90-жылдары Германияда қалған қазақ танкисі Нартай туралы фильм Ресейде «Мариенплацтағы орыстар» деген атаумен көрсетіледі, - деп хабарлайды Alashainasy.kz «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап
Продюсері Гүлнар Сарсенованың айтуынша, Еуропада бұл картинаны жылы қабылдады.
Ресей көрермендерінің де көңілінен шығады деген үмітте.
Гүлнар Сәрсенова, продюсер: - Фильм бір жарым мың экранда көрсетіледі. Бұл Қазақстандағыдан 5 есе көп. Ресей көрермені оны асыға күтіп отыр. Комедия емес, адамды ойландыратын драма. Бұл мен түсірген патриоттық алғашқы фильм.
Яна Скопина түсірген «Жақында жаз бітеді» фильмінің желісі көп ұлттың өкілі тұратын ауланың тынысымен өрбиді.
Яна Скопина, режиссер: - Алғашқы қаражатты Қазақстаннан алдық. Ресей мәдениет министрлігі де қаржысын қосып, екі елдің бірлескен өнімі шықты. 90 жылдардағы бір баланың хикаясы желісімен түсірілген. Сол кезде барша жұрт Кашпировский, Чумакка құмар болатын. Бас кейіпкері де гипнозбен айналысқан. Кеңес Одағы ыдырауы алдындағы және кейіпкердің де балалық шағының соңғы жазы бейнеленеді.
Қазақстандық фильмдердің Ресейдегі тұсаукесері Мәскеу халықаралық кинофестиваль аясында өтті.
Нина Кочеляева, МХКФ іріктеу комиссиясының мүшесі: - Жас режиссерлердің шыға бастағаны қуантады. Олардың болашағы зор деп ойлаймын.
«Нартай» Ресейде прокатқа қыркүйек айының ортасында, ал «Жақында жаз бітеді» фильмі қазан айының соңында шығады. Кезінде жергілікті кинотеатрлар контентінің 80 процентін құраған Голливудтік фильмдер Ресейге сатылмайтын болды. Соның арқасында қазақ студияларының туындыларына бұл елдің экрандарына жол ашылды.