Қазақстанға ашық түрде қоқан-лоқы көрсеткен ресейлік Тигран Кеосаянды әлдекімдер атып кетіпті деген ақпарат YouTube арналарының бірінде пайда болды. Қазақстандық продюсер Қыдырәлі Болманов аталған жайтқа қатысты пікір білдірді. Ол бұл жағдайдың ойланбай сөйлейтіндерге сабақ болғанын атап өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Ең бастысы аман екен. Мемлекетіңе, ұлтыңа, ата-бабаңа, әсіресе анаңа тіл тигізсе, алдыңда арыстан тұрса да, алқымына жабысып, қалайда кеңірдегін жұлып аласың!
Өйткені Отансүйгіш, Анасын құрметтеуші адамға намыс арқылы рух деген теңдессіз күш бітеді!
Кесоян дегенге өлім тілемедім! Бірақ оны көрсем, қасынан жай өте салмасым анық! Осы хабарлама өтірік пе, рас па білеймін. Рас болса, өлтіру үшін емес, қорқыту үшін жасаған екен.
Кесоян сияқты қорқақ, арсыз, ұятсыздар тек қорыққанын "сыйлайды"!
Тарихымызға тиісіп, оны көпе-көрнеу бұрмалау, көзіңе қарап тұрып, әкеңнен балағаттаған сияқты!
Жай ғана тыңдап, қарап тұру мүмкін емес! Ет пен сүйектен, намыс пен ардан жаратылған пендеміз! Сөз сүйектен өтеді!
Егер осы хабар рас болса, басқа да сайрағысы келетін "сандуғаштарға" сабақ болды! Кім де болсаң, азамат екенсің, бауырым!" – деп жазды ол желідегі парақшасында.