Бердібек Бияров, филология ғылымының кандидаты:
Жер-су аттарына, кейбір құрылыс нысандары мен көшелерге байырғы ұлттық атауларын қайтару алғаш егемендік алған жылдары қарқынды жүргені белгілі. Қазір бұл үрдіс саябырсып тұр. Жалпы, жер-су атауларының лингвистикалық табиғаты, оны қоюдағы ерекшеліктер жөнінде осы саланың маманы, филология ғылымының кандидаты Бердібек Бияровпен аз-кем әңгімелескен едік.
– Бердібек Нұралдаұлы, маман ретінде жалқы есімдердің, түрлі ат-атаулардың өзіндік ерекшеліктері туралы пікіріңізді білсек...
– Адамзат баласы алғаш жаратылып тілі шыққанда, ең алдымен дене мүшелерінің аттары мен туыстық атаулар, зат, сын, сан есімдер, етістіктер пайда болды деген ғылыми болжам бар. Сонымен бірге, мен айтар едім, жалқы есімдер де осы топтармен қатар шыққан көне тілдік құбылыс болып табылады деп. Өйткені жалқы есімдердің негізгі қызметіне бағыт-бағдар беру, бір нәрсені басқасынан бөліп көрсету жатады. Алғашқы адамдар барар жерін белгілеп, бірінен-бірін ажырату үшін ат қойып, айдар тағуға мәжбүр болған. Алғашқы жалқы есімдер тілдің дамуына орай бір буынды сөздерден құралып, кейін ойдың күрделенуіне сай күрделі атаулар пайда болғаны даусыз. Мәселен, тауды «тау», суды «су» деген. Тауларды бір-бірінен ажырату үшін Ақтау, Қаратау деп жіктеген. Сонда жалқы есім алғашқы қауымдық құрылыстан бастап үзбей қоғамның ең маңызды бір қызметін атқарып келеді деуге болады.
– Сіздің пікіріңізше, жалқы есімдер кәдімгі шартты таңба болғаны ғой?
– Атаулардың таңбалық сипаты бар. Оны қойып, бүкіл сөздің өзі зат, құбылысқа берілген таңба ғой. Мысалы, бор сөзі боз сөзімен ұялас келіп, «ақ түсті» деген мәнде затты таңбалайды, атайды. Ал енді жалқы есімдердің таңбалық қасиеттері бірдей емес. Адам есімдері (антропонимдер) таза таңбалық сипатта болады. Бала туғанда кез келген ат қойылып кетуі мүмкін. Ол есім баланың табиғатына сай келуі де, келмеуі де мүмкін. Ал торы түсті жылқыға «жирен» сөзін қатыстырып ат қоя алмайсыз. Оған Торықасқа, Торжорға, Торшолақ секілді атаулардың бірі сәйкес келуге тиіс. Содан кейін жер-су аттарын таза таңба деуге келмейді. Олар өздері атайтын табиғи нысанмен тығыз байланысып, ерекше бір белгісіне сүйеніп барып жасалады. Мәселен, басы екіге айырыла біткен тауды атау үшін Айыртау, Өркештау, Емшектау секілді топонимдердің бірін таңдап алмаса, басқа ат нысанмен сәйкеспейді.
– Жалқы есімдердің ішінен жер-су аттарын бөле-жара атап отырғаныңызға қарағанда, осы бағытта зерттеп-зерделеген біраз пайымдарыңыз бар сияқты.
– Жер-су аттары біздің зерттеу саламыз екені рас және топонимдер нысанмен тығыз байланысты болғандықтан, ол кәдімгі толыққанды сөз сияқты қызмет етеді. Мәселен, Шығыс Қазақстандағы Морты қабағы деген жердің аты көптен бері қызықтырып жүрді. Морты деген не сөз екен дегендей. Кейін жергілікті қарт тұрғыннан ертеректе ол жердің ақ тастарын қайнатып, әк алатынын естідім. Ендеше, ол атау Борты/Борлы атауының көне нұсқасы екен ғой деген тұжырымға келдім.
Топонимдер – халықтың дүниетанымынан, тіл байлығынан, эстетикалық ойлау жүйесінен мол хабар беретін сала. Әсіресе көшпелі халықтар жасаған жер-су аттары аса қымбат мұралар қатарына жатады. Олар жер бедерінің ерекше бір белгісін дәл тауып, тіл байлығын сарқа пайдаланып барып ат қойған. Табиғатпен етене араласып өскендіктен де болар, мәңгі мұздағы бар тауды Мұзтау, қары жасыл түспен араласып жаздай жататын тауды Алатау, қысы-жазы қарайып жататын тасты тауды Қаратау деп атай салған. Сондай-ақ Қалыңсая, Тасүйез, Сарыөлең, Қарасаз, Мұзбел, Бүлдіргенсай, Күркіреме, Мойылды сияқты жер-су аттарын бүкіл әлемнің байлығына да айырбастауға болмайды. Осы уақытқа дейін небір асыл атауларымызды жоғалтып алдық. Әріден қозғайын, сонау сақ, ғұндардан тартып Алтын йыш (Алтай), Ертіс, Жайық, Еділ, Ұлытағ (Ұлытау) атаулары келе жатыр. Көне түркі заманындағы жер-су аттары таза түркі тілінде. Орта ғасырларда, М.Қашқари кезінде аздап араб-парсы атаулары араласа бастағанымен, түркілік қалпы бұзылмаған. Моңғол шапқыншылығымен біраз жер-су аттары моңғолданды, бірақ ағайын тіл болғандықтан, дыбыстық жағынан тілімізге тез бейімделіп кетті. Оның үстіне моңғолдар көшпелі халық болған соң жердің атын дәл қоятын еді. Содан барып түрікше атын калькалап аударып қана қойып отырды: Алтынтағ, Алтынды – Алтай, Суырлытағ (М.Қашқари) – Тарбағатай, Бұланды – Қандағатай т.б.
Біздің топожүйемізді ойсырата қиратқан Ресейдің отарлау саясаты мен кеңестік дәуір болды. Ол тарих белгілі болғандықтан, оған тоқталмай-ақ қояйық, бірақ славян тілі бөтен тіл тобына жатады және адам есімдерінен көп жасалады. Сондықтан ол қазақ даласына мүлде жараспайды. Осындай кірме атаулар мен саясаттанған атаулар қаншама қазақы атауларды ығыстырып шығарды. Мәселен, үнемі соққан желі қарды айдап кететін Қаражер деген жерге кеңес дәуірінде стандартты қой қорасы салынды да, көп ұзамай-ақ Стандарт деп атала бастады. Оны көзіміз көрді. Енді сол кірме атауларды ауыстыру жұмысымен айналысып жүрміз.
Егемендік алғаннан соң буырқанған патриоттық сезімнің әсерімен біраз жерді қазақшалап тастадық. Жаңғырған топонимдердің ішінде сәтті қойылғаны да, сәтсіз қойылғаны да болды. Сәттілеріне бұрынғы тарихи аттарын қайтарып беруді жатқызуға болады: Шевченко – Ақтау, Гурьев – Атырау, Медведка – Белқарағай т.б. Сәтсіз атауларға Өргебас, Шаттық ауылы, Халықтар достығы ауылы дегендер жатады. Бұл жерде жер-су аты табиғи нысанның ерекше бір белгісін білдіріп тұруы керек деген ұстаным бұзылған.
– Сонда атауларды өзгерткенде ең бірінші нені ескеру керек дейсіз?
– Біздегі кейіннен қабылданған көп атаулар сол елді мекеннің нақты сипаттамасымен сәйкес келе бермейді. Жалпы мағыналы сөздер жалқы есім орнына жүре алмайды. Ономастикалық комиссиялардың алдында тұрған міндеттердің бірі кірме атаулардан құтылу болса, екіншісі – кеңестік саясатпен келген Еңбекші, Жаңадәуір, Қызыл жұлдыз, Екпінді, Алғабас сияқты атауларды аластау. Солай міндет қойып отырсақ, енді келіп Өргебас, Бірлікшіл, Махаббат сияқты әсіреқызыл сөздер қайтадан қойылып жатыр. Мұны сауатсыздық демегенде не дейміз? Кеңестік дәуірде «қызыл» сөзімен көптеген елді мекен аттары (ойконимдер) қалыптасты: Қызыл қырман, Қызыл әскер, Қызыл ауыл т.б.
– Сіз жер-су атаулары ретінде адам есімдерін қолдануға болмайды деген ой айтып жүрсіз. Соны таратып айтып берсеңіз.
– Оны мен ойлап шығарғаным жоқ, ондай заң бар. Жер-суға адам есімдерін қою, негізінен, орыс атаулары арқылы келген (Алексеевка, Николаевка т.б.). Қазақтар да қолданған: Нартай жұрты, Боранбай көңі т.б. Бірақ қазақтар ірі-ірі табиғи нысандарға (макротопонимдерге) ешқашан адам есімін бермеген. Егер адам есімдерін жер-суға қоя беретін болсақ, көп ұзамай-ақ олар топонимдерді ығыстырып шығарады. Өйткені адам баласы өседі, атақтылар да шығады, ал енді жер өспейді. Сонда біздің ұрпақ кейін «Мұраттан» шығып, «Қайратқа» келдім, одан пойызбен «Саматқа» жеттім деп сөйлей ме?
Қазір әкімшілікте істейтін немесе кәсіпкер азаматтар байлығына мастанып, өз ата-бабаларының есімдерін елді мекендерге беруге ұмтылуда. Жер жекеменшікке өтіп кеткен соң, кәсіпкер өз атын қоюға ұмтылуда. Мұндай үрдісті тоқтататын заң бар. Жер-су аттары мемлекеттік қорғауға алынған. Әр ұлттың картасы өзінің мемлекеттік тілінде тұруына БҰҰ да мүдделі. Мысалы, Ақмола облысының Қарабұлақ ауылы «Қарауыл Қанай би ауылы» деп аталды. Ал осы шұбатылған атауды картаға, пошталық құжаттарға сыйдырып көріңіз. Сыймайды. Оның айтуға ауырлығын, эстетикалық жағын айтпай-ақ қояйық. Елге еңбегі сіңген адамдар есімін тәрбиелік мақсатта көшеге, мектепке, мекемеге, алаңдарға берсе жарасады.
Жалпы, жер-су аттарын тілші де, тарихшы да, географ та зерттей береді, бірақ басымдық тілге беріледі. Оны жасайтын – тіл. Соған келгенде жаңа Қазақстанның географиялық, саяси карталары мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Әлемдік талап, әлемдік үрдіс соны талап етеді. Тіпті елдің азаматтарының аты-жөні де ұлттық сипатта болуы керек, өйткені бұлар да ұлттық рәміздер қатарына жатады.
Соңғы кезде географиялық карталар қазақшаланды, алайда қате жазылған атаулар көп. Ол карталарды жасағанда тілші-ғалым қатыспағаны көрініп тұр. Мәселен, шығыстағы Үржар – Ұрыжар, Өрел – Өргіел, Шанағаты – Шанақатты түрінде бұрмаланып берілген. Оны былай қойғанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы Киргизская земля атауы кезінде патшалық Ресей бізді «киргиз» деп атаған кезден қалған топоним еді. Қазіргі қазақша картада ол жерді Қырғыздың жерлері деп тікелей аудара салған. Бұл сауатсыздық па, әлде надандық па? Ол ресми атау Қазақтың жерлері деп аталуы керек еді. «Киргизская земля» деген атаудың өзінің ХХІ ғасырдың басына дейін сол қалпында өзгертілмей келуі біздің иісалмас халық екенімізді көрсетеді.
– Кірме топонимдер әсіресе еліміздің шығысында, солтүстігінде әлі де көп кездеседі. Оның бәрін ауыстыру мүмкін бе?
– Славянтілді атаулардың алғашқы легі бұдан 300 жыл бұрын ене бастаған, сондықтан олар ығыстырып шығарған түркілік топонимдер ел жадынан өшіп кеткен. Мұрағаттардан табу да қиын. Ел есінде немесе тарихи құжаттарда сақталып қалғандарын заңды орнына қайтару – атауларды ауыстырудың ең оңай жолы. Екінші бір ыңғайлы жолы «қайыра калькалау» деп аталады, яғни кезінде орыс тіліне тікелей аударылған атауды қайтадан қазақшаға тікелей аудара салу: Жыландытау – Змейногорск – Жыландытау, Құмдақ – Песчанка – Құмдақ т.б. Ал тарихи аты сақталмаса, мен өз зерттеулерімде «жаңадан ат қою» әдісін ұсынып жүрмін. Ол үшін аты ауысуға тиіс нысанды көзбен көріп, оның ерекше белгілерінің ішінен бірін таңдап алып, тың атау жасау. Ол үшін қазақ топонимдерінің жасалу жолдарын жақсы білу керек. Осындай қажеттіліктерді көрген соң, мен «Жер-су аттарының сөзжасамдық үлгілері» атты ғылыми кітап жаздым. Қазір баспада жатыр.
– Ол әдістерді тәжірибеден өткізіп көрдіңіз бе? Нәтиже бар ма?
– Әрине, Шығыс Қазақстанның облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі ретінде бірнеше рет қолдандық. Мәселен, Черновая өзені мен елді мекенінің бұрынғы аты Шу екенін анықтадық, алайда Шу атауы Қазақстанда бар, қайталауға болмайды. Қарасу деп тікелей аударсақ болар еді, бірақ Қарасу атты елді мекендер де көп болып шықты. Жалпы, топонимдердің қайталануы пошта қызметін қиындатады. Ауыл маңындағы көптеген қайнар, тұмалардың болуын ескеріп, Аққайнар атауын таңдап алдық та ауыстырдық. Кезінде бір мақаламда Усть-Каменогорск атауын Тасқорған деген атқа ауыстырсақ деген пікір айтқан едім. Оған себеп қаланың тасты таулармен қоршалып тұруы, кезінде бекініс ретінде салынуы, «қорған» сөзінің көне түркіде «қала» мәнін беретіндігі және Ресей зерттеушісі Миллердің 1723 жылдары ол жерден үш үлкен сақ қорғанын табуы сияқты деректер еді. Егер Тасқорған болса, Талдықорған, Жаңақорған, Шолаққорған сияқты атаулар типіне енетін еді. Алайда Өскемен атауы елдің ауызекі тілінде қалыптасып кетті. Тіпті кейбір орыстардың өзі «Усткаман» деп атайды. Сондықтан мағынасы болмаса да, фонетикалық өзгеріске түскен атау ретінде қолдана беруге болады. Онда таңбалық қана қызмет атқарады. Қазіргі Семей сияқты. Семипалатинск атауының орнына Жетікент атауын даярлағанбыз. Мұнда жоңғар-қалмақ тілінде Долонкид – орысша Семипалатинск – қазақша Жетікент болса деген ой болған. Мұндағы долон моңғолша «жеті», кид моңғолша «ғибадатхана» еді ғой. Орыстар соны аударып алған. «Кид» сөзінің орнына парсыдан кірген «кент» (қала) сөзін қолдансақ, Шымкент, Жезкент қатарына жатар еді.
Павлодар қаласының атына Қимақорда деген атау ұсынғанбыз. Көне Қимақ мемлекетінің астанасы сол маңда болған деген тарихшылардың дерегі бар. Қимақтың темір сауытты жауынгері де табылған. Қимақорда Қызылорда атауымен бір типке енер еді. Орда сөзінің өзі «орталық», «қала» ұғымдарын беретіні белгілі. Ал Петропавлдың орнына тарихи Қызылжар атауын неге қайтармай жүргеніне мен түсінбеймін.
– Жалпы, еліміздегі жер-су аттарын түгелдей ауыстыру мүмкін бе?
– Түгелдей ауыстыру деген сөз жоқ. Кірме, кеңестік және кісі есімдері мен абстрактылы мәндегі атауларды ғана ауыстырамыз. Ал ауыстыру, жаңғырту жұмыстарының қашан аяқталатынын білмеймін, бірақ осы бір жауапты жұмыс біздің буын атқаратын міндет екенін түсінемін. Келесі ұрпақтың өз міндеттері мен жұмыстары болады. Егемендік алған соң, ешкімнен жасқанбай-ақ сауатты түрде, көпке созбай бітіретін шаруа еді ғой бұл...
– Бізде жер-су аттарын қазақшалауға қатысты арнайы жоба-жоспар бар ма? Тіл комитеті ұйымдастыратын жыл сайынғы конференциялар мен облыстардағы ономастикалық комиссиялардың жұмысын үйлестіріп, жоспарлап отыратын тетіктер қарастырылған ба?
– Әзірге ондай стратегиялық жоспарды өз басым көрген емеспін. Соған қарағанда жоқ сияқты. Негізі, стратегиялық жоспар да, ономастикалық заң да керек-ақ. Англияда итке қалай ат қою туралы арнайы заң бар. Мәселен, итке кісі атын, мемлекет атын берсеңіз қомақты айыппұл төлеуге тура келеді. Жыл сайын ономастикалық конференциялар болып жатады, бірақ нақты шешім шығарып, оны жүзеге асыруға қауқарсыз. Біз ұсынған шешімдерді жүзеге асыратын әкімшілік болса керек еді, ал олар жалтақ. Өз халқынан өздері қорқып, жиі-жиі мораторий жариялап жатады. Сол себепті атауларды ауыстыру, жаңғырту, реттеу жұмыстары 20 жылдан бері созылып келеді. Әр мемлекеттік қызметкер, әр кәсіпкер, әрбір қазақ азаматы патриот болмаса, бәрі де бекер екен...