Сахна шеберлері туралы кітап жарық көрді
Жуырда Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Таңбалы» баспасынан «Қазақ сахнасының шеберлері» атты ғылыми-танымдық кітапты жарыққа шығарды. Кітап қазақ театрының танымал тұлғаларын, ұлттық сахна өнері қас шеберлерінің өзіндік шығармашылығын насихаттайды.
«Мәдени мұра» бағдарламасының жарыққа шығарған туындыларымен көзі-қарақты жұрт жақсы танысып келеді. Тәуелсіз баспалар да ұлт руханиятын насихаттауда алдына жан салмауда. Жақында ғана «Таңбалы» баспасынан жарық көрген «Қазақ сахнасының шеберлері» атты ғылыми-танымдық еңбек сөзімізді тағы бір рет дәлелдесе керек. Ғылыми-энциклопедиялық зерттеудің мақсаты туралы автор Амангелді Мұқан: «Қазақ сахнасының негізін қалаушы танымал тұлғалардан бастап, бүгінгі күнге дейін дамып өркендеген орындаушылық өнерді оқырмандармен таныстыру. Театртанушы мамандар қазақ сахна өнерінің тарихында елеулі із тастаған, Республикаға және кезінде Одаққа танымал сахна жұлдыздар шоғырын: актер, режиссер, әнші, биші, балетмейстерлердің өмір жолы мен шығармашылық жолын зерттеп жазды. Қазақ театрының өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген танымал тұлғалар Ж. Шанин, С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Е. Өмірзақов К.Байсейітова тағы басқалар бастап, олардың ізін жалғастырушы өнерпаздардың шығармашылық келбеті қазақ театр өнерінің тарихымен, жеткен биіктерімен ажырамастай тұтастықта қарастырылады», – деп ағынан жарылды.
Мырзабай ОМАР, өнертанушы ғалым:
– Бұл кітап – қазақ руханиятына қосылған сүбелі еңбек. 100-ге жуық қазақ сахна өнері майталмандары кітапқа енді. Ғылыми-энциклопедиялық туынды қазақ тілінде алғаш рет шығарылып отыр. «Таңбалы» баспасы ұлт руханиятының түрлі серияларын баспадан шығарып жүр. Бүгінгі кітап «Ұлт руханияты» деген сериямен шықты. Бибігүл Төлегеновадан бастап, Тұңғышбай Жаманқұловқа дейінгі аралықты қамтыған туынды елімізге пайдалы боларына сенімдіміз.