Ресейлік блогер: "Келінжан" телехикаясынан кейін, қазақ ауылында тұруды армандаймын
"Алға Петербург" YouTube арнасының блогерлері Александр Рожков пен Иван Чернышевский қазақ халқының мәдениетін зерттеумен айналысуда. Ресейден келген қос блогер көрерменнің ыстық ықыласына бөленген "Келінжан" телехикаясын көріп, жоғары бағасын берді. Иван Червинский сериалдан кейін, қазақ ауылында тұрып көруді армандап жүргенін айтты. Блогерлер "Хабар" арнасында қонақта болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстанға қызығатын біз үшін, бұл сериал бір жаңалық болды", - деп ағынан жарылды блогерлер.
Александр мен Иван Қазақстанмен Димаш Құдайбергеннің арқасында танысқан. 2017 жылы Димаштың өнеріне тәнте болған олар 2018-де YouTube-тан канал ашқан. Алғашқыда Димаштың өнеріне қызыққан ресейліктер уақыт өте келе қазақ халқының мәдениеті мен болмысына үңіле бастаған.
"Бұл сериалды бізге көруге кеңес берді. Құдайға шүкір, субтитрлар бар. Әзірге қазақ тілін білмейміз. Бізде Ресейде Сергей Безруков ойнайтын "Участок" деген сериал бар, соған ұқсайтын тұстары бар. Ауылдағы өмір, салт-дәстүр, тек жергілікті тұрғындарға таныс тақырыптар өте жақсы ашылған. Бәрі жоғары деңгейде. Түсірілім де, актерлердің ойыны да, әзіл де... Біз үлкен ляззат алдық", - деді Александр Рожков.
Ал Иван Чернышевский "Келінжанды" көргеннен кейін, қазақ ауылында тұруды армандайтынын айтып қалды.
"Көрермендер "Қазақстан - ол тек қана Димаш емес. Сондай-ақ, Димаш тек әнші емес, керемет адам" деп айта бастады. Біз ақырындап Қазақстанды зерттей бастадық. Суреттерден, сұхбаттардан, видеолардан…
Қазақстанға келіп, қазақ деген феноменді аша бастадық. Бұл сериалдан кейін бізде тағы бір арман пайда болды. Белгілі бір уақыт ауылда тұрсақ дейміз", - деді ол.
Ресейлік блогерлер қазақ халқының қонақжайлылығы мен қарапайымдылығын ерекше атап өтті.
"Салт-дәстүрлер сақталып, үлкеннен кішіге жетіп отырады. Үлкенге құрмет... Өмірлік тәжірибесі мол адамдар мен оларға құлақ асатын жас ұрпақтың арасында жіңішке жол бар. Себебі ол болмаса, барлығы астаң-кестең болар еді.
Біз тоқтаған үйде әйел барлық қонақтардың алдында зыр жүгіріп жүрді. Салт-дәстүрлер халықтың болмысын әдемі көрсетеді. Соған қарап, мұндағы адамдардың неге ұқыпты, байсалды, ойлампаз екенін түсінесің", - дейді Рожков.
"Өте қолайлы, жылы. Барлығы жылы қарсы алады. Барлық адамдар өмірінде бір рет болсын Қазақстанға келіп көруі керек. Өте мейірімді адамдар, тәтті тағам және қолайлы ауа-райы", - дейді Иван Чернышевский.