Биыл ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер, бір сөзбен айтқанда, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 155 жыл. Осыған орай, 20 қараша күні Астана қаласындағы ҚазҰӨУ Орган залында Шәкәрім шығармашылығына арналған ән-күй кеші өткелі жатыр. Ұйымдастырушы – Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік филармониясы, халық ән бөлімі, жетекшісі – Секен Сыздық. Біз осы кісімен кеш жайында аз-кем әңгімелестік.
«Жалпы, біздің халық ән бөлімінің бір мақсаты – қазақ тарихында елеулі із қалдырған Абай, Шәкәрім немесе тағы сол сияқты көптеген тұлғалардың мұрасын насихаттау, кейінгі ұрпаққа солардың желісін үзбей жеткізу, – деп бастады ағамыз әңгімесін, – осыған дейін де біз таяуда ғана Иманжүсіп атамыздың шығармашылығынан концерт қойдық. Енді, міне, қазақта, қала берді, шығыс даласында теңдесі жоқ ғұлама Шәкәрім атамыздың 155 жылдық мерейтойы келіп жетіпті. Шынын айтқанда, біздің осы орайда бергелі жатқан концертіміз министрліктің немесе әкімшіліктің де тапсырысымен емес, өз бастамамызбен қолға алынып отыр. Жалпы, Шәкәрім – Абай атамызбен қатар өмір сүрсе-дағы, аласапыран заманның кесірінен әлі күнге өз деңгейінде танылмаған терең ойшыл, ұлы ғалым, сан қырлы тұлға. Шәкәрім шығармаларын орындау үшін ең құрығанда оны түсінетін деңгей, ізденіс керек. Тағдыр дейміз бе, саясат дейміз бе, әйтеуір бабамыздың қасақана кісі қолынан қаза тауып, денесі қаншама жыл құрқұдықта жатып, бертінде ғана қазып алынғаны аздай, шығармалары да дәл солай жеті құлыптың астында жатып, ақталғаны әмбеге аян. Соның өзінде ұлы Ахат әкесінің ел ішінде там-тұмдап сақталған қолжазбалары мен ән-жырларын тірнектеп жинағандығының арқасында бүгінде бізге Шәкәрім атамыздың 16 әні жетіпті. Солардың басын құрап орындап жүрген санаулы әншілер болса, оның өре басында, әрине, Келденбай Өлмесеков ағамыз тұрса, соның ізбасарлары осы біздің Астана әкімдігінің мемлекеттік филармониясында да бар. Мәселен, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Данияр Мұқан, бірнеше республикалық және халықаралық фестивальдердің лауреаты Ерлан Рысқали, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан, Ә.Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың лауреаты Перизат Тұрарова, Рахат Бекасылов, Баян Мұсаева т.б. сол сияқты біршама белгілі дәстүрлі әншілер осы кеште Шәкәрім әндерін нақышына келтіре орындамақ.
Онсыз да халықтық дәстүр шетқақпай қалған мына заманда тым құрыса біз, яғни халық әнінің орындаушылары, өз қал-қадіріміз жеткенше осындай кеш ұйымдастырып тұрмасақ, Шәкәрім сынды біртуар бабаларымыз бен оның өзгеше шығармалары ұмытылып қалуы әбден мүмкін. Ақиқатына келсек, қазір өзіміздің саф алтындарымызды мансұқ етіп, өзгенің болмашы дүниелерін таңсық ету үрдісі дарып кетті ғой».
Данияр МҰҚАН, әнші, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты:
– ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ композиторлары арасында Шәкәрім өзінің ерекше сарынды әндерімен ерекше жаңалық алып келген сияқты. Шәкәрім әндерінен шығыстық өзгеше бір әуен байқалады. Сондай-ақ ол әндердің сөзі де жеңіл-желпі сезім емес, өмір мен өлім, жалпы, жаратылыс заңдылығына үңілдіретін терең философияға тұнып тұр. Мысалы, Шәкәрім бір өлеңінде «Сопы кетті мешіт жаққа тура жолдан адасып, Кіріп кеттім мен кабакқа таза арақты мақтап» дейді. Егер келте ойлайтын кісілердің санатынан болсақ, біз «Шәкәрім мұнымен не демекші?» деп, дереу дабыра салуымыз мүмкін. Ал шын мәнінде «арақ» деп ол кісі ақылды, «кабакты» терең ой деп астарлап бергенге ұқсайды. Омар Хайямның рубаилары секілді ғой. Әндері ылғи осы сарында келеді ғой ол кісінің. Мен өзім осы кеште Шәкәрімнің «Байғазысын» орындаймын. Негізі, осы тақырыпта атамыздың бір емес, екі бірдей әні бар. Оның тарихы былай: заманында Семейде «Абай» журналы жабылғанда, орнына «Таң» журналы ашылса керек. Бұл ән Шәкәрімнің сол басылымға берген байғазысы болса керек. Және бір орындайтын әнім «Жасыма, кәрі жан» деп аталады.
Бір қызық айтайын, Шәкәрімде «Частушки» деп аталатын да әндер бар. Орысша туған, бірақ ол нұсқасы сақталмапты, өкінішке қарай. Ал қазақша мен орындайтын ән «Жаным, сүйген жарымсың» деп аталады. Жалпы, Шәкәрім атамыздың мен үш-төрт әнін ғана білемін, нақышына келтіре орындайтындарымды айтып тұрмын. Кезінде бұл әндердің денін кейінгі ұрпаққа жеткізген Ниязбек деген ақсақал еді. Одан беріде Келденбай Өлмесеков ағамыз іліп әкетіп, күні бүгінге дейін өлтірмей жеткізген. Сосын Шәкәрім атамыздың Ахат және одан бөлек, Қабыш деген де ұлы болған. Ол кісі әкесіне байланысты қуғындалып, түрмеде қайтыс болған. Мен сол Қабыш атамыздың да бір әнін орындаймын.
Қайыржан МАҚАНОВ, өнер зерттеушісі, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:
– Шәкәрімнің әндері қазақтың халық композиторлары Біржан сал, Ақан сері, тіпті Абайдың да әндеріне еш ұқсамайды. Тіпті ол – қазақ әніне ерекше реформа жасаған тумысы бөлек композитор. Ол Л.Н.Толстой, А.С.Пушкин, Лермонтовтарды жақсы білген. Сондықтан солардың әндерін тыңдап, сөзін жаттап, өзгеше ойлай білген ойшыл. Біз осы тұста Шәкәрім әндерін бізге жеткізген қазақтың бір кемеңгерін естен шығармауға тиіспіз, ол – академик Ахмет Жұбанов. Ол кісі кезінде Әдебиет және өнер институтын басқарған. Шәкәрім атамыздың Ахат деген ұлын Алматыға алдырып, көзі тірісінде әкесінің әндерін радиоға жаздырып қойған. Көрдіңіз бе, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың ісін?!. Сондай-ақ Талиға Бекхожина атты музыка әдебиеті маманы, қазақтың белгілі ғалымын шақырып алып: «Талиға, қарағым, мына кісі Шәкәрім атамыздың ұлы Ахат Құдайбердин деген ағаң болады. Өзінің баласы ғой, бұл кісіден артық ұлы атамыздың әндерін ешкім білмейді. Ел аман, жұрт тынышта кеудесі қазына Ахат атамыздан бар білгенін сарқып алып қал» деп тапсырма беріпті. Қарақалпақстан, Өзбекстан мен Түрікменстанға дейін өз аяғымен барып, ән жазып алып жүрген Талиға апамыз «Қазақтың 200 әнін» 1989 жылы шығарады. Бірақ, ең өкініштісі, бұл кітапты Ахат атамыз да, Ахмет Жұбанов та көре алмай кетті. Өз еңбектері ғой... Бірақ қазақ үшін қандай жанқиярлық еңбек жасап, үлкен көрегендік жасап кетті, игілігін мына біздер көріп отырмыз. Егер кезінде сондай ұлт жанашырлары болмағанда, бүгінде біз Шәкәрім әндерімен сусындай алмай, тек «әндері болған екен, қап» деп бармақ шайнап отырар ма едік?..
Айта кетерлігі, Тәуелсіздік алғалы бұрын-соңды Астанада бірыңғай тек Шәкәрім әндерінен құралған концерт болмаған екен. Сондықтан бұл қадамды ізашар іс-шара деп айтуға толық негіз бар. Және бір ерекшелігі – бұл кеш әр әннің шығу төркініне жеке-жеке тоқталып отырып, сосын әннің өзіне кезек берілетіндей лекция-концерт түрінде болғалы жатыр. Кеш тізгінін Шәкәрім әндерінен молынан хабары бар өнер зерттеушісі, ғалым, ҚР мәдениет қайраткері Қайыржан Мақанов жүргізеді. Сондай-ақ оған «Сарыарқа» ұлт аспаптар ансамблі қатысады. 20 қараша күні сағат 19:00-де ҚазҰӨУ-дің Орган залында айтылар әндер «бұрынғы әндерден өзгерек» боларына күмән жоқ.
Шәкәрімнің бұл кеші бұрынғыдан өзгерек
Последние статьи автора