Қыздарды сымбатты, ақылды, өнерлі, қалталы, ең бастысы, басы бос үйленбеген танымал жігіттердің жеке өмірлері қатты қызықтырады. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, қай уақытта да сахнаның және кино әлемінің серілері, спортшылар, басқа да салалардағы танымал жігіттер үнемі қыздардың назарында. Айталық, осыдан оншақты жыл бұрын Мейрамбек, Тоқтардай серілер миллион қыздың арманы болса, қазір бір-бір арудың жан-жарына айналған. Әр заманның өз қаһарманы, өз серісі, өз ханзадалары бар. «Алаш айнасы» интернет-газеті бүгінгі санында оқырмандар назарына талай қыздың жүрегін жаулап үлгерген алайда әлі отбасын құрмаған немесе әдейі құрмай жүрген қазіргі қазақтың танымал жігіттерінің ондығын ұсынып отыр.
Асылхан Төлепов – Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Сартай рөлімен танылған дарынды актер. Асылхан 1992 жылы 21 мамырда Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанында ашылған колледждің профессор Есім Сегізбаев класын тәмамдаған. 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген Елбасы туралы «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде президенттің досы Ғалидің рөлін ойнады. 2012 жылы "Жаужүрек мың бала" фильмiндегі рөлі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы медальмен марапатталды. 2013 жылы "Серпер" Жастар сыйлығының иегері атанды. 2013 жылы "Сұңқар" сериалында басты рөлді сомдады. Бүгінде Асылханға ғашық қыздар көп болғанымен оның жүрегін жаулаған ару жоқ көрінеді. Әзірге актердың отбасын құру туралы жоспары болмағандықтан ол қазіргі таңда тек өнеріне күш салуда.
Аян Өтепберген – «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасында Таймастың рөлін ойнаған жас актер. Алматы қаласында 1992 жылы 26 сәуірде дүниеге келген Аян болмысы бөлек өнер иесі. Аян да Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлегі. Өзін қазақ елінің патриоты санайтын жас дарын таяуда «Олимп шыңы» фильміне түсті. Өзінің айтуынша, өнердің шыңына жету үшін қажырлы еңбек, талмас жігер керек. «Таймастың рөлін ойнағаным үшін көп қыздар мені жек көреді» дейді Аян. Алайда Аянға қалыңдық болғысы келетін қыздар оған әлеуметтік желіде маза бермейтін көрінеді.
Денис Тен – «Сочи-2014» олимпиада ойындарының қола жүлдегері, белгілі спортшы, мәнерлеп сырғанаушы. Денис 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында туған. Д.Тен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. 2013 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Денис 2010 жылы өткен Олимпиада ойындарының ең жас мәнерлеп сырғанаушысы болды. Небәрі 16 жасында Денис өзінің ғажап дарынымен әлемді таңғалдырды. Денис ерлер арасында мәнерлеп сырғанау спорты арқылы Қазақстанның атын әлемге танытқан тұңғыш спортшы. Бүгінде 20 жастағы Денис тек қазақстандық арулардың ғана емес, алыс-жақын шетелдердегі миллиондаған арудың арманына айналған ханзада. Кейінгі кезде «Денис өзінен 10 жас үлкен шетелдік спортшы қызға ғашық екен» деген сыбыстар жиі айтылып жүр. «Менің жеке өмірім туралы сыртымнан айтылатын сөздерге аса мән бермеймін. Анам қашанда маған артық сөздерді көңілге алмауға кеңес беріп отырады. Менің қазіргі мақсатып спортта әлі талай жетістіктерге жету», дейді спортшы.
Әли Оқапов – Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлы. Өнерлі отбасында тәрбиеленген Әли бүгінде ержетіп, арулардың қолы жете бермейтін өнерлі жігітке айналды. Әли 1991 жылы Алматы қаласында туған. Ол К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің түлегі. Фортопианода шебер ойнайтын Әли тамаша биші, сазгер. Ол «Жұлдыздар фабрикасы» байқауының жүлдегері. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде Әлиді бір көруге армандайтын, тіпті түсінде көретін арулар жетерлік. Алайда Әли мырза да үйленуге асықпайтын секілді.
Мұрагер Сауранбаев – Нұрғисадай музыка алыбының ізін жалғаушы жас күйші. Мұрагер 1987 жылы 11 шілдеде Жамбыл Облысы Тәтті деген ауылда дүниеге келген Онда 5-6 жасқа дейін тұрып, кейін Таразда, одан соң Алматыда тұрды. Қазір Астанада жұмыс істейді Дарынды күйші 9 сыныптан кейін Абдулхамит Райымбергенов басшылық ететін «Көкіл» мектебін бітірген. Күйшілік өнерімен көпшіліке танылған Мұрагер «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері. Мұрагер өмір бойы қол ұстасып өтетін сүйіктісін іздеп жүр.
Қайрат Түнтеков – қазақ эстрадасындағы ереше дауысқа ие әншілердің бірі. Қайрат 1986 жылы 14 ақпанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ес білгеннен әнші болуды армандаған Қайрат барша қазақстандықтарға Superstar.kz арқылы танылды. Қайратты көбіне Майкл Джексон, Джастин Тимберлейк, Грегори ЛеМаршал секілді әлемге танымал өнер жұлдыздарына ұқсатып жатады. Қайрат тек тамаша әнші ғана емес, футболды жақсы ойнайтын спортшы да. Өзінің аз-маз тентектігімен де көпшілікке танылып қалған Қайраттың жасы 28-ден асса да басы екеу болма қойған жоқ.
Әлішер Кәрімов – 1985 жылы Тараз қаласында дүниеге келген танымал әнші. Ең алғаш сахнаға 5 жасында шығып, «Әнші балапан» байқауына қатысқан. Түркия, Болгария, Франция елдерінде өткен халықаралық байқауларға қатысқан.Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ҚР Еңбек сіңірген әртісі Люция Түлешованың «эстрадалық вокал» сыныбында оқыды. 2005 жылы «Super star.kz» байқауына қатысып екінші орынды иеленді. 2007 жылы Голлувудтағы «Орындаушылық өнердің дүниежүзілік чемпионатынан» 2 алтын, 1 күміс медальмен оралды.
2011 жылы Витебскідегі «Славян базары» фестивалінде жоғары деңгейде қөнер көрсетті. Таяуда Әлішердің «Шүкір» деп аталатын үшінші альбомы жарық көрді. Әлішер осы жылы шілде айында «Жаңа толқын-2014» байқауына қатыспақ. Әзірге Әлішер де өзінің сүйіктісінің бар-жоғын ашық айтқан емес.
Шер Әлі – әнші, актер. Өнерлі жігіттің шын есімі Әлішер Әуезов, ол Оңтүстік Қазақстан облысында 1991 жылы дүниеге келген. 2009 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында эстрада вокал мамандығы бойынша білім алған. «Сырғалым» телехикаясында Санжар атты дәулетті отбасының еркесінің рөлін ойнаған шер Әлі өмірде фильмдегі кейіпкеріне мүлде ұқсамайтынын айтады. Қазіргі таңда Шер Әлі «Сырғалым» телесериалының екінші маусымына түсуде. Сондай-ақ, жаңа әндер жаздырып, жеке шығармашылықпен де қатар айналысып жүр. Қызу жұмыс үстінде жүрген Шер Әлінің де жеке өмірге уақыты болмай жүрген көрінеді. Шер Әлінің Әзірге көңіл жарастырып жүрген сүйіктісі жоқ. Алайда Шымкентте туып өскен актер егер сүйіп қалса, ауыолдың қызын да жар етуге дайынмын дейді.
Мұрат Мұтұрғанов – Қазақстанның танымал цирк әртісі, клоун. Мұрат 1984 жылы 24 сәуірдеАлматы қаласында туған. Әкесі әлемге белгілі клоун, цирк әртісі, фокусшы, режиссер Кәрім Мұтұрғанов.
Мұрат циркте 3 жасынан бастап өнер көрсетеді. 1990 жылы Веронеде өткен цирк өнерінің балалар фестивалінде әлемнің ең жас клоуны атанған болатын. Оның аты «ДИВО» рекордтар кітабына енгізілген. Мұрат болашақ жарыныуң анасы сияқты байсалды болуын қалайды.
Нұржан Керменбаев – «Superstar.kz-3» жобасының жеңімпазы, әнші. Ол 1989 жылы 17 ақпанда қарағанды облысының жезді ауылында дүниеге келген. «Қаланың сұлулары», «Қайдасың ғашығым», «Өмір-ай» секілді хитқа айналған әндерімен қыздардың жүргені жаулап жүрген әншінің осы уақытқа дейін махаббаттан жолы болмай жүр. Ол өзінің өнердегі жұптары Жанар мен Салтанатты ұзатты, алайда әзірге өзінің өмірлік жарын кездестіре алмай жүр. Нұржанның айтуынша, оның болашақ жары өте иманды, ибалы келін деген атқа лайық болуы керек.
«Миллион, миллион қыздар бар, Бірі шекер, бірі бал» деп жүрген танымал жігіттер неге отбасын құрмай жүр? Шынымен өмірлік жарларын таба алмай жүр ме, әлде үйленуден қорқа ма? Үйленсе өздеріне ғашық қыздардың көңілі қалып қалар деп де ойлайтын болар шоу-бизнестегі «жұлдыз» жігіттер. Сіз қалай ойлайсыз?