Өткен сенбіде Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағының алдына Қазақстан мен Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Ескерткіштің биіктігі – 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қоса есептегенде 7 метрден асады.
Генерал Сабыр Рахымовтың атын иеленген көшелер Шымкенттен басқа, Алматы, Тараз қалаларында бар. Шымкенттегі әскери мектеп-интернат батырдың есімімен аталады. Алайда бұған дейін Сабыр Рахымовқа ескерткіш қойылмаған болатын. Оның өзіндік себебі де жоқ емес, әрине. Даңқты генералды өзбек ағайындар кешегі күнге дейін өздеріне еншілеп, бірнеше қаласының орталық көшелеріне алып ескерткіштердің неше түрін орнатып тастаған болатын. Кейін оның өзбек емес, қазақ екені дәлелденгеннен кейін генералдың Өзбекстандағы тас мүсіндері түгелдей тұғырынан түсті, нысандардан есімі алынды. Ал ерлігі ардақтауға тұрарлық асыл азаматтың есімін неге өзімізде асқақтатпасқа? Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен іске асырылған бұл игі істің салтанатты ашылуының куәсі болуға жиналғандардың қатары көп болды. Астана мен Алматыдан, өзге облыстан арнайы келген қонақтар да аз болмады.
1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Көкібел ауылында дүниеге келген Сабыр Рахымов 1943 жылы, яғни 41 жасында генерал-майор шенін алған. Ұлы Отан соғысында 395-інші және гвардиялық 47-інші, 37-інші атқыштар дивизияларының командирі болған. Төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және «Қызыл жұлдыз», қолбасшы құрамына берілетін ІІ дәрежелі Суворов, Кутузов ордендерімен марапатталған. Сабыр Рахымов 1945 жылы 26 наурызда болған жойқын ұрыста ауыр жарақат алып, қаза тапқан.
...Бір оқиға есіме түсіп отыр. Қайбір жылы Қазығұрт ауданының мерейтойы болды. Сол жиынға батыр Сабыр Рахымовтың жұбайы да қатысып, қаны қазақ жұбайын құжат жүзінде әрең қазақ қылғанын, алайда өзінің әлі де құжат жүзінде қазақ бола алмай жүргенін айтып, шенеуніктерден жәрдем сұрап, жанарын жасқа шылаған болатын. «Қазақ болып тудым, енді қазақ болып өлсем арманым жоқ» деп жалынышты үнмен айтқан сөзі жадымызда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Осы сөз ойымнан шықпай, араға біршама уақыт салып апамызды іздегенімде, Алматы жаққа көшіп кеткенін білдім. Кейінгі тағдыры не болғанынан бейхабармын. Алайда айтпағым бұл емес, басқа болатын. Әлгі жиынға Астана мен Алматыдан ат терлетіп келген көптеген лауазым иесі қатысты. Бірақ тап сол сәтте, тап сол жерде «жәрдем береміз, жатқа қия салатын батырларымыз бен олардың жарлары көп емес» деп ортаға суырылып шыққан ешкім болмады. Осындай селқостығымыздан да өз батырымызды өзгелер иеленіп кете жаздағаны шындық.