Көптеген шет мемлекеттерде табысты өнер көрсетіп жүрген Қазақтың мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі алдағы 3 наурыз күні сағат 19.00-де Астанадағы Конгресс-Холл сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арнап үлкен мерекелік концерт ұсынбақ.
Концерт бағдарламасында ұлттық биімізбен қатар, әлем халықтарының танымал билері де орындалмақ. Бағдарламада сондай-ақ «Томирис» балетінен үзінді көрсетілмек. Туындыны елімізге еңбек сіңірген қайраткер Гүлсәуле Орымбаева Болат Жандарбеков шығармасының желісі бойынша сахнаға дайындаған. Концерт барысында белгілі әртістер мен фольклорлық-этнографиялық «Тұран» ансамблі де өнер көрсетпек.
«Салтанат» ансамблі Қазақ КСР Кеңес Министрлігінің қаулысымен 1955 жылдың 5 тамызында Қазақ КСР Мемлекеттік би ансамблі болып құрылған. Музыка, вокал мен хореография өнерін дамытудағы орасан еңбегі үшін және жоғары дәрежедегі орындау шеберлігі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының үкімімен 1967 жылы ансамбльге «Еңбек сіңірген» деген құрметті атақ берілді.1989 жылдың 20 ақпанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулысымен ҚазКСР ән және би ансамблі ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі болып қайта құрылды.
Еліміздегі беткеұстар өнер ошағының бірі саналатын «Салтанат» ансамблі – ұлттық хореография мәдениеті мен әлем хореографиясының бай мұрасын дәріптейтін талантты да білікті ұжым саналады. Бүгінгі күні «Салтанат» ансамблінің репертуарында 150-ден астам қазақтың төл билерімен қоса әлем халықтарының билері топтастырылған.
«Салтанат» салтанат құрмақ
Последние статьи автора