Қылқаламына құдірет дарыған...

Атыраудағы ең бойы ұзын адам Бақыт Салиевті жерлестері қылқалам шебері, суретші ретінде жақсы таниды. Тағдыры «мүгедек» деген суық сөзге теліп қойса да, өнер құдіреті алға жетелеп келе жатқан Бақыттың қол жеткізген жетістіктері аз емес. Облыс орталығында бірнеше рет көрмелері ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтетін республикалық байқаулардан да жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Өзі де, өнері де ертеңіне үмітпен қарайды.

Сурет салмасам, шаршап қаламын
– Бақыт бала кезінен тұйық болды. Көбіне өзімен-өзі болуды, оңашалықты қа­лай­тын, – дейді оның анасы Мәншүк. – Ұлым­ның бойындағы бұл өзгерістер менің жанымды ауыртты. Неге өзге балалардай асыр салып, ойнап-күлмейді, неге қуаныш­тың өзінде жайбарақаттылық танытады? – деп көп ойланатынмын. Ұлым он жасқа толғаннан кейін естуінде мүкіс барын бай­қа­дым. Бақыт ата-енемнің қолында, үлкен шаңырақта тұрды, біз енші алып, бөлек отау болып шықтық. Оны өзімізбен бірге алып кетуге бар ықылас-ниеттері осы бала­ның үстінде болып отырған ата-енемнің көңілдерін қимадым. Ал 14 жасқа кел­ге­нінде ата-әжесі бірінен соң бірі қайтыс бол­ды. Енді ер жетіп, өмірді танып келе жатқан жасөспірім кезінде дүниедегі ең аяулы адамдарынан айырылуы ұлыма үл­кен соққы болды. Бұрыннан мінезі ауыр бала енді тіпті өзгеріп кетті. «Сенің таба­ныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін аналық жүрегім аса қиын күндерді бас­тан кешіп жатты. Сөйтіп жүргенде, Бақыт­тың өзін ауыр сезініп жүргенін бай­қап, дәрігерге апардым. Ақ халат­тылардың «балаңның миында ісік бар» деген сөздерін естігендегі менің күйімді ешбір ананың басына бермесін! Сүргін басталды да кетті, анализдер тапсыру, сан түрлі атаудағы дәрі қабылдау, томографияға түсу... Орта мек­теп­тің 9-сыныбында тып-тыныш оқып жүр­ген ұлым Алматыдағы ауруханадан бір-ақ шықты. Ота жасалды. Құдайға мың да бір тәуба, ота сәтті шығып, үш ай ем алғаннан кейін Бақыт ортамызға оралды. Дәрігерлер «артық қимылдауға, тіпті еңкеюге болмайды» деген соң, 10-11 сынып­тар­ды үйден оқыды. Қайдан оқыса да, мен үшін баламның амандығынан бас­қа еште­ңе де керек емес еді. Бұрыннан да көп адам­мен араласа қоймайтын Бақыт отадан кейін тіпті тұйықталып кетті. Бала кезінен суретке деген ерекше қызығу­шы­лы­ғының бар екенін байқайтынмын. Тек күні-түні сурет сала беретін болды. «Балам-ау, шар­ша­дың ғой, демалсаңшы», – десем, «Мама, мен, керісінше, сурет салмасам, шаршап қала­мын», – деп жауап қататын. Өзі үш бөл­мелі, Кеңестер Одағы кезінде салынған шағын пәтеріміз бояудың неше түрі мен сурет салынған қағаздарға толып кетті. Баламның ынтасын, талабын қайтар­майын деп, ешқандай қарсылық көрсет­пе­дім, қай­та қолдап, суреттеріне пікірімді айтып қоя­тынмын. Кейін, ешқайда шық­пай­тын, көп ешкімді көрмейтін ұлымның жанына қуықтай пәтердің тарлық ететінін сездім де, оны белгілі суретші Әбілқайыр Жанта­сов­пен таныстырдым. Мұндағы ойым – кәсіби білімі жоқ, бақтың орнына Тәңір титімдей талант қана берген ұлым­ның талабын шың­дау еді. Тағдырын «мүге­дек» деген жан­ға ауыр тиетін жалғыз ауыз сөзбен бай­ла­ныс­тырған Бақытымның қиын­дыққа мойы­май, өз ісінен рақат алға­нын, қолы­нан бір нәрсе келетінін сезінгенін қаладым.
«Арман қанатында» алдына жан салмады
Мына жалған дүниедегі пенде атаулының маңдайына жазылған сынның бірі адамның өзін-өзі іздеуі, өзін-өзі тануы болса керек. Мені қуантқаны, кейіпкерімнің өзін-өзі іздеуге талпынуы еді. Дүниенің құны бір тиын болып, тағдыры мүгедек деген үкім шығарған күннің өзінде ол осалдық танытпады, қайта қатал тағдыр­дың жүзіне қайтпас қайсар­лық­пен қарай білді. Және соған күш таба білді. Ал ол күшті Бақытқа қара қарын­даш­ пен ақ парақтың бетіне түскен, аяқ-қолы сау адамдардың кейбірі ұғып, кейбірінің санасы да жетпейтін сырлы да сиқырлы сурет­тер берді. Қатар-құрбысы сауық-сай­ран құрып, алтын уақыттарын арзан думан­ға айырбастап жүргенінде ол шағын ғана пәтердің бір бұрышында өз ойы мен арман-аңсарын ақ парақтың бетіне түсі­румен болды. Өнерге деген шексіз құш­тарлық, қайтсем де осы сиқырдың сырын білемін деген ынтызарлық оны Х.Дос­мұ­хамедов атындағы Атырау мемле­кет­тік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» мамандығы бойынша оқытатын бөліміне әкелді. Осы оқу орнында төрт жыл сырттай білім алған Бақыттың жаңа тыны­сы ашылды. Енді ол бұрынғыдай үйге тығылып алып, қағаз бетін шимайлаудан да басқа тірлік бар екенін және ең бастысы, өзінің қоғамға керек екенін ұғынды. Өзін түсінетін, кез келген жағдайда қолдау таны­татын жақсы адамдардың барына көз жеткізді. 2006 жылы облыстағы «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігіне мүше болып қабылданды. Мұнда да бірлестік басшысы Күлбаршын Нұржігітова Бақытты ерекше ықыласпен қарсы алды. Өзіне артылған осынша сенімді бағалаған Бақыт облыста өтетін мәдени шараларға, көрмелер мен жәрмеңкелерге белсенділікпен қатыса бастады. Астанада мүмкіндігі шектеулі бала­лар арасында өткен «Арман қана­тында» атты халықаралық фестивальден 1-орын­ды жеңіп алды. Бақыттың майлы бояумен салған суреті әлемнің әр бұры­шынан келген балалардың туын­ды­лары­ның ішінде үздік деп танылды. Бұл сапар жас суретшіге қанат бітірді. Енді ол бірінен-бірі өткен әдемі суреттерін тек қағазға ғана емес, ақ матаға, холстқа салудың да қыр-сырын үйренуге ден қойды. Атыраудағы болашағынан үміт күттірер жас дарынның ерекше қабілеті туралы «Хабар» арнасы «Өмірге құштарлық» атты деректі фильм түсірді.
Суретші Бақыт Салиев – Атыраудағы ең бойы ұзын адам. Қазір оның бойы 2 м 08 см-ге жетеді. «Бұл өзгеріс оған ота жасал­ғаннан кейін пайда болды. Ал аяқкиімінің өлшемі – 52, сондықтан да қажетті аяқ­киім­дерді шетелден арнайы тапсырыспен алдырамыз», – дейді анасы Мәншүк.
«Алаңсыз шығармашылықпен айна­лы­су үшін қазіргі күні маған ең қажеті – бір шеберхана. Оны сатып алуға шамам жет­пейтінін білемін, үй кезегінде тұрғаным ғана үміттендіреді», – дейді Бақыттың өзі. Қабілет-қарымы ешкімнен кем болмаса да, қаржының аздығынан жақында ғана Астанада өткізілген көрмеге бара алмаған Бақыт жақсы күндерден күдерін үзбейді. Өмір жолында жақсы жандардың жолық­қанына да шүкірлік етеді. Ал «суреттеріңді сатасың ба?» деген сауалымызға Бақыт: «Арнайы шығарып сатпаймын, көрмелер мен жәрмеңкелерде ұнатқандар алып жатады. Бір суретім Атырау бизнес және құқық колледжінің акт залында тұр, Нұрлы Әйтиева сатып алып еді. Тағы бір карти­на­ның «Назгүл» шұбатханасына әр беріп тұр­ғаны қуантады. Ал Бауыржан Момыш­ұлы­ның портретін белгілі кәсіпкер Төкен Жұ­ма­ғұлов сатып алды», – деп жауап бер­ді.
«Неге қазақ қытайдың картиналарын төріне ілуі керек?», – дейді тағы да Бақыт. Шынымен де, үкілі домбыра тұратын үйіміз­дің төрін қытайдың сапасыз суретіне босатып бергенше, Бақыт секілді отандық қылқалам шеберлерінің шығармаларына назар аударсақ, қандай жақсы болар еді?!. Болмысы бекзат Бақыттың әр туындысы әр қазақтың төрінде тұруға әбден лайық.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста