Мұхтар Құл-МҰХАММЕД, Қазақстан Республикасының мәдениет министрі:
– Құрметті Тұрсынғазы Жантұяқұлы!
Сізді және Сіз арқылы бүкіл аудан жұртшылығын «билердің биі» Әнет Кішікұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын!
Біздің халқымыздың тарихында Әнет бабаның алатын орны орасан зор. Оны біз алғашқы Қазақ мемлекетін құрудағы толағай тұлғалардың бірі ретінде ерекше құрмет тұтамыз. Сол замандарда Әз-Тәукенің бас кеңесшісі болған бабаның әйгілі «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқаны да тарихи деректер арқылы жақсы мәлім. Бабаның халқымыздың рухани өмірін байытуға қосқан үлесі де айрықша үлкен. Атақты Бұхар-Шариф медресесінде білім алып, ғұлама атанған ол исламның қағидаттарына, шариғаттың ережелеріне өте жүйрік болуымен бірге, сол ілімін жұртына үнемі жеткізіп отырған. Бабаны үш жүздің бас билері Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің ұстаз тұтып, батасын алуы бекер емес. Бойындағы ерекше қасиеті мен қабілеті арқасында ол билердің биі атанған. Ғасырға жуық жасаған бабаның артында қалған өнегелі сөздері көп. Олардың дені бүгін де өзінің құнын жоя қойған жоқ. Соның ішінде оның «өзімді өзім іздеп жүрмін» деген сөзінің астары әрбір адам баласының санасына сәуле салары анық.
Ұлы Абайдың атындағы аудан жұртшылығының осындай даңқты бабамыздың аруағын қастерлеп, атын асқақтата түсу мақсатында жасап отырған бұл шарасын қуана қолдаймын. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойы қарсаңында ашылып отырған баба ескерткішінің өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге қосатын үлесі зор деп білемін.
Баршаңызды Әнет бабаның аруағы қолдап жүрсін, абайлық ағайын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, академик, ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры:
– Ардақты ағайын!
Үш жүзге аты аян ұлы Әнет баба ескерткішінің ашылу салтанатына шақыруларыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым.
Әз-Тәуке ханның ардақты ақылшысы, «Жеті жарғы» дала заңының іргетасын қалаушы, даңқты Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ұлағатты ұстазы атанған Әнет баба есімі иісі қазаққа кең тараған.
Оның өнегелі өмірі, топ бастаған көсемдігі, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі, даналық сөздері – ұрпақтың болашақ жолына бағыт сілтер жарық жұлдыз. Оның есімін ұлықтап, өнегесін ұрпақ санасына сіңіру – біздің парызымыз.
Осы орайда ұлы бабаларының атын ардақтап, лайықты ескерткіш орнатып жатқан Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы бауырларымның бұл ісі – өте құптарлық еңбек.
Ардақты ағайын!
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бой көтерген Әнет баба ескерткішінің іргетасы мықты, тұлғасы тұғырлы болсын!
Әрдайым Абай елі халқын ұлы бабалар рухы демеп жүрсін!
Сұлтан САРТАЕВ, академик:
– Ардақты ағайын! Құрметті абайлық бауырлар!
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлылар мекені – Абай елінде көрнекті тұлға, атақты би, ғұлама ойшыл Әнет баба Кішікұлына ескерткіш ашылып, «Әнет баба» кітабының тұсаукесер рәсімінің өтуі – аса маңызды айтулы оқиға.
Бір ғасырға жуық өмір сүріп, халқына адал қызмет еткен тарихи тұлға, ел басқарудың тұңғыш заңдар жинағы – «Жеті жарғыны» дүниеге әкелген, ұлы билердің ұстазы Әнет бабаға ескерткіш орнату – ел тәуелсіздігінің жемісі. Бұл – тарихымызды толықтыруға, Әнет бабадай дананың ұрпақтарына қалдырған мұрасын жинақтауға қосылған айтарлықтай үлес. Өткенімізді таразылап, құрметтемей, бабаларымыздың ерлігін, кемеңгер билеріміздің көрегендігін білмей, болашаққа батыл қадам жасай алмаймыз. Өйткені олардың асыл мұралары, әділ шешімдері, ерен ерліктері елді бірлікке, ынтымаққа, өркениетке бастайды. Даналарымызды құрметтеу, ойшылдарымызды ардақтау бүгінгі ұрпақты Отанды сүюге, ұлттық салт-дәстүрді аялауға, парасатты, намысшыл, қажыр-қайратты болып өсуге тәрбиелейді.
«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай айтқандай, тәуелсіздік пен ел бірлігін аңсаған ұлы Әнет бабамыздың рухы бізбен бірге мәңгі жасай бермек.
Қорыта келе айтарым, өмірден өткен ұлы дана бабаларымыздың қалдырған даналық ойларын, ақыл-өсиеттерін келешек жастарға таратуды өздеріңізге мақсат етіп қойыңыздар.
Игілікті істерге ұйытқы болған Абай ауданы басшылығына алғыс айтамыз. Әнет бабаның рухы, ол кісінің даналық ойлары сіздерді ұлы жолға бастасын! Қуаныштарыңыз құтты болсын!
• Алғы сөз •
Ата-бабаларымыз еліміздің бостандығы жолында басын бәйгеге тігіп, ғасырлар бойы зарыға күткен Тәуелсіздік күніне ХХ ғасырдың аяғында бүгінгі ұрпақтың қолы жетіп отыр.
Тәуелсіздікті аңсау бар да, оны мәңгілік қолда ұстау бар.
Тәуелсіздіктің туын берік қолда ұстау ел бірлігіне байланысты. Елдің берекелі-бірлікшіл болуын армандаған халқымыз ел бастаған хандар мен сөз бастаған шешен билерді қол бастаған батырлармен тең санаған.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұмыт бола бастаған даналарымыздың, хандарымыздың, билеріміздің есімдерін елге қайта оралта бастадық. Бұл іске үлкен дем берген Елбасы Н.Назарбаевтың мәдени мұраларды бүгінгі халыққа, келешек ұрпаққа жеткізу туралы өне бойы айтып келе жатқан ой-өрістері бастау болды.
Ел іргесінің берік болуын, бірліктің тұтқасы ерлікті туғызатынын, әділдік, адалдыққа бас ию қараға да, ханға да берік ұстаным, бұзылмас заң екенін өз шәкірттері Төле, Қазыбек, Әйтекелерге аманат етіп кеткен Әнет бабаның өмірі жайында бірнеше аңыз, әңгіме-әпсаналар бар. Олар жөнінде осы «Әнет баба» атты жинақта біршама жинақталып берілген.
Алайда Әнет бабаның артында қалдырған мұрасын жинау жұмысы, менің ойымша, жаңа басталған сияқты. Ол келешекте тереңірек зерттеліп, жалғасын табуы керек. Әнет баба бастаған билердің қайраткерлік, қоғамдық істері жайында келешекте мұрағат қойнауы ақтарылып, әлденеше кандидаттық, докторлық диссертациялар жазыла жатар.
ҚҰҒА академигі С.Сартаевтың «Әнет баба» тарихи-танымдық кітабына жазған алғы сөзінен