«Қыз Жібек» 500-ге келді

«Одиссей» не «Илиада» десе, грек халқының тарихы, жаугершілік замандардағы асқақ рухы елестесе, «Манас» арқылы жер жүзі тұрғындары қырғыз деген халықтың барын, олардың қандай өмір кешкенін білді. «Дәл осылай қазақты да күллі әлемге танытатын әдеби мұра табылмай қалды ма» деген сауал туындайды. Мәселен, қазақтың ұлт болып ұйысып, бір ту астында хандық құрған кезінен басталған тарихы, көшпелі өмір салты мен күллі дәстүрі толық суреттелетін «Қыз Жібек» осы орайда таптырмас туынды емес пе? Бірақ, өкінішке қарай, бізде осы күнге дейін аталған жыр тек опера мен бір ғана көркем фильмге арқау болумен шектелген.

2007 жылғы қарашада ЮНЕСКО өзінің кезекті сессиясында «Қыз Жібек» жырының 1508 жылы жазылғаны жайлы ғалымдардың дәлелін қабыл алып, аталған жырдың 500 жылдығын атап өтуге шешім шығарды. Алайда осы айтулы датаны мемлекеттік деңгейде тойлауға байланысты жіберілген ұсыныстар назардан тыс қалып, ресми қаулы қабылданбады. Елдігімізге сын болып отырған осы жайды кеше Ұлттық баспасөз клубында өткен бір жиын еске салды. Онда «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығына орай аталған жырдың толық нұсқасын жарыққа шығарғандығын жария етті. Бірлестікке Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік тапсырыс аясында тікелей қолдау көрсетіпті.

Осынау игі істің басы-қасында «Жерұйық» қоғамдық бірлестігімен қатар, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері Әбдімәлік Нысанбаев пен Сейіт Қасқабасовтардың жүргені де көңілге демеу болғандай.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ,  ҚР ҰҒА академигі, философия  ғылымының докторы, профессор,  жобаның кеңесшісі:
– Жағалбайлының атақты байы Базарбайдың Төлеген атты ұлы мен шекті Сырлыбайдың қызы Жібектің арасындағы махаббатты негізге ала отырып, қазақ ұлтының бастан кешірген қилы замандағы тарихын, ел болып өз алдына мемлекет құруын баяндайтын «Қыз Жібек» эпосы – тағылымы мол жыр. Біріншіден, ондағы басты үлгі етерлік тақырып ол – махаббат. Қазір біз құнын түсіріп алған осы бір аяулы сезімді енді «Қыз Жібек» сынды ғажайып туындылар арқылы қайта дәріптеп, солайша өмірімізді жандандыруымыз қажет. Себебі махаббат үстемдік еткен елде ғана керемет материалдық және рухани құндылықтар жасалады, адамдардың арасында жақсы қарым-қатынас орнап, ұлттық бірлік болады
.

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,  «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің  төрағасы, жоба жетекшісі және  идея авторы:
– Өткен жылдың басында біз Мәдениет және ақпарат министрлігіне «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығына қатысты атқарылуға тиісті бірқатар іс-шаралардың жобасын ұсынған болатынбыз. Министрлік тарапынан қолдау тапқандықтан, біз сол шараларды біртіндеп жүзеге асыруға кірістік. Соның ең үлкен бір парасы — міне, бүгін «Қыз Жібектің» ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Орталық Мемлекеттік киноқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатында сақталған 2,5 сағаттық толық нұсқасын дискіге басып шығарып отырғандығымыз.

Төрт бөлімнен тұратын, бас-аяғы 2,5 сағаттық «Қыз Жібек» жырының осынау алғашқы жинағына жыршы Мұхтар Өтебаевтың орындаған нұсқасы енгізіліп отыр. Ал мәтінін Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фарида Шәріпова оқиды. Сондай-ақ жырды құрастыруға елімізге белгілі музыка, дыбыс мамандары атсалысқан. Атап айтар болсақ, жинақты құрастырушы қобызшы Саян Ақмолда болса, музыкалық редакторы – Базаралы Мүптеков, ал дискінің мұқабасындағы суреттердің авторы – ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, еңбек сіңірген өнер қайраткері Ағымсалы Дүзелханов.

түйін
Жыр жинағы жарыққа шықты, өкініштісі — әзірге 1000 данамен ғана. Сондықтан ол сатылымға шығарылмай, тек әр облыстағы қажетті орындарға бір-екі данамен тегін таратылады. Ал ендігі мәселе – оны насихаттау. Осы ретте жоба авторы Болатбек Төлепберген «Қыз Жібек» жырының музыкалық-танымдық радиоспектаклін жасайтындықтарын айтты. Сондай-ақ «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге қазіргі кезде қандай мүмкіндіктеріміз бар?» деген тақырыпта таяу күндері осы Алматыда қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдардың және музыканттардың қатысуымен республикалық деңгейде дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастырмақ. Бұл – әрине, көңіл қуантарлық жағдай. Дей тұрғанмен, «Қыз Жібектің» 500 жылдық мерейтойына қатысты іс-шараларды атқару жалғыз «Жерұйық» сынды қоғамдық ұйымдардың еншісіндегі іс емес қой, ендеше, оны өз дәрежесінде атап өтуге тиісті орындар неліктен қаулы қабылдамай отыр? Әлде оған кезінде «Манасты» қудалаудан құтқарып қалған Мұхтар Әуезовтей және оны әлемдік деңгейге шығарған Шыңғыс Айтматовтай алып тұлғалар табылмай отыр ма?..

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста