Қытайдағы Қазақ радиосының ауқымы кең
Әлемде 16 млн қазақ бар десек, соның 6 миллионы шетелдерде тұрады. Ал көршілес Қытайда соңғы дерек бойынша 1,5 миллиондай қандасымыз бар екен. Өзге елде жүріп-ақ «қазақ» атын шығарып, еңбек етіп жүрген бауырларымыз қаншама. Солардың бірі – 40 жылдан бері Шыңжаңдағы Қазақ радиосының әуе толқыны арқылы әлем жұртшылығына әдемі үнімен хабар таратып келе жатқан әйгілі диктор Жібек Базарбайқызы. Дикторлық өнерді зерттеп, сабақ беріп жүрген апайымыз сан жылғы еңбегін тоғыстырып, кітап етіп шығару мақсатымен Алматыға келген екен. Ата-бабасының туған топырағына келген қазақ қызын әңгімеге тартуды жөн көрдік.
– Қазақ еліне кітабыңызды шығару үшін келген екенсіз. Дикторлық мамандығын зерттеуіңізге не себеп болды?
– Біз өзіміздің мамандығымызды «дыбысты тілмен бейнелеу» дейміз. Қазақ тілінің дикторлықтағы маңызын зерттеумен шұғылдандым. Бұл кітаптың бір бөлімінде тіл ғылымы мен дикторлықтың байланысын қарастырдым. Көптеген адам ана тіліне жетік болмаса, үндестік заңын (сингармонизм) түсіне бермейді. Жақсы нормаға түскен өлшемді сөйлей алмайды. Сондықтан біз қазақ тілінің үндестік заңын, фонетикасын, сөйлем құраудың логикалық байланыстарын жете түсінуіміз керек. Дикторлық та – мамандық. Өзіңнің сөйлеп тұрған мәтініңді тыңдарманға қалай таза тілмен жеткізу керектігіне ыждаһаттықпен мұқият ой жүгірту керек. Адам баласы сұлу келбетті, сұлу табиғатты, сұлу жырды жақсы көреді. Сол сияқты сіз әдемі даусыңызбен жанды тебірентіп оқып отырсаңыз, тыңдарман сүйіп тыңдайды. Әдемі дауыспен бірге қазақтың саф тілімен сөйлейтін шеберлік болуы керек.
– Бір бөлімі ғана дикторлыққа арналған деп қалдыңыз. Қалған бөлімдерінде не туралы жазған едіңіз?
– Екінші бөлім қазақтың этнографиясына қатысты. 1500 жылы шыққан «Шипагерлік баян» деген медицина ғылымына қатысты Өтейбойдақ деген бабамыздың кітабы бар екен. Бір медицинаны негіз етіп, түрлі ғылымды зерттеген. 500 жыл бойы ұрпақтары тығып тастап, 1994 жылы үкіметке тапсырған. Қалың кітапты төрт қайтара оқыдым. Сол кітап жөніндегі зерттеулерім жазылған. Үшінші бөлімге Үрімжідегі Гоминдан түрмесінде жеті жыл жатқан өте талантты ақын Таңжарық Жолдыұлының шығармашылығын арқау еттім. Таңжарық Қойдыммен, Нұриләмен, Баймағамбетпен айтысқан әрі жазба, әрі айтыс ақыны болған. Дикторлықпен қатар журналистиканы да алып жүргендіктен, түрлі өнер адамдарымен жүргізген сұхбаттарым да осы кітапқа енбек.
– Дикторлардан кімдерді үлгі тұттыңыз?
– 1972 жылы орталау мектепті бітіргеннен кейін дикторлыққа кірістім. Белгілі біреуден сабақ алған жоқпыз. Алдымыздағы Мұратбек Есебаев, Хайникамал, Гүлайша деген дикторларды естіп, үлгі алдық. Өз басым, негізінен, Алматы радиосын тыңдап, Қазақстан дикторларынан көп нәрсені үйрендім. Мен сөздің оқылу мәселесіне көп көңіл бөлдім. Әсіресе Сауық Жақановаға еліктедім. Әнуарбек Байжанбаев сынды дикторлар қазір жоқ. Ол буын – ана тілінің уызына жарыған, сауатты адамдар. Қазір қазақ радиосын тыңдап отырсам, жастардың көбі сингармонизм заңын біліңкіремейтін сияқты. Сауық, Әнуарбектердің өресіндегідей дикторларды ести алмадым. Бәлкім, мен дұрыс тыңдамай, мән бермеген шығармын. Ал телевизия саласында жақсы сөйлеп, жақсы жүргізетін дикторлар бар екенін көріп, қуандым.
– Дәрістеріңізді қайда оқисыз?
– Қытайдың Радиотелевизия институтында дикторлыққа тәрбиелейтін бір қазақ сыныбы бар. Сонда көп жылдан бері сабақ беремін.
– Шыңжаңдағы қазақ радиосының ауқымы қандай?
– Радиомыз спутниктік желімен әлемге тарайды. Астана мен Алматыда тыңдалады. Қырық шақты қызметкер жұмыс істейді. 2000 жылдың басынан бастап эфирге 18 сағаттан шығамыз. Хабарларымыз көбіне тікелей тарайды. Аудан, ауылдарға барып, жетістіктерін, жаңалықтарын журналистер берер болса, сол әңгіме төте таратыла береді. Мемлекет жылына 13 млрд юань бөледі. Шыңжаң басшылығы да қосымша қаражат береді.
– Қазақстандық мерзімді басылымдарды оқып тұрасыздар ма?
– Өзіміз алдыртып оқимыз. Бұрын Қазақ радиосына «Парасат» журналы барып тұратын еді. Қазір неге екенін білмедім, тоқтап қалды. Ал Қазақстанда шыққан кітаптар мен журнал-газеттерді алдыртып не келгенде сатып алып кетеміз.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз...
– Жолдасым Жармұхамет Шаяхметұлы Қазақ радиосының аға редакторы, журналист. Тұңғышым Надира – Шыңжаңдағы қазақ телевизиясының дикторы. Ұлым Тасқын – Қазақстанға келіп консерваторияда білім алған, симфониялық, ұлт-аспаптар оркестріне жазып жүрген жас композитор.