“Ұлы дала комедиясында” Төреғалидің ғашығын сомдаған актриса Мадина Оспан енді теріс жолға түскен қыздың рөлінде. Төреғалидің фильмінен кейін үлкен танымалдылыққа ие болған Мадинаға іле-шала жаңа картинаға түсуге ұсыныс түскен. Мұнда 20-дан енді ғана асқан бойжеткен актер Ғани Құлжановтың көңілдесін сомдайды.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Бала кезінде көгілдір экраннан көрген актердің ашынасы болу актрисаға оңай соқпаған көрінеді.
“Санын ұстайтын жерлерде, құшақтасатын жерлерде қатты қысылдым. Бірақ актриса болғаннан кейін, білдіртпеуге де тырыстым. Ғани аға да: «Ботам, ұялмашы менен. Бұл образ! Давай, целуй меня» – деп, бірден образға кіріп кетеді”, – дейді Мадина Оспан.
Детективті картина “Досье тамады” деп аталады. Онда Ғани Құлжанов, Азат Сейітметов, Дархан Дайырбек және Венера Нығматуллина сынды актерлер ойнайды. Картинаның жарыққа шығуына атсалысқан ұжым оның көрермен көңілінен шығатынына сенімді.
“Жанрдың өзі айтып тұр детектив. Қазіргі қаптаған комедиялардың ортасында, бұл өзіндік жанр болады деп ойлаймын”, – дейді Ғани Құлжанов.