Бүгін кешке елордадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығының концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахмардан Әбіловтің шығармашылық кеші өтеді.
Талантты әнші, вокалдық лириканың шебері Ш.Әбіловтің есімі Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де жақсы танымал. Өзінің қайталанбас шығармашылық бет-бейнесі мен келбетін тапқан өнер иесінің есімі еліміздегі музыка мәдениетінде ерекше орын алады. Әншінің шығармашылық шыңы – Абай өлеңдеріне жазылған камералық-вокалдық шығармалары. 1991 жылы Мәскеу қаласында лазерлік дискіге жазылған бұл шығармаларын Ш.Әбілов тамаша пианиношы Сергей Костевичпен бірге қос дауыста орындаған. Қазақстандық композиторлар Е.Рахмадиев, Т.Мұхамеджанов, М.Сағатов, Б.Аманжоловтардың өздерінің Абай өлеңдеріне жазылған вокалдық шығармаларын Ш.Әбіловтың орындауына арнайы жазғандары да кездейсоқтық емес.
Әнші репертуарында Чайковский, Рахманинов, Малер, Шуберт, Шуман, Массне, Брамс сынды әйгілі композиторлардың романстары бар. Ш. Әбілов Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі. Ол «Искусство XXI века» атты Финляндия, Италия, Австрияда, Калининградта өткен «Янтарный соловей», Мәскеуде өткен «Международная русская романсида» сынды вокалистер байқауында, Қазан қаласында өткен Р.Яхин атындағы камералық әншілер байқауында, Уфада, Киевте өткен опералық әншілер байқауында қазылар алқасының мүшелігінде болған. Сонымен қатар талантты тұлға Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері мен алыс-жақын шетелдерде мастер-класс өткізіп тұрады.
Талантты әншіні халыққа кеңінен танымал еткен концерті Лондондағы Барбикан-холлда корольдік камералық оркестрмен берген концерті болды. Бұл жайлы Би-би-си тілшісі: «Лондон Сити орталығында XI ғасырдағы шіркеуде концерт беріп, тек қана әлемдік танымал жұлдыздардың келгеніне дағдыланған қаладан осынша көп тыңдарман жинау, бұл теңдесі жоқ құбылыс болды» деп жазса, БҰҰ-ның «Бейбітшілік ісі үшін» сыйлығының иегері, белгілі әнші Осман Тюркай: «Бұл Қазақстандағы баламасы жоқ ұлттық құндылық», – деп бағалаған.
Ш. Әбілов өнерінің жарқын тұстары Париждің Плейель залында, Винченсо, Берлин, Тель-Авив, Мәскеудегі Ресей Композиторлар одағы және П.И. Чайковский атындағы консерваторияның кіші залында өтті. Гастрольдік сапармен Лондон, Париж, Тель-Авив, Хельсинки, Венеция, Вена, Стокгольм, Берлин, Мәскеу, Ыстамбұл, Анкара, Улан-Удэ, Киев, Минск, Вильнюс, Таллин, Ташкент, Бішкек, Уфа, Баку, Қазан т.б. әлемнің әйгілі қалаларында өнер көрсетті.
Қаперге
Шахмардан Әбілов – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық шығармашылық академиясының «Даңқ» орденінің иегері.