бәріне бірдей топырақ шашпай-ақ қояйық. Бірақ басым бөлігінің дауысы қыз дауысты болып бара жатқаны жасырын емес. Гүрілдеген, еркекке тән дауыс жоқтың қасы демей-ақ қояйық, бірақ соған жетеқабыл екені өтірік емес енді. Нәзік, әлсіз, тамақтанбаған адамдай уілдеген сәби үнді жігіт әншілердің дауысы құлақтан кіріп, бойды алмайтыны анық енді. Есесіне ыңырсып, дауысы жетпей жатқанына аяныш туғызатыны бар. Музыка тілімен айтсақ опера әншілері екі октавада айта береді, ал эстарададағылар Бибігүл Төлегенова айтқандай, бір октавадан аса ал¬май «тақпақшалап» қалады. Жо¬ға¬ры нотаға шығып, кең тынысты ала алмайды. Қырға шыға алмай ентігіп қалады деген сөз. Көбіне классикалық әндерді қор қылған пұшық шіркіннің керін келтіреді. Айтпағымыз әншілердің бәрі де ария орындап кетсін деген сөз емес. Нәзік тембрлы альт дауысты болса онда әңгіме басқа. Кезінде әлемді контртенордан да биік альт дауысымен таңқалдырған Ерік Құрманғалиев сынды тағы да бір тума талант жарып шықса, бөркімізді аспанға атып қуанар едік. Алайда жіңішке дауыстылардың дені өз дауыстарын қойып беретін адамына жолықпай ма, әлде енжарлық басып, орта жода болдырып қала ма белгісіз ізденбейді, сұранбайды. Алға сүйресең артқа кететін қотыр тайлақтың керін келтіреді. «Феномен» деген атқа ие болған Ерік Құрманғалиев КСРО-дағы №1 контртенор болған. Оған дейін дәл осы дауыста әнші болмаған екен. Бұл туралы Маржан Ершу өз естелігінде былай дейді: «Ерік Құрманғалиев Франциядағы фестивальде бас жүлдені жеңіп алғаннан кейін кеңестік вокалдық педагогика ойлана бастайды. Жынысы ер әнші қалайша әйелдің (альт немесе меццо-сопрано) жіңішке дауысымен шырқай алады? Демек, шырқауға болады екен. Онда бұл вокалдың педагогикалық, методикалық әдіс-тәсілдерін зерттеп, оқу процесіне енгізіп, контртенорларды тәрбиелеу керек деп шешеді... Контртенорлар – жіңішке биік дауысты ер әншілер. Контртенорлардың кастраттардан айырмашылығы олар табиғат берген сұлу дауысқа ие және екі дауыста да (ер, әйел) шырқай алатын шеберлер. Ерік соның бірі емес, бірегейі еді. «Кеңес Одағының бір артықшылығы – ол кезде сахнаға тек таланттар шығатын. Ал, қазір ақшасы бардың бәрі сахнада ойнақтап жүр» — деп мәскеулік басылымға берген сұхбатында ашына сөйлеген Еріктің бұл сөзінен оның сыншыл, тәкаппар талант екенін танығандаймыз. Ерік Құрманғалиев Кеңестер Одағындағы алғашқы контртенор болды. Кеңес Одағында бұл қалыптан тыс жағдай деп есептелді, ал, бәрібір Ресей үшін биік мәртебе болып саналды. Ерік Құрманғалиев туралы ресейліктер «Дауыс», «Альттің оянуы», «Сәлім-Меруерт» атты деректі фильмдер түсірді. «Аты аңызға айналған адам» деп дәріптеді».
... Әрине, мыңжылдықта бір ақ рет дүниеге келетін мұндай тума таланттар текті қазақтың топырағында әлі-ақ дүниеге келер-ақ. Музыканың басқа саласын сөз етпей ақ қояйық. Бір ғана эстрада жанрында жүрген жігіттеріміздің дауысы неге жіңішкеріп барады? Қыз дауыстылар неге көп? Еркекке тән жуан дауыстылар неге аз? Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сынды гүрілдеп дауысы жер жаратын жуандауыстылардың көші солармен тоқтағаны ма? Мейрамбектің қоңыр үні, Бүркіттің әуезді әуені, Сырым Исабаевтың сырлы үніндей жуандауыстылардың қатары қашан көбейеді?
Сахнада қаз дауыстылар емес, қыз дауыстылар қаптап жүр
Последние статьи автора