Өнер айдынына алғаш жол тартқан күнінен бастап өзінің ойлы да отты сөздерімен, ырғақты да әсем әндерімен жұртшылықты тәнті еткен әнші-сазгер Роза Әлқожа өзінің «Мына өмір ғажап қандай!..» атты екі дискіден тұратын ән жинағын жарыққа шығарды. Ақпанның 14-і күні сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағында осы ән жинақтың тұсаукесер рәсімі өткелі жатыр.
Бұл жинаққа Розаның өз орындауындағы әндерімен қатар, өнердегі достары — Еркін Нұржанов, Ақбота Керімбекова, Баян Нұрмышева, Ажар Түзелбекқызы, Ләззат Жанаманова, Әлия Үмбетова сынды еліміздің белгілі әншілерінің орындауындағы барлық әндері еніп отыр.
«Мен сыйға тартқан орамалдан» бастап, бүгінгі «Мына өмір ғажап қандайға» дейін талай туындыларды дүниеге келтіруде Роза ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері Жүрсін Ерман, ақын халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, ҚР мәдениет қайраткері Гүлнар Салықбай, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қасымхан Бегманов сынды ірі-ірі тұлғалармен бірге шығармашылық жұмыстар атқарыпты. Енді сол талай жылғы еңбектің нәтижесі іспетті жинақтың тұсаукесер рәсіміне осы аттары аталған Алаштың айтулы азаматтары мен өмірдегі достары, шығармашылықтағы әріптестері келмек.
Әр туындысына асқан жауапкершілікпен қарап, сөзі мен әуенінің үйлесімін іздейтін Роза Әлқожаға өнердегі өресі биік жандардың берер бағасы да жоғары.
Мақпал ЖҮНІСОВА, ҚР Халық әртісі:
– Роза Әлқожа – сөздің қадірін, әннің қадірін білетін қазақтың маңдайалды композитор қыздарының бірі. Розаның қай әнін алып қарасаң да, ойлы, терең, әр адамның ойына ой салатын, есті әндер. Мен Розаның болашақта бұдан да үлкен дүниелерді өмірге әкелетініне сенімдімін. Роза – өнер мен отбасы бесігін қатар тербетіп келе жатқан әнші ретінде, ана ретінде еліне қадірлі қыз.
Гүлнар САЛЫҚБАЙ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері:
– «Мен сыйға тартқан орамал» әні үшін мен әлі күнге көпшіліктен алғыс пен мақтау естимін, сол үшін Роза сіңліме алғысымды білдірер едім. Себебі, шын мәнінде, ол жай ғана өлең болатын, арнайы ән жазайық деп екеуміз бірігіп жұмыс жасағанымыз жоқ. Қаншама ақындардың туындыларының арасынан Роза өзінің әніне менің сөзімді таңдап алыпты. Өзі ізденімпаз әрі бәріне үлгеретін: әнін де айтып, бесігін де тербетуді ұмыт қалдырмайтын қыз. Қазақтың барлық қыздары сондай болса ғой, шіркін!
Ән мен жырдың кешіне ұласатын тұсаукесер рәсіміне әншінің өзінен басқа Еркін Нұржанов, Ақбота Керімбекова, Баян Нұрмышева, Ажар Түзелбекқызы, Ләззат Жанаманова, Әлия Үмбетова, Бауыржан Бегазов, Жаппар Мәліков сынды сахналас достары және, ең қызығы, оның ұлы Бейбарыс Айдынұлы ән шырқамақ.