Саха-қазақ этно-рок тобы құрылды
Саха елінің әйгілі шаңқобызшысы Юлияна алматылық Hapanasasa тобымен бірігіп, музыкалық альбом жазуға кірісті. Мұндай шығармашылық тандемнің өмірге келуіне The Spirit of Tengri фестивалі қолдау көрсетіп отыр.
Шаңқобызда (хомус) ойнаудың виртуозы, саха фольклорын әлемге насихаттаушы, танымал әнші Алматыда бір ай бойы шығармашылықпен айналысады. Осы уақыт ішінде бір концертке жүк боларлық тұтас бағдарлама жасалады. Солтүстік-шығыс Сібірдің бұла табиғатының бар дыбысын әнге қосып, тайга мен тундраның аң-құсын, сулары мен тауларын шаңқобыз тілімен бейнелейтін Юлиянаның композицияларына Hapanasasa-ның мың құбылған акустикалық және электронды ырғақтары қосылады, якуттың шаман әйелдері – одағандардың дәстүрі мен көмей үні тағы бар, сөйтіп, қазіргі заманғы музыкада жаңа синтез пайда болады. Юлияна мен Hapanasasa бірлескен альбом жазумен қатар Түркияның Ескішаһар қаласында өтетін рок-фестивальде өнер көрсетуге де қамданбақ. Біз The Spirit of Tengri жобасы біріктірген жаңа музыкалық ұжымның өкілдерін әңгімеге тарттық.
Юлияна, саха-қазақ этно-рок тобы қалай құрылды?
Қазіргі заманғы этникалық музыканың The Spirit of Tengri фестивалі кезінде Hapanasasa тобы кейбір әндеріме аранжировка жасаған еді. Маған бұл әрлеу қатты ұнады, сол кезде мен топтың жетекшісі Дамир Алибакиевке бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс айттым. Тұтас концерттің бағдарламасын жасап, альбом жазатын болып келістік. Енді бір ай бірге шығармашылық ізденісте боламыз. Бір сағаттық бағдарлама әзірлеген соң Түркияға барамыз. Онда әр елден әртістер келеді. Танымал соул-әнші Джамала болады.
Hapanasasa музыкасында сізді баурап алғаны не еді?
Бұл – ерекше, ешкімде жоқ музыка, электронды, ғарыштық сипаттағы, абстрактілі әуендер. Бұрын-соңды сезінбеген тың көңіл-күйге жетелейді, топтың әр ойлап тапқан тәжірибелері қызықтырады. Міне, енді олармен бірге жұмыс істеу жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Дамир, сіз не айтасыз?
Юлиянамен бұрыннан таныс болсақ та, шығармашылық тұрғыдан табысып, бірге жұмыс істеуге The Spirit of Tengri фестивалі ықпал етті. Бірақ бірге қызмет етуді көпке дейін, қалай және неден бастау керектігін білмедік. Дәл қазіргі уақытта соның сәті түсті. Бір-екі композиция емес, тұтас альбом жазғалы отырмыз. Tengri FM радиостансысының The Spirit of Tengri жобасы бізге қолдау көрсетіп отыр. Осы фестивальдің арқасында Гүлзада, Чылтыс, Болот Байрышев сияқты халықаралық деңгейдегі танымал музыканттармен және жобаға қатысушы қазақстандық топтармен өзара шығармашылық байланысымыз орнады.
Әлемнің үздік хомусшыларының бірі, әнші-композитор Юлияна қазақстандықтарға The Spirit of Tengri фестивалінің арқасында кеңінен танылған болатын. «Алматыға жиі келетінді шығардым, өйткені маған бұл қала, жалпы, Қазақстан қатты ұнайды, өз үйімдей көремін. Табиғат қана емес, адамдар да жаныма жағады. Сондай жылы, қонақжай, мен мұнда қонаққа келуден жалығамын деп ойламаймын», – дейді әнші. Оның сөзіне қарағанда, The Spirit of Tengri фестивалі дәстүрлі түрде өтер болса, оған қатысуға Ресейден этно-рок бағытындағы біраз музыкант ниет білдіріп отыр. Еске салайық, The Spirit of Tengri халықаралық фестивалінің гала-концерті биыл маусымның 8-і күні Алматыда өтті. Оған бурятиялық «Намгар», башқұртстандық «Арғымақ» топтары, сахалық музыкант Юлияна, таулышориялық әнші Чылтыс Таңнағашева, қырғызстандық этно-рок әнші Гүлзада, алтайлық жыршы, мультиинструменталист Болот Байрышев, тувалық импровизатор әнші Сайнхо Намчылак және қазақстандық «Алдаспан», «Роксонаки», Hapanasasa топтары мен Қорлан, Найя сияқты орындаушылар қатысты. «Алаш Медиа Групп» холдингі қолға алған жоба қазақстандықтардың көне халықтық әуендерге деген қызығушылығын арттырды.