Ұлттық кітапханада кітап көрмесі ашылды. Үш бөлімнен тұратын көрмеге қазақ және орыс тілдерінде 1000-ға жуық туынды қойылған.
«Әрбір азамат Қазақстан Жалауын, Елтаңбасы мен Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Еліміздің сыналатын бір тұсы осы». 1996 жылғы 6 маусымда жаңа Мемлекеттік рәміздерді ресми жария ету рәсімінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген еді. Маусымның 4-і – ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығына орай, Ұлттық кітапхана басшылығының ұйымдастыруымен кең ауқымды кітап көрмесі ашылды. «Мемлекет нышандары – Тәуелсіздік тұмары» деген атаумен өткен салтанатты басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, жазушылар, тарихшылар, жоғары оқу орындарының студенттері, Алматы қаласының кітапханашылары мен оқырмандары қатысты. «Көрмені ашудың негізгі мақсаты – рәміздеріміздің тарихын насихаттап, мән-мағынасын, ұлтымыздың бай құндылықтарын жастардың бойына сіңіріп, Отанды сүюге тәрбиелеу, нышандарды құрметтеуге, қастерлеуге үйрету», – дейді ұйымдастырушылар.
Көрме үш бөлімнен тұрады: алғашқы бөлім – «Менің Қазақстаным». Қазақстан жайында 20 жылда жарық көрген көптеген альбомдар мен фотоальбомдардан құралған. Екінші бөлім – «Мемлекеттік рәміздер: Ту, Елтаңба, Әнұран» деп аталады. Бөлім мемлекеттік нышандарымыздың тарихы мен олардың авторлары туралы басылымдарды ұсынған. Көрменің соңғы бөлімі – «Тарих тағылымы». Бөлімде қазақ халқының тарихы, өткені мен бүгіні жайлы кітаптар қойылған. Аталмыш көрме ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан қазақ және орыс тілдерінде барлығы 1000-ға жуық туындыны ұсынады. Салтанатты жиында сөз сөйлеген ақындар Оразақын Асқар мен Маралтай Ыбыраевтар көрменің қызыл лентасын қиып, құттықтауларын өлең жолдарымен өрбітті.
Рәміздерімізге арналған кітап көрмесі ашылды
Последние статьи автора