Шардараның суында тарих жүзіп жүр
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара ауданының ашылмаған қыры, танылмаған сыры жетерлік. Осындағы суқойманың маңайы тап бір тарихи мұраларға толы сынды. Бір өкінтерлігі – тарихы сонау көне дәуірлерден бастау алатын құнды жәдігерлер суға шайылып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Осы кезеңге дейін қаншама мәрте зерттеу нысанына айналған бұл аймақта әлі де сырын ішіне бүккен тылсымға толы жәдігерлер жетерлік. Тек ықтиятты көзқарас, ата-баба тарихына деген жанашырлық қана жетіспей тұр.
Кеңес Одағы кезінде атағы алысқа кеткен Шардара суқоймасы бүгінгі таңда, тарихи құнды жәдігерлері аршылып алынса, айдай әлемге екінші қырынан танылмақ. Алайда оған көңіл бөлініп жатқан жоқ. Осылайша тарихымыздың бір бөлшегі бір аймақта топыраққа көміліп жатса, екінші аймақта суға шайылып жатыр. Тарихқа деген тағзымымыз осылай болып тұр... Шежірешілерді шулатып жатқан Шардарада, шынында да, зерттелуі тиіс қаншама қазына жатыр. Көне ғасыр қойнауына сүңгісек, бұл өңір кезінде Түрік қағанатына тиесілі болған аймақ екені белгілі. Археологтердің айтуынша, Шардара қаласының атауының өзі парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген мағынаны білдіреді екен. Демек, мұндай атау бекерден-бекер берілмесе керек. Аты айтып тұрғандай, ерте замандарда бұл жер тоғыз жолдың түйіскен торабы, керуен сарайы болған. Атағы алысқа кеткен қала болғанын бүгінгі күнге дейін суқойманың айналасында жатқан қыш құмыралардың, көне қалалардың іздерінен байқауға болады. Су электрстансысын салу барысында оның табанының астында қаншама көне жәдігерлер қалып қойды. Бүгінде айдын жағалауларында көне дәуірдің күмбірін естуге болады. Қыш кірпіштен қаланған тас жолдардың ізі анық байқалады. Мол мұралар мәңгілікке су астында қалды, дегенмен енді оның шетінде қалған шежірені жинақтап алсақ та жаман емес. Археологтердің алғашқы қайласы мұнда 1959 – 1963 жылдары тиген. Қазба жұмыстары барысында бұл өңірде біздің заманымыздың IV-XIII ғасырларында өмір сүрген Ақтөбе-І, Жаушықұм қалашықтары және І ғасыр басы мен IV ғасырға жататын Ақтөбе-ІІ мекені анықталды.
Тарихшы ғалымдар келтірген дәйектемелерге сүйенсек, Шардара ауданы орналасқан аймақ түркі тайпаларының мекені болған. Ескі археологиялық деректер бойынша Шардара өңіріндегі ескерткіштер біздің заманымыздың VI-VIII-ғасырларында Түрік қағанатына тиесілі болған. Бұл аймақта кезінде атағы шыққан Сүткент қалашығы көп зерттелді. 1900 жылы Н.Рудиев және 1949 жылы академик А.Бернштам басқарған ғылыми экспедициялар осы қалашыққа қазба жұмыстарын жүргізіп, түркі тайпалары мекені болғандығын ғылыми түрде дәлелдеген болатын. Бұдан кейін бұл аумақты ресейлік ғалымдар тер төге зерттеді. Су астында қалған ғажайып мұралар туралы ғылыми еңбек жарыққа шыққан болатын. Бертінде, яғни 2009 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археолог-ғалымы Д.Тәлеев Сүткент қалашығының орталық бөлігінде барлау қазба жұмыстарын жүргізді. Одан бір жылдан кейін археолог, профессор Мадияр Елеуов Үтіртөбе қалашығында арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша құнды дүниелер алды.
Мадияр ЕЛЕУОВ, тарих ғылымының докторы, археолог:
– Үтіртөбе қалашығы екі-үш жылғы зерттеу нысанына айналды. Әлі де кешенді зерттеуді қажет етеді. Қазіргі таңда Үтіртөбе қалашығын су шайып, бүлініп, құрып барады. Мемлекет тарапынан нақты қолдау қажет. Тарихымызға тың үлес қосатын құнды дүниелер бары анық.
Шардара суқоймасының салынуымен қатар, мұнда мақта шаруашылығы қарқынды дамығаны белгілі. Суармалы егіншілікпен айналысатын аудан болғандықтан көне дүниенің көпшілігі мүлдем жойылып кетті. Онымен қоса стратегиялық маңызы бар нысан деп есептелетін Шардара суқоймасының астында бірнеше қала мен көптеген көне қорымдардың қалғандығы белгілі. Бүгінде су жағалауларында саз балшықтан күйдіріліп жасалған су құбырларының сұлбасы анық байқалады. Әдемі өрнек салынған қыш құмыралардың сынықтары, әлдебір металл сынықтары, тіпті адамның сүйектері де шашылып жатыр. Қолөнер бұйымдарының қалдықтары, тақтайдай қашалып төселген тас жолдар, қыш құмыралар мен түрлі ыдыс-аяқтардың барлығы да – зерттеуге сұранып-ақ тұрған дүние. Егер археолог-ғалымдардың қолы тиетін болса, тарихтан сыр шертіп сайрай жөнелетіндей. Қоймадағы су деңгейі көтерілетін болса, жағада жатқан жәдігерлер қайтадан мүжіліп, тарих қойнауына сырын ішіне бүккен күйі кете ме деген қауіп басым.
Аманжан БЕКТАЕВ, Шардара қаласының тұрғыны:
– Зерттей түссе, бүгінде өңірімізде қаншама тарихи құндылықтар сырын ішіне бүгіп жатыр. Қазақтың арғы-бергі тарихын қаузау қолға алынып жатыр ғой. Соның бір тармағына осы аймақты да енгізсе дұрыс болар еді. Тарихымызға тың үлес қосылары сөзсіз. Аудандық, облыстық музейлердің жәдігерлеріне ғана айналатын емес, бүкіл қазақтың, бүкіл әлемнің назарын аударатын құнды дүниелер табылып қалуы да ғажап емес қой.